«Көделі» көктеуіне де көктем келді
Мал төлдету науқаны басталған шақта бабаларымыздың «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген аталы сөздері ойға оралып, сол думанды сәтті көзбен көруге ынтыға түсеміз. Сондай сәт туып, «Көделі» көктеуінде мекен ететін ірілі-ұсақты шаруашылықтарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанбыз. Мұнда 32 шаруашылықтың шопандары даланы думанға бөлеп жүрген сыңайлы. Төскей төлге толуда. Біздің алғаш тоқтаған тұсымыз Серік Бейсебаев басшылық ететін «Атамекен» шаруа қожалығы. Үйір-үйір жылқы да, ірі, орта, кіші сақпан болып бөлек-бөлек жайылған, соңына қозы ерткен саулық та осында. Жазық даланың биіктеу тұсына тұрғызылған шопан үйі, қора-қопсысы алыстан менмұндалайды.
Келген шаруамызды айтқызбай-ақ ұққан шаруашылық жетекшісі Серік Бейсебаев: – Малшы қауымының әр күні қарбаласқа толы. Саулықтар 15 наурыздан жаппай төлдей бастады. Бүгінгі күнге 57 бас саулығымыз төлдеді. Оның он бір басы егіз туды. Бағымымызда 1150 бас қой бар. Оның 900 басы саулық. Негізінен біз қазақы қой өсірумен айналысамыз.
Субсидия алып, ісімізді алға жылжыттық. Жасырары жоқ, алғаш қой өсіруді 100 бас саулық сатып алудан бастадық. Көріп тұрсыз, Құдайға шүкір. Иелігімде 66 бас жылқы бар, оның 42 басы бие. Осы жылқыларымның тең жартысын сатып, қой басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Әрине, ол алдағы уақыттың еншісінде, – деді төңірекке көз тастап.
Атырап құлынын ерткен биелер, қозысын емізіп тұрған қойлармен жарасып тұрды. Жарасқаны сол, осы тірлікті жарастырып тұрған қой фермасының меңгерушісі Дархан Қазанғапов, шопандар Ақзат Қалыбай, Мұрат Хасжанұлына және шопан көмекшісі Асылхан Тұрдығұловтың еңбегіне риза болып кері қайттық.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




