Бәсеке бар жерде бақ жанады

Бәсеке бар жерде бақ жанады
ашық дереккөз
Бәсеке бар жерде бақ жанады
Ресейде рубльдің құны құлдырап, ол жақтан елімізге азық-түлік тауарларының ағылуына байланысты отандық өндірушілер өнім өткеруде елеулі қиындықтарды бастан кешіруде. Олар нарықтан ығыстырылып қалмау үшін бәсекеге қабілетті, бағасы қол жетімді және сапалы өнім өндірудің алуан жолдарын қарастыруда. Мемлекет қолдауына сүйеніп, нарықтағы өзінің бренді мен орнын сақтап қалу жолында үлкен ізденістерді жүзеге асырып жатқан кәсіпорынның бірі – Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі толық серіктестігі. Зауыт өзінің 80 жылға жуық тарихында бірнеше рет өркендеу мен құлдырауды, қайта құрылымдауды бастан кешірді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында экономикалық қиындықтарға байланысты қарызға белшесінен батып, жабылып қала жаздады. Іскер де ілкімді, жігерлі Дастан Айтөленов 2003 жылы басшы болып тағайындалған кезде кәсіпорынның 70 миллион теңге қарызы бар болатын. Тұрғындардан күнделікті 1,5 тонна сүт қабылданып, 35 адам жұмыс істейтін. Дастанның істі дұрыс ұйымдастыруы және көп ретте тәуекелге баруы нәтижесінде қордаланған қарыз 3,5 жылда еңсерілді. Қазір мұнда 160 адам жұмыс істейді. Жылына 8 мың тоннаға дейін сүт қабылданып, өңделеді. Сүт өнімдерінің 40-тан астам түрі шығарылады. Олардың дені Тараз қаласына, облыс аумағына және Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына жөнелтіледі. Мұнда қазірге дейін өндірістік құрал-жабдықтардың 70 пайыздан астамы жаңартылған. 2004 жылы ИСО-9001-2000 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізген. Өнім өндіру үшін басты шикізаттың бірі – сүт. Жеке тұрғындардан қабылданатын оның бағасы қымбат әрі сапасы төмен. Бұған қоса кейінгі кезде осындай кәсіпорындардың көптеп ашыла бастауына байланысты шикізат тапшылығы өткір сезілуде. Жұртшылық шикізатын кім көп төлесе соған өткізеді. Сондықтан да Дастан Айтөленов айналым қаржысын жасақтау үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мекемесі арқылы «Центр кредит» банкінен 115 миллион теңге несие алуға уағдаласқан. Екінші деңгейлі банктен 13 пайыздық өсіммен алынатын несиенің 7 пайызын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекет жауып береді. Әлбетте, бұл – кәсіпкер үшін үлкен көмек және қолдау. Оның 55 миллион теңгесіне шетелдерден заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар әкеліп орнатылады. Кәсіпорын соңғы 7 жылдан бері өндірісті қайта жарақтандыруға жылына 30 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап келеді. Серіктестік өткен жылы бұл мақсатқа 42 миллион теңге жұмсаған. Осыған дейін тұрғындардан қабылданған шикізаттың бір бөлігінің сапасы сын көтермейтін. Оған су, сода қосатын, қаймағын қалқып алатындар да табылатын. Сондықтан да оның сапасын анықтауда елеулі қиындықтарды бастан кешіріп келген еді. 2014 жылы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ықпалымен 8 сүт қабылдау кешенін сатып алған. Оның 3-еуін Құлан ауылында, 4-еуін Меркі ауылында және 1-еуін Шу қаласына орнатқан. Кешеннің артықшылығы көп. Мұнда жеке тұрғындардан қабылдап алған сүтті салқындатады, арнайы зертханасы мен шикізат салмағын өлшейтін құралы бар. Мұның өзі қабылданатын сүт сапасын едәуір арттыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз. Бұған қоса биыл олар сапаны жақсарту үшін 2 миллион теңгеге халықаралық стандартқа сәйкес екі зертхана сатып алған. Өнімді өндірушінің сатқаны өзіне де, тұтынушыға да тиімді. Мәселен, бүгінде еліміздегі тұтынушылардың ең сүйікті тағамына айналған Тетра Пактағы Меркінің айраны зауыттан шыққан кезде 155 теңгеден босатылады, ал ол дүкендерде 230-240 теңгеден сатылады. Мұның өзі өнімді көптеп өткеруге біршама кері әсерін тигізуде. Сондықтан да Дастан Тұрсынұлы Таразда және облыс аумағында өнімдерін өздері сату үшін салмағы 2,5 тонна екі рефрижератор сатып алған. Келешекте тағы екеуін сатып алу көзделуде. Биыл Тараздың халық көп шоғырланған тұстарында кәсіпорынның автодүкендері өз өнімдерін зауыттан босатылатын бағамен өткеретін болады. Мұның өзі өнім өткеру көлемін 20 пайызға дейін өсіреді. Тауарлардың өтімталдығын арттыру үшін олар кейінгі кезде 200-500 грамдық буып-түйілген қаптамадағы алуан сүт өнімдерін шығаруды қолға алған. Серіктестік күз және қыс айларында шикізат тапшылығын бастан кешіреді. Осы проблеманы еңсеру үшін олар «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автобанының бойында 150 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуді көздеуде. Облыстық және аудандық әкімдіктің қолдауымен және көмегімен халықаралық трасса бойынан 520 гектар жер алған. Оның құрылысы биыл қолға алынып, күзде пайдалануға беріледі. Мұның өзі қыс айларында шикізат тапшылығын еңсерумен қатар қабылданатын сүт көлемін 30 пайызға арттыруға қол жеткізеді деп күтілуде. Тауарлы сүт фермасында жаңадан 12 жұмыс орны ашылады. Жол бойында өнім сататын дүкен салынады. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ауыл шаруашылығына үлкен қаржылай қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өндірген өніміміздің көптеген түрі субсидиялануда. «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы сатып алатын шикізатты терең өңдейтін құрал-жабдықтарымыздың жартысының құны субсидияланатын болады. Әлбетте, бұл – өндірушілер үшін үлкен көмек, – дейді «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі толық серіктестігінің директоры Дастан Айтөленов. Өркениетті елдерде өндіріс орындарының дені қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді. Еуропада сүт өңдейтін зауыттардың кәрізге құйылатын сұйық қалдықтары сүзіліп, жаңа өнімдер шығарылады. Олар да таяуда осындай жаңа жобаны қолға алмақ. Сұйық затты сүзіп, одан тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие ұлттық тағамдарымыз – құрт, ірімшік шығарылатын болады. Мұның өзі зауытқа қосымша 10-15 миллион теңге табыс әкеледі. Бірнеше жаңа жұмыс орындары құрылады. Үздіксіз ізденістер нәтижесінде серіктестікте өткен жылы 700 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – 2013 жылғыдан 30 пайызға артық. Рентабельділік 20 пайызды құраған. Кәсіпорын басшылығы аудандық әкімдіктен жұмыс орнын қысқартпау және сақтап қалу туралы меморандумға қол қойған. Дастан Айтөленов жұмыс орындарын сақтап қалатынына толық сенімді. Тіпті, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуына байланысты мұнда жыл соңына дейін 15 жұмыс орны құрылады. Өндіріс тұтқасы – қашан да білікті мамандар. Зауыт заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылуына байланысты мамандардың бір тобы жыл сайын біліктілігін жетілдіру және тәжірибе алмасу үшін Ресейдің Углич қаласындағы институтында оқып келеді. Болгариядан мамандар шақырып, мамандарды үйрету игі дәстүрге айналған. Сондай-ақ, олар сүт өңдейтін зауыттардың тәжірибесі жазылатын салалық басылымдарды алып, тұрақты оқып отырады. Тұрақты жоғары өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша шараларға жиі қатысып жүрген серіктестік облысымыздағы «Қазақстанның үздік тауары», республикадағы «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына тұрақты қатысып, ұдайы жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар