Қабырғаны қайыстырған қасірет

Қабырғаны қайыстырған қасірет
ашық дереккөз
Қабырғаны қайыстырған қасірет
бір отбасынан 7 азаматты жалмаған соғысты басқаша айту мүмкін емес Қазақ халқының басынан қилы-қилы замандар өтті. Тағдыр тәлкегі аз азапқа салмады. Қуғын-сүргінді, ашаршылықты басынан өткізіп, енді-енді бой түзей бастағанда, талайдың отбасын ойран еткен Ұлы Отан соғысы басталды. Бәрі өткеннің үлесінде. Олардың салып кеткен зобалаң іздері санамызда сайрап тұр. Жеке бір тұлғаның, жеке отбасының немесе жеке бір әулеттің жүріп өткен жолы, тағдыры кейінгі кезде жиі жазылып жүр. Оны дәріптеп кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – әрбір азаматтың борышы.

Елімізде соғыстың зардабын тартпаған бірде-бір отбасы жоқ шығар. Ағайынды екі кісі 1941-42 жылдары бес бірдей балаларын соғысқа аттандырады. Солтыбайдан – Бейсек, Бейсенбек. Қыдырбайдан – Есмахан, Нұрмахан, Сейітмахан. Өздерінен тараған еркек кіндіктілерден ешкім қалмаған соң, әлдеқалай балалар опат болып кетсе әулеттің тағдыры не болмақ деп қайғырған екі шалдың жан күйзелісін әжелеріміз Хатша мен Айзададан талай естіп едік. Алғашқыда балалардан хат келіп тұрады. Соғыстың жан алысып, жан берісіп жатқан шағында біраз уақыт хабар болмай кетеді. Сонда екі шал Күлзира әпкемізге хат жазғызады. (Күлзира – Солтыбайдың қызы.) Балалар ойлайды ма екі шалды, Екі шал қинап жүр ғой кәріп жанды. Егерде тағдыр жетіп болсақ қаза, Кетеміз кімге тастап жиған малды. Әрине, бұл жиған-тергеніміз талан-таражға түседі деп абыржығандық емес, оларды мұңға батырған әулеттің болашағы болса керек. Бейсек – ауыл шаруашылық техникумын, ал Сейітмахан – Шымкенттегі екі жылдық пединститутты бітірген.Алғашқылардың қатарында Бейсенбек пен Сейітмахан шақырылғанда, Бейсек ағаларымнан қалмаймын деп, кеткен көрінеді.Сол кезде он үш жастағы Күлзира әпке: Тырнағын да қимайтын есіл көкем, Кетті ғой өзі сұрап ерлігінен. Бір өлім ертелі-кеш деген шығар, Анадан батыр туған қайран көкем. Көзіме елестейді ақ маңдайы, Ақ көңіл мейірімді ақша жүзі. Батысқа кетіп барамын деген хаты, Тұрды ғой көп жылдар қолымызда. Бұл кісінің біраз өлеңдер топтамасы облыс қыз-келіншектерінің жинағы – «Алтын бесік» кітабына енген. Ол кісінің айтқандары Солтыбайұлы Бейсембектің баласы Еркінбекке тастап кеткен қолжазбасында көрініс тауыпты. Еркінбек Солтыбаев кезінде Сарысу, Жуалы аудандарын басқарған. Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Облыстық мәслихаттың қатарынан үш шақырылымының депутаты және оның тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған. Бұл кісінің ел басқарудағы іскерлігі, адалдығы, қарапайымдылығы баспасөз беттерінде талай жазылды. Бейсенбек Самарқанд қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткен соң 1942 жылы Батыс майданның құрамында соғысқа кіреді. Ржев қаласын азат ету шайқасына қатысады. Бөлімше құрамында талай қиын тапсырмаларды орындауда өліммен бетпе-бет келген сәттері аз болмайды. Осындай бір жауынгерлік шайқаста жағынан ауыр жараланып, алғашында – дала, кейін Мәскеу мен Киров әскери госпиталында жатып емделеді. Өмір мен өлім беттескен ауыр кезеңдердің өзінде Алланың адамдарға сыйлайтын қуанышты сәттері де болады екен. Бейсенбек ағасы Нұрмаханмен осы Киров госпиталында кездеседі. Нұрмахан да жағынан ауыр жараланған. Құтқарушылар соғыс даласынан Нұрмаханды зембілге салып әкетіп бара жатқанын көріп қалған Сүгірбек жүгіріп келіп: – Нұрмахан, шыда сен өлмейсің. Кескілескен ауыр шайқас болып жатыр. Біздің тағдыр не болары белгісіз. Ауылға қайтып аман барсаң, ағайын-жұртқа сәлем айтарсың, – деп қоштасады. (Сүгірбек – Жетпіс Көпбаевтың атасы.) Жетпістің айтуынша, бұл отбасынан жеті бірдей кісі соғыстан қайтпай қалады. Қандай қасірет! ( Жетпіс Көпбаев – Жуалы ауданының Құрметті азаматы) Нұрмахан госпитальда жатып, ауылдағы ағайынға хат жазады. Хат жаздым қалам алып ағайынға Сұраққа жауап таппай налығанда Қос баба қолың жайып бергің бата Сарғайып госпитальда жатқанымда Жүрсіз бе аман-есен Хатша жеңге, Алланың көрсеткенін көреді пенде. Жүріңіз амандықты сырттан тілеп, Шамаңыз басқа келеді, неменеге. Жоғарыда жазылған екі шалдың хатына жазған жауап хатын ол осылай аяқтапты.(Нұрмаханұлы Айтмаханның қолжазбасынан алынды ) «Соғыстың ауыр кезеңдерін өткеріп жатырмыз, Алла жазса жеңіспен оралармыз» Бейсектің соңғы үш бұрышты хатында осылай жазылған. «Полевая почта № 57233-6» 29 05 43.Осы хаттан кейін көп уақыт өтпей-ақ, Бейсек пен Сейітмахан ерлікпен қаза тапты деген қаралы қағаз келеді. Дегенмен екі шал Бейсенбек пен Нұрмаханның аман келгенін дәтке қуат етеді. Енді соғыс даласында Есмахан қалады. 1942 жылы 19 желтоқсанда жарақаттанып, госпитальда емделіп, қайтадан соғысқа аттанады. Госпитальда жатқан кез болуы керек. Соғысқа бірге барып, кейіннен ажырап қалған ағайындары Есенбай, Сүгірбек, Сапарларды есіне алып, ауылға жазған хатында : Есенбай Сүгірбекпен қатар еді, Олармен Сапар бірге қалған еді. Сол үшеуі көзіме бір көрінсе, Құшақтап мауқымды бір басар едім, – депті. Қанмен тараған ата-бабаның асыл қасиеттері ұрпақтарына дарыған сияқты. Жарықтықтар қиын-қыстау кезеңдерде де ойларын өлеңмен жеткізуді әдетке айналдырған. Бейсек пен Сейітмаханның соғыстың ауыр кезеңдерін бастарынан өткеріп жатқанын айтып, соңын әдеттерінше өлеңдетіп жазған алғашқы хаттарының, өкінішке орай сыртқы қабынан басқасы сақталмай қалыпты. Әкем Есмаханның көрсеткен ерлігі ғаламтордың «Podvignaroda mil.ru.» сайтында тайға таңба басқандай етіп жазылыпты. Соғыс кезінде басқа ұлттың өкілдерінің ерліктері ерекшеленбесе, онша ескеріле бермеген. Яғни бұл марапаттауды үлкен ерліктің нәтижесі деп түсінген жөн. Батыстағы соғыс біте сала жапондар соғысына аттанады. Әкем Есмахан ағайын інісі Есенбекпен әңгімесінде біз жапондарды қуумен, олар қашумен болды дегені есімде. Яғни жапондар айтарлықтай қарсылық көрсете алмапты. Есмахан соғысқа кеткенде шешем Әлпештің қасында қызы Ұлтай, баласы Болатбек қалады. Әкем жапондармен соғысып жүргенде соғыстан ерте келген Асқар Жұмабаев деген ойықтың жігіті әпкем Ұлтайды алып қашып кетіпті. Соғыстан келген әкем қызын іздеп барып, күйеу баласына, құдасы Рысқадірге көңілі толып, риза болып келгенін айтып отыратын. Әсіресе, құдасы Рысқадір туралы өте жақсы пікірлер айтып отырушы еді. Қара қылды қақ жарып шындықты айтатын әділдігін, жақынын жақтаймын деп әділдіктен таймағанын тілге тиек ететін. Осының бәрін жазып отырған мақсатым – кейбір азаматтардың ерліктері, үлгі болар іс-әрекеттері ескерілмей калмаса екен дедім. Ғаламтор сайтында Асқар Жұмабаевтың соғыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі ерекше көрсетілген. Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің авторы Әділет Жұмабай осы Асқардың кенже ұлы. Адамдар жылап туады, жұрт жатады жұбатып. Және жылап өтеді, өзгені де жылатып,.. – деп ақын Қадір Мырза-әлі жырлағандай, халқына берері көп Әділет ойда жоқта 16 желтоқсанда,Тәуелсіздік күні осылай өмірден озды. Ол туралы ақпарат беттерінде жазылды. Халқына берері көп азаматтардың өмірден ерте кеткендері өкінішті! Осындай азаматтардың бірі – Жарқынбек Бейсенбекұлы. Ауылдық Кеңестің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезіндегі атқарған игі істерін, ауылдастары жиі-жиі еске алып отырады. Әсіресе, ел ішіндегі дау-дамайларды асқындырмай дер кезінде шешіп тастаушы еді. Ауылдың өркендеп өсуіне үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі болатын. Жалындап тұрған шағында өмірден озды. Соғыс бітті, уақыт емші. Ел-жұрт еңбекке араласып, соғыстың зардабын ұмыта бастады. Соғыстан аман келген ағайындылар қызу еңбекке араласып, абыройлы еңбек етеді. Ұсақ колхоздар біріктіріліп, үлкен ұжымдарға айналды. Осы екі шалдың, тағы да басқа рулас ағайындардың ұрпақтары, қазір Күреңбел ауылдық округінде еңбек етіп, тұрып жатыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Чапаев атындағы колхоз болып аталатын. Бұл ұжымды уақтысында әртүрлі кісілер басқарды. Ауылда Мәдениет үйі, мектеп, балабақша, аурухана, спорт алаңдары салынып, ауыл көшелері асфальтталып, халықтың әл-ауқаты көтеріліп өркендеді. Осы кезеңде ұжымды Қуат Асабаев, партия ұйымын Құттыбай Есенбеков басқарды. Ауылдық Кеңестің төрағасы Жарқынбек Бейсенбеков, бас инженер Сағынбек Байтөреев, бас мал дәрігері Жетпіс Көпбаев, бас есепші Мекемтас Нағашбеков бас зоотехник Кемелбек Дәуренов сияқты іскер мамандар елге адал қызмет етті. Бұл кісілердің игі істерін олардың ұрпақтары жалғастырып келеді.Бізге бастауыш сыныпта білім берген, соғыста бір аяғынан айырылып қайтқан Мейірхан Елубаев және Алдаберген деген ұстаздар болды. Мейірхан ағаның ұлы Расылхан озат механизатор болып, еңбегі аудан, облыс денгейінде марапатталды. Алдаберген ағаның ұлы Нұрмолда осы Күреңбел ауылдық округінің қазіргі әкімі. Аталар жүріп өткен өмір, олардың айтқан өсиеттері ұрпақтарын ақырын жүріп, анық басуға, адал еңбек етуге үйретті. Жатпен алыс-берісте араларыңда бір қара артық жүрсін, ол – ынтымақ пен берекенің кепілі дейтін. Жарықтықтар зердесі барларға ой салайық деген болуы керек. Әрине, біз оны қаншалықты бойымызға сіңіре алдық, оған сыншы халық. Соғыстан кейінгі жылдары соғыс ардагерлері Жеңістің медальдарымен, ордендерімен марапатталыпты. Есмахан мен Нұрмахан осындай марапаттан тыс қалған. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауылдағы соғыс ардагерлеріне қойылған ескерткіште осы екі кісінің есімдері жазылмай қалыпты. Байқаусызда болған кемшілік деп түсініп, оны түзетуді ауылды басқарып жүрген азаматтардың еншісіне қалдырдық.

Қанатбек Есмаханов.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар