«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үздік салық төлеушілер марапатталды

Үздік салық төлеушілер марапатталды
ашық дереккөз
Үздік салық төлеушілер марапатталды

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында «Үздік салық төлеуші» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Асқар Тынысбеков пен салық төлеуде жоғары көрсеткіш көрсеткен кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды ашу үшін алғашқы сөз департамент басшысы Асқар Тынысбековке берілді. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында әлемді жайлаған дағдарысқа байланысты Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүргізу моделі ұсынылды. Сөйтіп облыста мемлекеттік кірістер департаменті құрылып, ол өткен жылдың қараша айынан бері кеден ісі бойынша бақылау, салық төлемдерінің уақтылы әрі өз деңгейінде жүргізілуін қадағалау, экономикалық және қаржылық қылмыстардың жолын кесу сынды функционалды міндеттері бойынша жұмыс істеп келеді. Биыл да салық заңнамаларына өзгерістер енгізіліп, салық жинаудың жаңа тәртіптері бекітілді. Осы және өзге де енгізілген өзгерістер бизнестің дамуына да өз септігін тигізері сөзсіз. Салық түсімдері бізде жыл сайын артып келеді. Егер соңғы бес жылдағы республикалық көрсеткішті алып қарайтын болсақ салықтың жиналуы біздің облыста екі есеге өскен. Мәселен, 2009 жылы облыстық бюджетке 21,5 миллиард теңге салықтық түсімдер түскен болса, 2014 жылы 64 миллиард теңге салық түскен. Ал, 2013 жылға қарағанда 2014 жылы 1 миллиард теңгеге жуық салық артық түсіп отыр. Әрине, бұл көрсеткіште кәсіпкерлердің үлесі өте көп. Сондықтан бұрын министрлік деңгейінде ғана өткізіліп келген «Үздік салық төлеуші» атағына лауреаттарды марапаттау шарасы биыл бірінші рет облыстық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұл біріншіден, салық төлеушілерге деген құрмет, екіншіден өзге салық төлеушілерге үлгі болсын деген мақсат. Бүгінгі марапатталғалы отырған бизнес өкілдері өздерінің мемлекет алдындағы салық төлеу парызын адалдықпен, үлкен азаматтықпен өтеп шықты, – деді А.Тынысбеков. Өз кезегінде Бекболат Орынбеков те Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен еліміздегі кәсіпкерлік саланы қолдап, қуаттау үшін әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тәжірибесі сарапталып, елімізде тың жобалар мен жаңа бағдарламалардың іске асып жатқанын айтып өтті. – Қазіргі таңда бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Президентіміздің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саланы дамытуға қатысты Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға берілген тапсырмалардың талап етілуі бұған дәлел бола алады. Өткен жылы қайта құрылған мемлекеттік кірістер комитеті ел кәсіпкерлерінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосу үшін ашылып отыр деп ойлаймын. Көлеңкелі бизнесті тамырлатпай, керісінше өз ісін заң талаптарына сәйкес, бәсекеге қабілетті салық төлеушілерге қолдау-көмегін бастап кетті, – деді Б.Орынбеков. Бұдан кейін үздіктерді марапаттау рәсімі де келіп жетті. Облыстың әр өңірінен келген кәсіпкерлер 14 номинация бойынша үздік деп танылған. Олардың арасында Мойынқұм ауданындағы «МыңаралТасКомпани» ЖШС мен осы компанияға қарасты «Жамбыл цемент өндірісі компаниясы» ЖШС да бар. Сонымен қатар, «Бизнес ойл» ЖШС, «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС, «WWW.KAZBELMEBEL.KZ» жеке кәсіпкерлігі, «Инженерные Сети ТС» ЖШС сынды компаниялардың былтырғы табыстары қомақты болған. Сәйкесінше салыққа да көлемді түсім түсірген.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар