«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туған жерге туыңды тік!

Туған жерге туыңды тік!
ашық дереккөз
Туған жерге туыңды тік!

20Оқиға желісі негізінен Астана, Ал­маты және Алматы облысының Тұрар ауылында түсірілген «Оралу» фильмі Мә­дениет және спорт министрлігінің тапсы­рысы бойынша жүзеге асырылған «Қазақ­фильм» киностудиясы мен «Көр­кем фильм» кинокомпаниясының бірлес­кен жобасы болып табылады. Орта­лық коммуникациялар қызметінде фильм­нің шығармашылық тобы көркем туын­дыға орай өз ойларын ортаға салып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақ­тарға жауап берді. Баспасөз мәсли­хатына Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ вице-президенті – бас ре­дакторы Дидар Амантай, қоюшы-режис­сер, сценарий авторы, продюсер Рашид Сүлейменов, басты рөлдерді сомдау­шы әртіс­тер Санжар Мәдиев, Аружан Жа­зыл­бекова мен Обонна Эндэбуезе қатысты. Япыр-ай, бұл туынды туралы жұрттың осыншама риясыз рәуіште, ой-байламдарын бас­таудың мөлдіріндей таза көңілмен сыңғырлата ала жөне­луін­де не сыр дейтін әлеумет үшін айтайық, шынымен де бұл туын­дының жай-жапсары мен жөн-жосығы басқа дүниелерден алабөтен, шығар шыңы шағала қанат шалқар биікте, ал шалқар са­рыны сардаланы кестелей кезіп, қияларға шарқ ұра өрле­й­тін асқаралы аспанда. «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша әлемнің көптеген жоғары оқу орындарында білім алып жат­қан өрімдей өрендеріміздің бола­шақ тағдыры мен арман-мұра­ты бүгінгі әлеумет үшін толған­дырар басты мәселенің бірі болып саналады. Кез-келген ата-ана туған шаңырақтан ұзап ұшқан ұланының болашағына алаңдай көз тігеді. Туған жерге деген сол үміт сәулесі қалай шашырар екен деп елеңдей жол тосады. Көзінің ағы мен қарасы қандай олжамен оралар екен деген алаң көңіл ой ойпатын кезеді. Ең бастысы, олар Отанға, атамекенге кім болып оралады? Туған жерге деген махаббат сезіміне гүл байлап орала ма, жоқ әлде сүйіспеншіліктің күнгейін бұлт шалдырып, өзгенің жылтырағына арбалып, тоналып торыға ма? Міне, мәселе қайда жатыр?

«Оралу» фильмін тамашалауға жұрттың ықыластана жұмылып жатуында осындай сыр бар десек, жалпы, екіншіден, қазір адами қасиеттерге барып тірелмейтін бірде-бір құндылық жоқ екені тағы рас. Осы жағынан фильмнің рухы топырақтың құнарын арттыратын көктемгі жауындай бізге қымбат әсер қалдырды. Фильм үшін ең басты жетістік, халықтың, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басуда, кеудеге сезім ұялата білуде, жүректі лүпілдете алуда деп жоғары талап қойып жатамыз. Өзінің ішкі әлеміне, кейіпкерінің жан дүниесіне жұртты батыра алмаған, баурай алмаған фильм шынайы туынды бола алмайды деген пайым да жиі алға тартылады. «Оралу» фильмінің осы жағынан қандай жетістігі бар дейтін болсақ, кейіпкер бейнесі алақанда есілген арқандай бірте-бірте ширатылып барып, жанның бір бұрышына орныға жайғасып кете барады. Ең бастысы, кейіпкер тағдыры сізді бейжай қалдырмайды. Осы оғланға көңіл ойсырай құлап, іш тарта түсесіз. Шалғайдан тек қана шапағат жиыла берсе, қанекей, әрине. Бірақ, шалғайдың іші, ол да бір жалғыз-жарым жанға алдынан көп қиындық кезігер қалың орман секілді тылсым дүние ғой. Одан әр перзенттің адаспай, аңдау мен алдауға арбалмай жол табуын, арда азаматтың абыроймен атамекенге оралуын қалап халық отыр дегендей, мына фильмде де бір талшыбықтың туған жердің құнарына келіп шаншылған сәтіне куә боламыз. 

Өнер туындысының өзегі шалғайда білім алып жатқан сандаған ұл-қыздарымыздың тағдырын, олардың арман-мұратын баяндайды. Қазақ елінің ертеңіне, болашағына елеңдемейтін адам жоқ қазір. Қақтығыстар мен қырғи-қабақ соғыстар өртіне жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының жүрегі алаңдап отырған шақта сая­си тұрақтылық пен тұтастыққа ұйыған Қазақстанның білімге инвестиция құйып, болашаққа борыштар жастарға, білімге ынталы түлектерге жол ашуы, әлемнің ең озық, ең дамыған оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызуы ертеңі үшін елеңдеген Елбасының тағы бір көреген саясатының арқасында жүзеге асып жатқанын айтып қоюға тиіспіз. Қазір мыңдаған қазақтың қара көз ұл мен қыздары дамыған елдердің жоғары оқу орындарында оқып жүргенін, олардың әрқайсысы ертең қолдарына білімнің шамшырағын ұстап келгенде, қазақ даласының үсті қалай жарқырап нұрға бөленетінін көз алдыңызға елестетсеңіз, жан дүние алабөтен күй кешеді. Елдің ертеңі, қазақтың болашағы деген тұжырымдарға тұрақты тұспалдар ғана тұтқа бола алады. Міне, мына фильм осы тұтқаны өте-мөте мән-маңызы жоғары кескінде баяндайды. Фильм кейіпкері – Мақсатқа Германияда тұрған әрі сол елде оқыған ұнайды. Ол өзі микробиолог және сонымен қатар ауқымды жобалармен айналысатын ірі компанияда қызмет істейді. Мақсат алыстағы туған жерін тек іссапарлар кезінде, маңызды кездесулер барысында ғана ұшақ терезесінен көргенге үйреніп кеткен. Шалғайдағы ауылда тұратын атасының кенеттен дүние салуы оның бүкіл саналы өмірін бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрып жібереді, күтпеген жағдайларды бастан кешуіне тура келеді. Ол қазақтың атадан әкеге, әкеден балаға мирас болып қалатын ежелгі салты бойынша өзіне мирасқа қалған ат фермасын, жүйрік сәйгүліктерді сатып, ақшаға айналдыру мақсатында туған жерге оралады. Аз уақыт ішінде басты кейіпкеріміз ауыл тыныс-тір­шілігінің, тұрмыстық деңгейдің мүлде өзгеріп кеткенін, ал сол тамырмен өзі де тағдырлас екенін, ішкі жан дүние тереңінде бұрқ-сарқ қайнап тағы бір ыстық сезімнің маза бермесін аңғарады. Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылық-қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Мақсат ауылда жүріп Аружан деген мұғалім қызбен танысады. Ол осы арқылы елдегі тағы біраз жағдайдың өзгергеніне куә болады. Еуропалық компаниялар тәрізді, бүгінгі Қазақстанда да қарапайым адамдарға табысқа жету үшін, адал еңбегі арқасында жағдайын жақсарту үшін көп мүмкіндіктер жасалғанын көреді. Адам бір жерде, өз елінде ғана қанаты қатайып, тамыры тереңге кететініне көз жеткізеді. Фильм туған жерге сүйіс­пен­шілікті құрғақ баяндап қой­майды, елден жыраққа кеткен, бірақ еліне келген соң, туған жерінде мүмкіндіктердің, артық­шылықтардың ашылғанын ұғынған жас ұрпақтың көкірегіндегі кәусар үнді жеткізеді. Отанды сүюді дәлелдеу үшін тау қопарып, тас талқандап тастаудың қажеті жоқ, адам мұны өзінің жұдырықтай жүрегінен өрілген бір ғана ыстық сезімімен-ақ дәлелдеп шыға алатыны осы кейіпкер бойындағы қасиеттерден көрініс табады. Жас режиссер Рашид Сүлей­меновтің «Оралу» фильмі елі­міздің ертеңгі болашағы –жас ұр­пақты елжандылыққа, өз Отаны­ның адал азаматы болуға шақыр­ған үнімен ерекшеленсе, эк­рандық туындының сәтті орын­далуына Санжар Мәдиев, Ару­жан Жазылбекова, Обонна Эндэ­буезе, Еркебұлан Дайыров, Сергей Штерн, Саят Мерекеұлы, Сырым Қашқабаев сынды актерлер шоғырының да едәуір тер төккені анық байқалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жастардың қол созған мақсат-мұратына жетуіне жан-жақты мүмкіндіктер жасалғаны туралы баяндайтын толықметражды фильм жайында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті – бас редактор Дидар Амантай, сонымен қатар, фильмнің шығармашылық тобы қоюшы-режиссер, сценарий авторы Рашид Сүлейменов, фильмнің басты кейіпкерлерін сом­даған актерлер Санжар Мә­диев, Аружан Жазылбекова және Обонна Эндэбуезе кеңінен әңгі­мелеп, кинотуынды туралы оң пі­кірлер білдірді. Ұзақтығы 90 минут­тық картинаның тұсаукесері елор­дадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында 9 наурызда өтсе, салтанатты кешке еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары, фильмнің түсіру тобы және «Қазақфильм» АҚ өкілдері қатысты. «Оралу» фильмі 19 наурыздан бастап жалпыұлттық прокатқа шығып, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі деп күтілуде. «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде «көрерменнің көзайымы» аталымы бойынша жүлдеге ие болған көркем туынды туралы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Дидар Амантай: – Мұны негізінен Елбасы жүр­гізіп отырған жастар саясатының қан­шалықты жастарға тиімді екен­дігін, оларға мемлекет қаншалықты қам­қорлық көрсетіп отырғанын көрсету үшін түсірілген фильм деп айтуға болады. Фильмде өзінің елін сүйген азаматтың шетелде қаншалықты табысқа жетсе де, өз еліндегі, өз Отанындағы ор­ны одан әлдеқайда биік деген ой ак­терлердің шынайы ойыны арқылы көрермендерді баурап әкетеді. Бұл фильмді біз адами фильм, кісілік туралы, патриотизм туралы фильм деп айтуымызға болады, – деп түйін­деді. Ал қоюшы-режиссер Ра­шид Сүлейменов: «Бұл – біз үшін ерекше туынды. Мұндай жұ­мысқа бізді рухтандырған Нұр­сұлтан Әбішұлы. Нақтырақ айтсам, оның елге деген шексіз махаббаты. Елбасы айтқандай, патриот болу дегеніміз – әр адамның Қа­зақстанды өзінің жүрегінде алып жүруі. Мен кинокартина арқылы көрермендерге Елбасымыздың осы ойын жеткізе алдық деп сенемін. Өйткені, «Оралу» – жастардың пат­риоттық сезімін оятатын көр­кем фильм» десе, басты рөлді сом­даған Санжар Мәдиев: «Фильм қаланың сыртындағы Тұрар ауылында түсірілді. Түсірілім барысында біраз қиындықтарға тап бол­ғанымыз рас. Тіпті кейде бәрін аяқ астынан тастап кете салғың келген сәттердің өзін қалай жең­дік деп ойлаймын. Бірақ деген­мен бәрін шыдамдылық жеңе­ді демекші, соның арқасында ұжым­дық жұмыс ойдағыдай орындалды. Өзімнің рөліме болашақтық сту­денттермен бұрыннан аралас-құраластығым көп көмектесті. Өйт­кені, бұған дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың арасында таныстарым бар болатын. Басты рөлге кіріспес бұрын өзім ойнайтын адамның табиғатын жете зерттеуге тура келді. Осы ойым үшін қателеспеген сияқтымын. Туынды көрермен көңілінен шығады деген ойдамын», деп сенім білдірді. Аружан Жазылбекова сце­нарийді оқып шыққаннан кейін фильмге түсуге бірден келісімін бергенін айтты. Өйткені, фильмнің сюжеті мені өзіне баурап алды. Оқиға біз бен сізге соншалық беймәлім нәрсе дей алмаймын. Қоғамдағы күнделікті маңызды мәселеге, бүгінгі замандас бейнесіне құрылған. Сол себепті мен ойнаған рөл өз табиғатымнан алыс емес. Ал өзіңе соншалық жақын образды сомдау ешқашан қиындық туғызбайды, шаршатпайды, тауың шағылмайды. Отаныңнаң алыста өмір сүру, сағыну деген сезімдердің не екенін өзімнің ет пен сүйегімнен өткізген жанмын. Сондықтан барша өзім сияқты жастардың Елбасына деген шексіз құрмет сезімін жеткізгім келеді. Президентімізге жастардың алдынан жарқын болашағын ашып бергені үшін, қанатымызды кең сермеуге мүмкіндік туғызғанына рахметімізді айтамыз. Сағына ұшып келгенде, анадайдан ошағы бүтін үйіңнің төбесі ағараңдап көріне бастаған сәттегі жүрек шіркіннің тулап сала беретін кезі қандай ғажап! Калифорния штатында білім алғандықтан маған да кейіпкердің арман-мұраты мен сезімі етене таныс. Негізі Мақсаттың елде қалып, еңбек ету ойында жоқ еді. Дегенмен, аз уақыттың ішінде Қазақстанда да Еуропадағыдай жас ғалымдарға барлық жағдай жасалғандығын түсінеді. Әрі қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өскен Аружандай мұғалім қызбен танысып, өмірге, ауылға көзқарасы өзгереді. Туған жерге, Отанға деген ұлы махаббат қандай да материалдық құндылықтан жоғары тұрады деген идея нанымды суреттеледі. Төрт-бес жылдан бері Қа­зақ­станда ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген ұлыбританиялық Обонна Эндэбуезе осы аралықта мұндағы екі-үш фильмге түсіп үлгерген екен. Осыны мақтанышпен әңгіме арқауына айналдырған актер: «Маған фильмге қатысуға ұсыныс жасап, сценарийді қолыма ұстатқан кезде мұндағы оқиғаға ішімнен қатты беріліп кеттім. Туған жерге деген осындай да сағыныш сезімі болады екен-ау деп тебірендім. Көп фильм­дерде өмір дегеніңді тамаша, уайым-қайғы жоқ етіп көрсетіп қоятынына қынжыламын. Ал шын мәнінде олай емес қой. Мына фильм мүлде бөлек, бәрі шынайы оқиғаға құрылған. Расын айтатын болсам, Қазақстан, оның ішінде, әсіресе, Астана өзінің ашық кескін-келбетімен, адамдарының ақ жарқын көңілімен, мықты Көшбасшысымен ұнайды. Көбіне шетелде Қазақстан туралы әңгіме бола қалған кезде, көп адам осындай тамаша мемлекет бар екенін біліп жатады. Ол сіздердің мықты Көшбасшы­ларыңыздың арқасы», деді. Ел мен жердің киесі, Отан, ата­мекен деген ұғымдар қазiр кез келген жасты теңіздей тебірен­тер құндылықтар саналады. Ел­ба­сының «Болашақ» бағдарламасын дүниеге алып келгендегі мұраты да осы ұлттық идеямен тығыз са­бақтасып жатыр – дамыған елдер­дегі ірі-ірі жоғары оқу орындарын оқыған жастар олардың озық ойы мен озат ілімін Отанның, елдің игі­лігіне жарату, туған жерге адал қызмет ету, атажұртқа ора­лып, төл тамырлардың бойына қай­та қан жүгірту…тағысын та­ғы бо­лып ары қарай ол созыла түсуі мүмкін. Әрине, көркем фильм дегеніміз әуелі жұртқа рухани азық ретінде қымбат саналады. Сон­­дықтан шынайы, нанымды оқи­­ға актерлер шеберлігімен үйлесе өрілген кезде ғана көркем фильм­­нің көрушісі артып, ғұмы­ры ұзармақ. Осы тұрғыдан алған­да, Қазақстан жастарының бойын­дағы қасиеттердің фильм өзегінен өзгеше өрнекпен көрініс табуы кино картинаның тағы бір ұтар қырына айналары сөзсіз. Мұны фильмдегі атасынан қалған мұраны сатып, кері қайтып кетуге бел байлаған жiгiттiң iшкi дүниесiндегi арпалыстан, таным-түйсігінің өзгерiп сала берген сәтінен, ең соңында туған жерге оралу керек деген ұстанымға бекінуінен аңғарасыз. «Мен бұл ферманы сатпаймын» дейді басты кейіпкер. Ферманы сату дегенің еліңді сату, қазағыңды сату сияқты астарлы терең ойымен кез келген адамның намысына шоқ түсіретін сөздер емес пе? Қазір қалғып кеткен намыс пен сананы осындай шыншыл ұғымдар шымшып алуы керек. Сондықтан Отанға ора­лу керек, сөйтіп, халқыңның бүтіндігі мен тұтастығына жиған-терген біліміңді төкпей-шашпай жұмсап, Қазақстанның гүлденуіне атсалысуың керек деген идеяны өнер айдынына алып шыққан шы­ғар­машылық топ діттеген межесіне жетіп отыр деп айта аламыз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.

(«Егемен Қазақстан», 11 наурыз, 2015 жыл).

Ұқсас жаңалықтар