«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Оралуды» көргендер Отанын сүймеуі мүмкін емес

«Оралуды» көргендер  Отанын сүймеуі мүмкін емес
ашық дереккөз
«Оралуды» көргендер Отанын сүймеуі мүмкін емес

17Айтолқын ӘЗІРЕТОВА, ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Шынын айтсақ, әлемдік киноиндустрияда жастарды өзіне баурап әкететін, аздап болса да тәрбие беріп, жанрына қарай әрқалай көңіл-күй сыйлайтын фильмдер жетіп артылады. Жастар өміріндегі қызықты, эмоциялық сәттерді көкірегіне түйіп ала қойған режиссерлер мен сценаристер небір киноларды әлемдік прокатқа салып жатыр. Бірақ солардың бәрі шын тәрбиелік мақсатта түсіріліп жатқан туынды ма? Жоқ. Өйткені нарық заманы бүгінгіні немен болса да күн көруге итермелеуде. Сондықтан негізінен коммерциялық мақсатта түсіріліп жатқан, батыстан келетін ол фильмдерде не болса соны көрсете беру белең алып кетті. Бұл экспансия біздің ұлттық идеологиямызға, тәрбиемізге өте қауіпті. Өкінішке қарай, сол қаптаған жастарға арналған фильмдердің арасында отандық кино өнімдер некен-саяқ. Тіпті жоқтың қасы. Болса да өз айналамыздан аспай жатады. Дегенмен, жақында ғана еліміздің кинотеатрларынан көрсетіле бастаған қазақстандық «Оралу» фильмі отансүйгіштік тәрбие бағытында көп нәрсені дөп басқан сияқты. Фильм өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, халқына қызмет етуге, туған жерді қастерлеуге тәрбиелейтіні көрініп тұр. Меніңше, режиссер фильмнің бас кейіпкері Мақсат арқылы шетелде білім алған жастардың арман қуып сол жақта қалып қоймауын және туған жердің, туған елдің дамуына үлес қосу керектігін, қадірін түсініп, қасиетін сіңіре білуін жақсы көрсете алған. Кейіпкерлердің кейбір күйзелген сәттері жүрегіңді іштей ауыртады. Шыны керек, ауылдан түлеп шыққан соң ба, ондағы маған таныс ауыл өмірі де қызықтырып әкетті. Яғни, режиссер ойының жүзеге асқаны бұл. Мәселен, Еуропада білім алып, ғылым жолына біржола түскен Мақсаттың мұрагерлікті заңдастырамын деп 20 жылдан соң Отанына оралуы фильмде әр қырынан суреттелген. Еуропалықтарға тән тәкаппарланып қалған «Макстің» бір күндік іссапармен елге келіп, атасынан қалған атқораны өзінің ғана меншігі ретінде сатпақ болғаны фильм желісін шиеленістіре түседі. Оның бұл пиғылы жылқышылар Степанович пен Мейрамбектің ашу-ызасын туғызбай қоймайды. «Атамның қайтыс болғанына жыл жарым уақыт болды. Сені күтті ғой. 20 жыл бойы қайда болдың?» деп күйзелген Мейрамбектің сөзі жүректі шымырлатады. Жалпы, режиссердің негізгі түп мақсатын алатын болсақ, «Оралу» фильмі өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, халқына қызмет етуге, туған жерді қастерлеуге тәрбиелейді. Біздің отандық кино әлімінде мұндай туындыларға әрқашан орын бар. Режиссерлеріміз осы «Оралу» сияқты фильмдерді көптеп түсірсе біздің біраз жастар өзіне лайықты бағыт алып, ұлттық тәрбие бесігінде тербетілер ме еді...

Ұқсас жаңалықтар