«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаламқастарымыздың қарымы

Қаламқастарымыздың қарымы
ашық дереккөз
Қаламқастарымыздың қарымы
Төл мерекелері жайма шуақ көктемнің алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп, көңілдерді қуанышқа кенелтетін жолы жіңішке жандар бүгінде тек отбасында ғана емес, сонымен бірге, облыстың саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінде де айтарлықтай рөлге ие. Бұл туралы газет тілшісіне берген сұхбатында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Айман Каримова жан-жақты таратып айтты. – Айман Өмірзаққызы, Елбасының бастамасымен қолға алынған еліміздегі гендерлік теңдік саясаты қазіргі таңда қыз-келіншектердің өз қабілет-қарымы деңгейінде республикамыздағы өкілетті және өкілді органдардың жұмысына белсене атсалысуына мүмкіндік туғызуда. Міне осы тұрғыдан келгенде, аумақтағы әйел қауымының мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы органдардың жұмысына қатысуы туралы не айтар едіңіз? – Ең алдымен, күні ертең 8 наурыз – қыз-келіншектердің халықаралық мейрамын атап өткелі отырған облыстағы әйелдер қауымын мерейлі мерекелерімен құттықтағым келеді. Сосын айтарым, аумақтағы әйел-аналар тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, саяси тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған республикалық бағдарламалардың дер кезінде орындалуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл ретте, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің тең жарымынан астамын, әрқилы деңгейдегі әкімдердің 5 пайызын, өңірдегі мемлекеттік мекеме-ұйымдар басшыларының төрттен бірін, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының 15,5 пайызын құрайтын әйел-мемлекеттік қызметшілер мен халық қалаулыларының жоғары азаматтық белсенділік танытып отырғандығын айта кеткен жөн. Солардың алғы сапында жүрген облыс әкімдігінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім және тілдерді дамыту басқармаларының басшылары Рахия Тұрмаханбетова, Салтанат Омарбекова, Сұлушаш Құрманбекова, Үртай Сапақова және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева, сондай-ақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың есімдерін әр уақытта да жылы лебізбен атауға болады. Жалпы мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек етіп жүрген замандастарымыз өз жұмыстарын соңғы жылдары салада жүргізілген реформалардың талаптарына сай ұйымдастырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын міндеттердің үдесінен шығуда, әрі сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы аяусыз күрес жүргізуде. – Ал әйелдердің саяси ұстанымы мен көзқарасы туралы не айтар едіңіз? – Сұрағыңызға қатысты айтарым, республикада тіркелген саяси партиялардың өңірдегі филиалдарында 162945 адам есепте тұрса, соның тең жартысына жуығы – әйелдер. Ал Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылығымен елімізді нұрлы жолмен болашаққа бастап келе жатқан билік партиясының аумақтағы филиалдарына топтасқан 64287 адамның 60,9 пайызын қыз-келіншектер құрап отыр. Олардың дені әлеуметтік салаларда, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, агроқұрылымдарда, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында еңбек етіп, Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуда. – Өзіңізге белгілі, соңғы жылдардың бедерінде облыс экономикасының дамуында оң тенденция орын алуда. Осы орайда әйел-кәсіпкерлердің де қосып отырған игілікті істері аз болмаса керек. – Болжамыңыз ақиқат шындыққа толық сәйкес келеді. Нақтылы кезеңде өңірде тіркелген 46812 шағын және орта кәсіпкерлік нысанының 3962-сін әйел кәсіпкерлер басқаруда. Олардың шаруашылық ісін жүргізуіне облыстық іскер әйелдер қауымдастығы тарапынан құқықтық кеңестер берілуде, қаржылық-несиелік институттар қаржылай қолдау көрсетуде. Соның бір нақтылы дәлелі ретінде, тек 2014 жылы ғана «Даму» шағын кәсіпкерлікті дамыту қорынан» облыста 45 заңды тұлғаның ірі мөлшерде несие алғанын, солардың 19-ының әйел-кәсіпкер екендігін айтсақ та жеткілікті. Бір атап өтетін жай, аумақтағы 300-дей кәсіпкер әйелдің басын құрап отырған, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова жетекшілік ететін облыстық іскер әйелдер қауымдастығы толымды жұмыстарымен танылуда. Мәселен, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен әйелдердің іскерлік қабілеттерін арттыру мақсатымен ұйымдастырылған 3-інші Еуразиялық әйелдер саммитінде жамбылдықтар «Жылдың үздік филиалы» марапатына ие болды. Бұл – аталған қауымдастықтың маңайына топтасып отырған кәсіпкер әйелдердің іскерлік белсенділігін, жан-жақтылығын көрсететін жетістік. – Өзіңіз жетекшілік ететін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмысының басты міндеттерінің бірі – отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту мен жастардың бойында отбасын және үлкендерді сыйлау қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүзеге асыру болып табылатындығы мәлім. Міне, осыған орай комиссия тарапынан атқарылып жатқан жұмыс ауқымынан хабардар етсеңіз. – Әңгімені әріден бастасам, өткен жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде «Отбасы күні» болып белгіленгендігін білесіздер. Татулық пен тәрбиенің ордасына айналған «Отбасы күні» мерекесіне орай біздің комиссияның қолдауымен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жанынан «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы» ашылды. Жаңа құрылым ағымдағы жылы отбасын құру және жоспарлау аясында көптеген үлгілі жанұя өкілдерімен кездесулер өткізіп, жастарға ақыл беру, жол көрсету, оларды бір-біріне құрметпен қарауға бағыттау, ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту және отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауда ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруды жобалап отыр. Ал комиссияның таяу күндері атқаратын іс-шараларына тоқталсақ, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Тараз қаласы мен аудандарда тұратын әйелдер қауымының өкілдерін қабылдайды. Бұдан өзге комиссияның ұйытқы болуымен осынау мерекелік іс-шараның аясында облыс суретшілерінің қылқаламынан шыққан туындылардың «Көктемгі әуен» тақырыбына арналған көрмесі ұйымдастырылатын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілейміз!

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар