«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ай-Қанат пен Жұлдызай

Ай-Қанат пен Жұлдызай
ашық дереккөз
Ай-Қанат пен Жұлдызай
Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінің фойесіне қойылған қазақтың қолөнер бұйым­дарына келушілер жиі қызығушылық танытады. Әсіресе, кенепке майлы бояумен салынған екі батырдың жекпе-жегі бейнеленген суретке назар аудармау еш мүмкін емес. Арғы жағында төбесі алтын күмбезді хан сарайы мен оның арғы бетінде тағы бір күмбезді қаланың нобайы сылаң қағады. Енді бір бұрышта бейдауа қоғамға налыған қарт отыр. Бәлкім, ол Асан қайғы, жоқ әлде қарға бойлы Қазтуған жырау ма? Әйтеуір мұңды кейіп. Полотнолы суреттің шетінде Ай-Қанат Хұсайынова, «Асыл Орда» деген жазу бар. Сурет авторы, қылқалам иесінің өзі бұл туралы: – Бұл суретті 2002 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледжде оқып жүргенімде дипломдық жұмыс ретінде салдым. Суретті салу идеясы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқыған соң туды. Сол бір басынан бақ құсын ұшырмай дәулетімен де сәулетімен де әлемге әйгілі болған Алтын Орданың іргесінің шайқалуына Киев Русі княздарының ғана емес, Шыңғыс хан әулетінің ішкі сарай тартысы да аз кесірін тигізген жоқ. Соның бәрін бір полотноның ішіне сыйдыру маған оңай түспеді. Тіпті ауырып та қалдым. Бірақ ұстазым менің тілекшіме айналып, көп көмек көрсетті, – дейді Ай-Қанат, жетекшісі белгілі суретші Қайрат Ғұмаровтың еңбегін елеп өтіп. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бұл картинаны облыстық тарихи-өлкетану мұражайы сатып алса, облыс және шетел туристерінің көзайымына айналарына күмән жоқ. Сурет салуды бала кезінен кәсіп еткен Ай-Қанаттың қолынан шыққан сурет бұл ғана емес. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың автопортреті де сәтті шыққан туынды. «Өмір күрес», «Еркіндік» атты картиналары да назар аудартады. Оларға қарап Ай-Қанаттың қиял әлемінің кеңдігін байқауға болады. Ай-Қанат 2001 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалі байқауының дипломанты атанып, басқа да әртүрлі байқаулардың жүлдегері қатарынан көрініп келеді. Бүгінде Жаңатас қаласындағы Балалар өнер мектебі директорының орынбасары Ай-Қанат Хұсайынова әлі ізденіс үстінде. Негізінде өз есімі – Қанат, Ай – шығармашылық есімі. Ай-Қанаттың сіңлісі Жұлдызай да қазақтың қолөнерін жақсы меңгерген жастың бірі. Ол құрғақ жүннен киіз бен оюдың небір түрлерін жасап, ши тоқып, түрлі бейнелер салады. Ол да Балалар өнер мектебінде дәріс береді. Әпкелі-сіңлілі Ай-Қанат пен Жұлдызайдың қазақ­тың ұлттық өнерлерін ұлықтап, оны әлемге танытсақ деген арман-тілектері бар.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар