«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Cарысуинвест-2015»

«Cарысуинвест-2015»
ашық дереккөз
«Cарысуинвест-2015»
аудан экономикасын өркендететін жоба «Қазақстанда жасалған» Елбасы жаһандық дағдарыс кезінде кәсіпкерлікті дамыт, сөйтіп өз тауарыңды саудала, жұмыссыздыққа жол берме деп тапсырма берген тұста сарысулықтар 2015 жылдың мүмкіндіктерін екшеп алу үшін тағы бір ақылдасып, жиын өткізуді жөн санапты. Оған екінші деңгейлі банк өкілдерін шақырған. Осы мақсатта Жаңатаста «Сарысу инвест-2015» жиыны өтті. Бұл да іскерліктің басы, дағдарысқа қарсы ойластырылған іс-шара. Жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер бас қосқан жиын алдында арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашаладық. Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінің ұзына бойғы дәлізінің екі қапталына орналасқан жергілікті кәсіпкерлердің бұйымдары қылқалам шебері Айқанат Хұсайынованың кенеп бетіне майлы бояуымен салынған «Алтын орда» атты картинасымен басталып, «Еурохим-Тыңайтқыш» серіктестігі мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің өнімдерін, өсу динамикасын баяндайтын андатпамен аяқталады. Бізді қызықтырғаны – «Дархан» ЖШС шығарған құрылыс өнімдері, ондағы «Қазақстанда жасалған» деген таңбалы қапшықтар. – 2013 жылы жұмысын бастаған серіктестік бөлменің төбесі мен қабырғаны тегістейтін ұнтақ шығара бастады, – дейді аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жұмат Сақыпбеков. – 3 миллион теңге қайтарымсыз несие алып қызметін бастаған серіктестік жылдан-жылға қуаттанып келеді. «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмасы бар өнімдер қатарында мұнай өнімдерін өңдейтін «Жарас» ЖШС-ның мазуты мен «АИ-80», «АИ-92» маркалы бензинін де атап өтуге болады. Мұнда 35 адам еңбек етеді. Өнімін негізінен «Еурохим-Тыңайтқыш» ЖШС тұтынатын көрінеді. Әсіресе, бөлім басшысы өткен жылдан бастап «Еурохим-Тыңайтқыш» компаниясының жекелей есепшоттарының ауданда тіркелуі жергілікті түсімнің молаюына көмектескенін айтты. Бұл жиыннан жергілікті кәсіпкер, меценат Жеңіс Тоғызақбаевты кездестіріп қалдық. – Осы аймақта жылқы өсіріп, бие сауып, қымыз өндіріп, «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен өнімдерді сатуды қолға алсам деп отырмын, – дейді. Іс тағдырын инвестиция шешеді Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ақылдасу жиынында көңілге қонымды мәселені қозғады. – Бұл шараның мақсаты – ауданға инвесторлар тарту мен инвестициялық жобаларды дамыту. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін тұрақтандыру. Сонымен қатар, жастардың келешекке деген сенімділігін арттырып, жұмысқа орналасуына, өз бизнестерін бастауына жағдайлар жасау және экономиканы әртараптандыру маңызды болып отыр. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру оның ұйымдастырушылық-экономикалық механизмдерін жетілдірумен байланысты болып келеді. Бұл жерде кәсіпорындар мен шағын бизнес субъектілерінің даму деңгейін ілгерілетуге сарысулықтардың өз үлесін қосуына мүмкіндіктер мол. Ұзақ мерзімді жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес ірі кәсіпорындарда 2020 жылдарға қарай 3000-ға дейін жұмысшы санының артуы жоспарлануда. Алдын ала болжамдар бойынша қала тұрғындарының саны 35 мыңға дейін өседі, – деді ол. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тұрақты түрде насихатталып келеді. Нәтижесінде бұған аудан азаматтары ішінен қатысушылар саны артып отыр. Жаңатас қаласы мен 9 ауылдық округте 529 шаруа қожалығы, 1144 жеке кәсіпкерлік субъект, 80 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен 4 өндірістік кооператив жұмыс істейді екен. Онда барлығы 6227 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Ауыл шаруашылығында төрт түлік малдың өсімі байқалады. Аудан әкімі жылда 6500 тоннаға жуық ет, 5700 тонна көлемінде сүт, 13000 данадай тері және 495 тонна көлемінде жүн алынатынын да айтып өтті. Алайда, аталған өнім түрлерін қайта өңдейтін цехтардың болмауынан барлығы сыртқа тасымалдануда. Қымыз бен шұбат сусынын өндіріп отырған шаруашылықтар қайта өңдейтін орындардың жоқтығынан әр литріне алатын субсидияларға да қол жеткізе алмауда. – Сондықтан, бізге ет-сүт өнімдері мен мақсары майын сығатын және шұжық пен ірімшік әзірлейтін цехтардың жаңа инвестициялық жобалары қажет. Мал шаруашылығындағы мал бордақылау алаңдары жүйесін жандандыру негізгі проблемалардың бірі. Ауыл шаруашылығы бағытындағы бақша өсімдіктерін бүгінде сырттан тасымалдап келеміз, – дейді аудан басшысы. Аудан басшысына сенсек, Саудакент, Жаңаталап, Тоғызкент, Ақтоғай, Игілік ауылдарында сырттан тасымалданатын осы көкөністердің бір жылдық көлемін егумен қатар, жылыжайлар салуға, оларға қажетті көкөніс сақтау қоймаларының құрылыстарын дамытуға толық мүмкіндіктер бар. Қазір, «Ынталы», «Бүркітті» су қоймаларында дихан шаруалардың жаз айларында қажет ететін су көлемі толық жиналыпты. Ауданға айына қажет 20 тонна тауық еті, 30,0 мың дана жұмыртқа, 12 тоннаға жуық шұжық, қажеттілікке қарай барлық кондитерлік өнімдер жан-жақтан тасымалданып келеді. Тігін цехтары мен ауыл шаруашылығы бағытындағы төрт түлік малдың терісі мен жүнін қайта өңдеу орындарын ашуға жергілікті азаматтардан бүгінгі күнге дейін ешбір ұсыныстар болмай келеді. Қазіргі уақытта мал терісін жинап, сыртқа тасымалдаудан басқа іс әрекеттер байқалмауда. Аталған қажетті жобаларды іске асыру үшін сұраныс жасар сәт туды. Әрбір азамат ауданнан кәсіп түрін ашамын деген идеяда болса құшағымыз ашық, – деді аудан әкімі. Міне, аудан әкімі Қ.Мәдібек ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін осылай саралап барып, кәсіпкерлікті қолдау үшін, бүгінгі таңда не қажет екендігін кәсіпкерлердің өз аузынан естуге әңгімеге шақырды. Сондай ірі жобаның бірін «Жантөре» ЖШС жүзеге асырмақшы екен. Серіктестік ауыл шаруашылық саласына 70 миллион теңгеден астам инвестициялық қаржы салуды жоспарлап отыр. Байқадам мен Жаңаталап ауылдық округтерінен көктем айларында 15 гектар аумаққа голландтық және «Манас», «Памдера» сорттарынан құралған пияз тұқымы егілу көзделді. Осындай ірі жобаны «Асыл тұз» компаниясы да жүзеге асырмақ. Жобасының қуаты 449 миллион теңгеге бағалаған бұл серіктестік индустриялық аймақтан жер телімін алып, жұмысын бастауға дайын. Әсіресе астаналық кәсіпкер, ТМД елдері бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің Орталық Азиядағы өкілі Әріпхан Жантөреевтің 120 адамдық емдеу-сауықтыру емханасы мен әскери патриоттық тәрбие беру орталығын ашу жөніндегі ойы тосын жаңалық болғанын айтуға тиіспіз. Жиын соңында облыстық мәслихаттың депутаты А.Майлыбаев сөз алып, аудандағы өзгерістерге оң бағасын беріп, бір кездері әлеуеті төмен ауданның қазіргі таңда облыстағы көшбасшы аймаққа айналғанын нақты дәлелдермен келтірді. Сонымен, Сарысу ауданы дағдарыстан еш қысылмай, жаңа жобаларды жүзеге асыруға бел шешіпті. Оған сол күні үш бірдей ірі жобаға аудан әкімі Қ.Мәдібек пен ЖШС басшыларының Меморандумға қол қоюлары нақты дәлел.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар