облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары бір айда 20,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді
Аймақта 2015 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша негізгі өнеркәсіп кәсіпорындарының барлық салалары бойынша өнім өндіру көлемі едәуір өскендігі байқалады. Нақты айтсақ, облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірген өнімінің көлемі 20,5 миллиард теңгеге жетіп отыр (бұл көрсеткіш 2014 жылы осы кезеңде 18,4 миллиард теңге болған). Бұл жөнінде облыстық әкімдікте аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі
кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев мәлімдеді. Сондай-ақ, ол 20,5 миллиард теңгенің республика бойынша өнеркәсіп саласындағы ең жоғары көрсеткіш екенін де атап өтті. Осылайша, қайта өңдеу, тау-кен өнеркәсібі және отын энергетика кешендерінің кәсіпорындарынан құралған облысымыздың өндірістік әлеуеті берген өнім көлемі 103,3 пайызға жеткен. ндірген
Күн тәртібіндегі басты мәселе – облыстағы кәсіпорындарда өндірісті және еңбек қатынастарын тұрақтандыру жағдайлары бойынша хабарлама жасаған Алмас Мәдиев облыста тау-кен, газ өңдеу, химия, тамақ және металлургия өнеркәсібі, сол сияқты, құрылыс материалдары өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Дегенмен, өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемінің төмендегені байқалыпты. Бұл саладағы өнім 12,2 миллиард теңгені құраған немесе өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 96,0 пайызды құрады. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі салаларының тек төртеуінде ғана ілгерілеу бар. Атап айтқанда, химия өнеркәсібі, басқа металл емес минералды өнімнің өндірісі, мұнай өнімдерінің өндірісі және металлургия өндірісі тиісті өнім көлемін бере алған. Ал тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, дайын металл бұйымдарының өндірісі мен машина жасау саласы былтырғы межеге жетпеген. Тамақ өнімдерін өндіру саласында өнім көлемінің төмендеуіне былтырғы жылдың 22 желтоқсанынан бері шикізаттың жоқтығынан «ЦАСК» ЖШС-ның Меркідегі қант зауыты жұмысының тоқтатылуы мен биылғы 1 ақпаннан бастап Тараз қант зауытының күрделі жөндеуге жабылуы әсер еткен. 2015 жылдың қаңтар айында қант өндірісі 40,7 пайызға төмендеген. «ТаразКожОбувь» ЖШС былғары өнімдерінің 63,8 пайызға төмендеп кетуі жеңіл өнеркәсіп саласында өнім көлемінің төмендеуіне тікелей себеп болған. «Имсталькон ЖЗМК» ЖШС мен «Құрылыс құрылғылары зауыты» ЖШС-ның өнімдеріне деген тапсырыстардың азаюы дайын металл бұйымдары өндірісінің көлемінің төмендеуіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Өз хабарламасында бұдан өзге де өнеркәсіп секторлары бойынша өнім көлемінің төмендеу жайттарын тізбелеп шыққан басқарма басшысы Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тұрақтандыруға қолда бар мүмкіндіктерді барынша қолдану қажеттігі туындап тұрғанын айтып, әңгіме ауанын өнім көлемін арттыру бағытында да біраз тер төгу керектігіне келтірді. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов хабарламасында күн тәртібіндегі мәселені облыстағы еңбек қатынастарын тұрақтандыру бағыты бойынша толықтырып өтті. Басқарма жүргізген мониторингтің және прокуратура органдарымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыстағы 6 кәсіпорында жалақы қарыздарының бары анықталған. Осы жылдың 27 қаңтарында прокуратура өкілдерінің қатысуымен болған басқасуда берген уәделерінде аталған алтаудың ішінен тек «Жамбылгипс» АҚ, «Имсталькон ЖЗМК» ЖШС басшылары ғана тұра алған. Олар жалақыға қарыздарын жауып, оны төлем тапсырыстарымен растапты. «Запчасть» АҚ, «ТаразКожОбувь» ЖШС басшылары жұмысшыларға жалақыларын ақпан айының 28-іне дейін толық беретіндерін хатпен жеткізген. Алайда, әлі күнге нәтиже жоқ. Жалақыны кешіктірген мұндай жағдай Жамбыл ауданындағы «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС Тараз филиалында да орын алған. Құқық бұзушылыққа жол бергені үшін басқарма бұл кәсіпорынға 79 280 теңгенің айыппұлын салған. Сөйтіп, жұмысшыларға өткен жылдың желтоқсан айындағы 31,9 миллион теңгені құрайтын жалақыларын өндіріп берген. Енді қалған қарыздарды жапқызу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Ал «Тараз металлургиялық зауыты» өткен жылдың соңында ферроқорытпа өндіруді бастап, көп қаражатын электр қуатына, шикізат пен өндірістік құрал-жабдықтарға жұмсап келген. Есесіне жұмысшылар жалақыларын жыл бойы кешіктіріп алып отырған. Қолға алынған шаралар нәтижесінде бұл кәсіпорын да қарыздан қашып құтыла алмаған. Жалақыға берешегінің негізгі бөлігін өтепті. Қазір жалпы қарызының көлемі 15,5 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, С.Айдапкелов 24 ақпан күні өткен республикалық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу комиссиясының кезекті отырысында меморандумдарға қол қою жұмыстарының ұйымдастырылуына қатысты біздің облысқа оң баға берілгенін де жеткізді. Облыстағы өндіріс кәсіпорындарында өндірісті және еңбек қатынастарын тұрақтандыру барысы туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков те хабарлама жасады. Ол «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру мақсатында республика бойынша «ерекше экономикалық» жағдайда өндірісті тұрақтандыру, жұмыс орындарын қысқартпау үшін кешенді жоспары дайындалғанын айтты. Соған сай, облыста да кешенді жоспар дайындалыпты. – 2015 жылы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан асырмау үшін облыс бойынша барлығы 16 225 адамды жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне тарту жоспарланып отыр. Оның ішнде 1340 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қамтылатын болады, – деді басқарма басшысы Ж.Баубеков. Сондай-ақ, кеңесте еліміздегі қазақстандық қамтуды дамыту мәселесі де қаралды. Ол бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев хабарлама жасады. –Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер тарапынан (жұмыстар мен қызметтер көрсетуді) 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 8 854,5 миллион теңгеге сатып алу жүргізілді. Ондағы жергілікті қамту үлесі 79,9 пайызды құрады, оның ішінде тауар сатып алуда 66,6 пайызды, жұмыстар мен қызметтерде 89,3 пайызды құраған, – деді А.Мәдиев. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімі әдеттегідей Тараз және аудан әкімдерінен жауап алды. Жіберілген кемшіліктер бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Қазақстандық қамтудың жергілікті үлес салмағын арттыру бойынша кейбір басқарманың болашақ жұмысына бағыт-бағдар да берді. Мәселен, су тапшылығы салдары ауыл шаруашылығы саласына су үнемдеу технологияларын енгізуге итермелеп отыр. Сондықтан алқаптарға бетон науалар жүргізу кезінде «Бином» ЖШС-ның өнімдерін пайдалануға болатынын айтты. Сонымен қатар, дағдарыс кезінде онан сайын дағдарып қалмас үшін «Казфосфат» ЖШС-нан алатын ауыл шаруашылық мақсаттағы тыңайтқыштардың қаржысын қазірден төлеп, компанияға демеу болайық деген ойын жеткізді. Өз кезегінде компания басшысы Мұқаш Ескендіров Еуропадан келетін сұраныстың азайып қалуына байланысты аздаған қаржылық қиындық барын айтып, облыс әкімінің бастамасын өздеріне біраз қолдау болатынын жеткізді. Жиын соңында облыс басшысы тарапынан Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді