заң бұзушылыққа бармайды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен өңірдегі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өтті. Басқосуға аталған департаменттің, облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясының, облыс бойынша тексеру комиссиясының және облыс әкімдігінің басқармалары мен орталық органдардың облыстағы аумақтық құрылымдарының басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметтері, сондай-ақ, бейнеконференция режімінде Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері қатысты. Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды.
Өткен жылдың соңына қарай қабылданған «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбеков баяндама жасады. Ол жемқорлық қылмыс жасаған және құқықбұзушылық қадамдарға барған адамдарды жазалауда тәртіптік, әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке тарту шаралары кеңінен қолданылғанына қарамастан, еліміздің қолданыстағы заңнамасын айналып өтіп, материалдық және заңға қайшы келетін артықшылықтарға ие болуды діттейтін жандардың қатары жыл өткен сайын артпаса, кемімей отырғандығын әрі сыбайлас жемқорлыққа қатысты әр бесінші қылмыстық істің мемлекеттік сатып алу қызметін жүзеге асыру кезінде жасалынатындығын жеткізді.
Оның айтуынша, 2013-2015 жылдардың аралығында облыс аумағында мемлекеттік сатып алуға қатысты барлығы 37 жемқорлық және қызметтік қылмыстың жасалғандығы анықталған. Соған байланысты 2013 жылы – 13, 2014 жылы – 20, 2015 жылдың алғашқы бір жарым айының ішінде 4 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, облыстық Тәртіптік кеңесте қаралған мәселелерге жасалған талдау қорытындылары да мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық құқық бұзушылықтың үлес салмағының жылдан-жылға ұлғайып келе жатқандығын айғақтайды. Соның бір нақты дәлелі ретінде, баяндамашы 2012 жылы кеңес мүшелері қарап, талқылаған істердегі мемлекеттік сатып алуға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың үлесі 8 пайызға тең болғандығын, ал 2013 жылы бұл көрсеткіштің деңгейі 36 пайызға, 2014 жылы 43 пайызға жеткендігін атап көрсетті. Баяндамашы өкінішке қарай мемлекеттік сатып алуда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауға жағдай туғызып отырған және өздері де жемқорлыққа салынған жекелеген облыстық және аудандық деңгейдегі басшы кадрлардың бар екендігін ашық айтып, кездесуге қатысушы мемлекеттік қызметкерлерді ондай жаңсақ қадам жасаудан сақ болуға шақырды. Өз кезегінде сөз алған ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бөлім басшысы Ғалымжан Қожахметов те алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуда заң талаптарын бұзуға жол бермеу, алдын алу және жолын кесу үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың құқықтық нормаларын бұлжытпай орындаудың басты назарда болуы қажеттігіне тоқталды. Бұдан кейін мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуы туралы баяндама жасаған облыс бойынша тексеру комиссиясының талдамалық жұмыс және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Жолымбетов 2013 жылы жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижесінде 3623100 мың, ал 2014 жылы 4006600 мың теңгеге қатысты заң талаптарының бұрмаланғандығы анықталғандығын әрі соған орай кінәлілерге тиісті мөлшерде айыппұл салынғандығын баян етті. Кездесуге қатысушылар мемлекет қаржысын оңтайлы және тиімді жұмсауға, өнім өндірушілерге теңдей мүмкіндік беруге, адал бәсекелестік пен мемлекеттік сатып алу үдерісінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, отандық тауар өндірушілер мен жұмыс берушілерге қолдау көрсетуге негізделген мемлекеттік сатып алу туралы заңның орындалу барысы бойынша жүргізілген прокурорлық тексерулердің қорытындылары туралы мәліметтерді де ден қоя тыңдады. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ғани Абдрахмановтың хабарламасынан 2014 жылы тек прокурорлық тексерулер кезінде жалпы мөлшері 1 миллиард теңгеден асатын 16 мемлекеттік сатып алу конкурсының заңсыз деп танылып бұзылғандығы, 766 заң бұзушылықтың анықталғандығы, оған себепші болған 192 тұлғаның тәртіптік, 41 тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы, мемлекет пайдасына 80 миллион теңгеден астам қаржының қайтарылғандығы белгілі болды. Кездесу соңында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықпен күреске айрықша мән беріп отырғандығын, соған орай жемқорлыққа қарсы заңнаманың қатайтылғандығын, нақтылы кезеңде жемқорлыққа салынғаны үшін мемлекеттік қызметтен қуылған азаматтардың өмір бойы мемлекеттік қызметтің есігін аша алмайтындығын айта келіп, қоғамды жегі құрттай жайлаған сыбайластықты ауыздықтаудың ең оңтайлы жолы, оның алдын алу болып табылатындығын және осы ретте құқықтық кеңес аламын деушілер болса, оларға өзі басқарып отырған мекеменің есігі әр уақытта да ашық болатындығын жеткізді. Басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қорытындылады.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді