Жеңіске жол ашқан

Жеңіске жол ашқан
ашық дереккөз
Жеңіске жол ашқан

жерлесіміз Нурулла Фазлаевтың ерлігі жұрт жадында

Төрт жылға созылған  екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат баласына әкелген қайғы-қасіреті аз емес. Сұрапыл жылдарда бір ғана жамбыл облысынан 41453 жауынгер әскерге аттанған. Оның 15536-сы майданда қаза тауып,  13639-ы із-түзсіз, хабар-ошарсыз кеткен. халықтың Көңілге медет тұтары – фашизмнің өз ұясында тұншықтырылып, Жеңіске қол жетуі. Ел басына күн туған сол шақта  қолына қару алып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен 500-ден аса қазақстандық «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. біз оны мақтан тұтуға тиіспіз. Облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясы  Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай осынау болмысы бөлек батырлардың арасындағы жамбылдық жампоздар туралы мақалалар топтамасын беруді бастады.

Кешегі күндей күркіреп өткен соғыс кезінде айрықша ерлік көрсеткен жерлестеріміздің 20-сы Кеңес Одағының Батыры, 7-еуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанғанын мұрағат құжаттары нақты айғақтап беріп отыр. Солардың ішінде тараздық Нурулла Фазлаев жөнінде деректер жинау бізге аса қиынға түспеді дей алмаймыз. Біраз ізденуімізге, сағаттар бойы тапжылмай отырып, ғаламторға үңілуімізге де тура келді...

Батырымыздың дерегі, абырой болғанда, 1968 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Библиографиялық көрсеткіштен» табыла кетті! Кейіпкеріміз жөнінде оның 337-338-беттерінде жазылыпты. Іздеген адамымыз 1909 жылы Татар АССР-нің Мочалей деревнясында шаруа отбасында дүниеге келген екен. Ұлты – татар. Cондағы мектептің 7-сыныбын бітірген. 1940 жылы Жамбыл қаласына қоныс аударып, қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде құрылыс-жөндеу, ағаш өңдеу, тас қалаушылық жұмыстарын атқарыпты. Келер жылында еліміздегі 253-инженерлік-құрылыс батальоны құрамында әскер қатарына алынған. Әскери құрылысшылар өздерінің алдарына қойылған маңызды әскери тапсырманы мейлінше қысқа мерзім ішінде абыроймен орындап та шығады. Нұрекең 1943 жылдан бастап майданның алғы шебінде болып, жаумен кескілескен бірқатар ұрыстарды бастан өткереді. Курск иіні үшін майданға қатысады. Осы атышулы айқас алдында Фазлаев құрамында болған батальонға аумақты минадан арылтып, шабуылдаушы әскерлерге жол ашу жүктелген-ді. Міне, осы қауіп-қатері мол іспен Фазлаевтың бөлімшесі айналысты. Бөлімше cаперлері алғашқы күні – 500, екінші күні – 750, үшінші күні 1000 жау минасын залалсыздандыруға қол жеткізеді. Осынау саперлер расчетінің Еуропадағы Висла, Припьят, Эльба, Днепр, Днестр өзендері үстіне пантонды көпір салып, жол ашып, жаяу әскерлердің арғы беттегі майдан шебін кедергісіз жаулап алуына мүмкіндік туғызғаны да елдің есінде. 281-жеке шабуылдаушы инженерлік-саперлік батальонының (1-Украин майданы, 13-армия, 19-инженерлік-саперлік бригадасы) бөлімше командирі, старшина Фазлаев 1945 жылы 26 қаңтарда Хохбаушвиц елді мекені аумағындағы (Польшаның Сьцинава қаласының солтүстігінде 6 шақырымдай жерде) Одер өзенінен өту кезінде алғашқы болып паром қатынасын дәлме-дәл үйлестіре алды. Мұның сол тұста айтулы ерлік ретінде бағаланғаны белгілі. Бригада командирінің старшина Фазлаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы марапат қағазында аталмыш ерлік былайша егжей-тегжейлі жазылыпты: «1945 жылдың 26 қаңтары, жаяу әскерлер Одер өзеніне әлі келіп жетпеген кез еді, старшина Фазлаев өз расчеті күшімен Хохваушвиц аумағында паромдық бағыттауды бірінші болып жүзеге асырды. Пароходқа, екі дот пен бронекатерге жасырынған немістер жағалауға ұдайы оқ жаудырумен тұрған еді. Фазлаевтың расчеті түн қараңғылығын жамыла әскерді келесі жағалауға қауіпсіз бағыттай алды. Саперлер батыс жағалауға келіп жеткен жаяу әскерлермен бірге немістерге қарсы кескілескен ұрыс жүргізіп, оларды жасырынған «апандарын» тастап шығуға мәжбүр етті. Фазлаев өз расчетімен бірге паромда бес тәулік бойы тізе бүкпей, демалыссыз жұмыс істеді». Татар жігітінің майдан даласындағы бұған дейінгі ерліктері I, II дәрежелі Отан соғысы, екі Қызыл Жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальмен атап өтілген еді. Енді оның омырауында Батырдың «Алтын жұлдызы» жарқыл қақты... 1945 жылы старшина Фазлаев сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтаған қаруластары қатарында елге оралып, бейбіт өмірдегі тірлікке белсене араласты... Жуықта батырдың көп жылдар бойы денсаулық сақтау саласында орта буын медицина қызметкері болып жұмыс атқарып, зейнетке шыққан қызы Роза Жолдасованың үйінде болдық. Оның айтуынша, әкесі мен шешесі тәрбиелеп қатарға қосқан бес перзенттің бүгінде үшеуі (өзі және сіңлісі Румия екеуі Таразда, інісі Ринат Шымкентте тұрады) аман-есен ғұмыр кешуде екен. Екі ұл ертеректе дүниеден озған. Бала-шағалары бар. Бүгінде Батырдың ұрпағы – 10 немересі, 19 шөбересі өсіп-өніп өркенін жаюда. – Бір ғана біздің өзімізді «көп ұлтты отбасы» деуге әбден болады. Келінім – литвалық, күйеу балаларымның бірі – орыс, екіншісі – қытай ұлтынан. Күйеуім марқұм Якубжан өзбек болатын, – дейді Роза апай. Нурулла жас кезінде Донбаста шахтада жұмыс істепті. Болашақ жары София Гараеваны сонда жолықтырып, екеуі ұрпақтарын өрбітетін құтты мекен ретінде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласын таңдапты. Соғыстан кейін де осында «Казкоопинсоюз» мекемесінің, ағаш қоймасының директоры, зейнетке шыққаннан кейін былғары комбинатының қызметкері болып жұмыс атқарып, жетпіс жасына дейін еңбектен қол үзбеген. Қоғам жұмысына шын берілген, талапшыл, адал адам болып ғұмыр кешіпті. Қала орталығынан ойып тұрып тәуір пәтер, жеңіл көлік алуына да болатын еді. Алайда ол кісі «Мен осы үшін соғысқан жоқпын» деп мұндай жеңілдіктің бәрінен де бас тартқан. Қала басшыларының тіпті бір жолы тәуір көлік алып мініңіз деп мол ақша ұсынғанын жақтырмай, үйінен қуып та шығыпты. Дүкенде де кезегін қатаң сақтайды екен. «Жолдас Батыр, сіз не затты да кезексіз ала аласыз ғой» дегендерге «Жоқ, өйтуге болмайды» деп қарсылық танытатын көрінеді. Туған жері Мочалейде де сирек болған. «Менің туған үйім Қазақстан!» деуінен жазбапты, жарықтық. Тараз жерінде жары София екеуі алпыс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп, «Алтын тойларын» да дүрілдете өткізген. Сексен төрт жасында дүниеден өтерінде де қызы Розаға өзін Тектұрмас етегіне мұсылманша жерлеуін аманат еткен екен. Осылайша ол өзінің ұрпағы өсіп-өрбіген өлкеге адалдығынан, сүйіспеншілігінен әсте айнымай өтті. Өкінішке қарай, бір кезде Батыр тұрған қаланың М. Мәметова атындағы көшесіндегі жер үйден жұқана да қалмапты. Қазір оның орнында кәсіпкерлік нысан бой көтерген. Есесіне 5-Бульварная көшесі бүгінде Фазлаев есімімен аталады. Кіші қызы Румия отбасымен осы көшенің бойында тұрады. Сондай-ақ, өзінің туған селосы Мочалейдегі орта мектеп те Батыр атында. Батырдың ғұмыры тарихқа, тағылымға айналды...

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар