«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақындар аламаны үздіктерді анықтады

Ақындар аламаны  үздіктерді анықтады
ашық дереккөз
Ақындар аламаны үздіктерді анықтады

жас айтыскерлер елдікті жырлады

7Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығы және Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – тарихтан жеткен ұлы сый» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Түрлі кезеңдерден өткен қазақ елінің тарихын, қазақ хандығының негізін қалаған тұлғалардың ұлы ерліктерін, ата-баба мұрасы айтысты кеңінен насихаттау, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына үн қосу, жас ұрпақтың патриоттық сезімін ояту мақсатына негізделген жыр додасына өңіріміздің әр түкпірінен он екі жас айтыскер ақын қатысты.

Олар алғашқы айналымда алты жұп болып айтысып, шабыттары шалықтап, жақсы өнер көрсеткен төртеуі ақтық сынға жолдама алды. Айталық, алғашқы айналымда керемет айтыс көрсеткен жас айтыскерлер Нұрлыбек Құрманов пен Рай Дөңбай екеуі де келесі кезеңге өтсе, Нұрлан Жұмабектен бабы басым түскен Қанат Мырзаханмен қатар Мейіржан Жекебаевты жеңген Шыңғыс Кенжеәлиев те соңғы айналымнан табылды. Сонымен Жуалының талапты ұлы, бұл күнде елімізге есімі танылып қалған Қанат Мырзахан ақтық сында Жамбыл ауданының тумасы, ТИГУ-дың магистранты Нұрлыбек Құрмановпен бақ таластырса, байзақтық Рай Дөңбай мен Шыңғыс Кенжеәлиев те өзара сөз қағыстырды. Нәтижесінде танымал айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова бастаған қазылар алқасы жуалылық Қанат Мырзаханды бас жүлдеге лайық деп тапса, жамбылдық Нұрлыбек Құрманов бірінші орынды жеңіп алды. Ал байзақтық Рай Дөңбай екінші орын биігінен көріне білсе, Шыңғыс Кенжеәлиев пен шулық Нұрлан Жұмабек жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлық пен дипломдар табысталса, айтысқа қатысушы барлық үміткерлер мақтау қағаздарымен марапатталып, демеушілер тарапынан ақшалай сыйлықтарды иеленді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар