«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құланның қос қарлығашы

Құланның қос қарлығашы
ашық дереккөз
Құланның қос қарлығашы
Гүлмира мен Гүлнұр Қас қарайып қалған шақ. Жаздың май тоңғысыз күні артта қалғанын ұқтырғандай қоңыр күздің түні ызғарлы-ақ. Орталықтағы ашық аспан астындағы сахна маңы ығы-жығы. Құлағым әнде болғанымен, көзім сахна сыртында тұрған танымал әншілерде. Бала кезден құлаққа сіңісті, әуезді әнге құмарлық, қазақ эстрадасының жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Тахмина Әшімбекова, Гүлмира Ақүрпекова, Гүлнұр Өмірбаеваның өнерін тамашаласам деген құштарлық тып-тыныш жылы үйде жатқан жерімнен сүйрегендей, сыртқа шығарған. Сол жолы концертте Гүлмира мен Гүлнұр бірінен соң бірі сызылтып, ән шырқады. Бұрын «Екеуінің есімдері де «гүл»-ден басталады, екеуі де бір ауданнан шыққан» деп сырттай өнердің қос қарлығашының бойынан өзара ұқсастық іздеп жүрсем де, оларды қатар тұңғыш көрдім. Әсілі, адамға адам әсте ұқсамайды. Гүлмира сұңғақ бойлы, Гүлнұр сәл аласалау, екеуінің он бір жас айырмашылығы бар. Бірі – әнсүйер қауымға гитарасымен танылса, екіншісі – сахнаға алғаш домбырасымен шыққан. Т.Рысқұлов ауданындағы Әбжапар ауылында туып-өскен Гүлмира Сәкенқызы мен Көкдөнен ауылының түлегі Гүлнұр Шәкенқызын бір арнаға тоғыстырған – өнер. Екеуі де әнге құмар. ... «Өмір деген бұрқанған дарияға бұрымымнан ұстап ап лақтырдың Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда Бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім». Осылай жырланатын «Қыз монологы» әнін естіген сайын өзгеше әсер аламын. Ақын Фариза Оңғарсынованың өлең сырын сазгер Гүлнар Шәмшиева әуезді әнге айналдырса, оны жүректің нәзік қылын дір еткізгендей тыңдарманға жеткізген әнші – Гүлмира. Өзінің қайталанбас нәзік даусымен, өнерімен халықтың ерке қызына айналған ол көп балалы отбасынан шыққан. Оның репертуарындағы «Мен қазақтың қызымын», «Тамды аруы», «Шырқа гитара», «Арусың, Алматы», «Махаббаттың жазылмаған заңы», «Қайықта», «Бақытымсың, сен ана» деген әндерді жұртшылық сүйіп тыңдайды. «Жүрегіме әнге деген құштарлық маза бермеді», – деп көпшілікке сырын ашқан ол Абай атындағы Қазақ Ұлттық институтының химия-биология факультетін, аталмыш оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған. Алғашында биология пәнінен сабақ берген ұстазды сахнаға қайта шығарған да әншілік өнері. ... «Қыздар, қыздар, сұлу қыздар, Неткен ғажап, сұлусыңдар, Қыздар, қыздар, Сұлу қыздар!». Сырлы сезімге толы әнді автордың өз орындауында тыңдаудың өзі ғанибет. Өлеңмен өрнектелген әннің сөзі мен әуезді сазы жымдаса бітісіп кеткендей сезіледі. Сымбатты аруларды анық бейнелеген – cурет пе дерсің. Тыңдарманына сұлулардың қасында жүргендей бойына желік беріп, еліктіріп әкететін ән. Гүлнұр Өмірбаеваны әнші-сазгер ретінде алғаш танытқан туынды осы. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында білім алып, аспирантураны тәмамдаған ұстаз бүгінде сол оқу орнында «Музыкалық білім және мәдениет» факультетінің деканы. Оның қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазған алғашқы тырнақалды «Махаббатым өзімде» әні кезінде ауыл жастарының жаппай айтатын әніне айналса, ақын Исрайыл Сапарбайдың сөзіне шығарған әні «Ана әлдиі», Сайлаубай Тойлыбаевтың сөзіне жазылған «Жан әке, туған күніңмен», сондай-ақ, «Өмір», «Жұбайлар жыры», «Достық нұры», «Сенемін», «Сен деп білем», «Ардақты ұстазым» әндері әуенсүйер жандардың көңіл қуанышына айналған. Жоқ, кісіге кісі ұқсамағанымен перзент топырағына тартып туады екен. Көпшілік арасында өнерлілер өлкесі аталып кеткен Құлан өңірінен түлеп ұшқан қос өнерпаздың өмір жолы, өнер жолы өзгеше болғанымен, ән таңдаудағы талғамдары өзара ұқсас. Екеуінің де даусы халық әндерін айтатын әрі эстрадалық музыкаға арналған. Орындайтын әндері әншілердің жанының нәзіктігін көрсетіп тұратындай...

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар