Қазағыма құт болған бұл паң ғасыр
тарих беттерін парақтаған қойылым соңы осылай түйінделді Тараз қалалық Мәдениет үйінде «Қазақ тарихының терең тағылымы» атты әдеби-сазды сахналық қойылымға негізделген әсерлі кеш болып өтті. Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында ұлттық тарихымызды ұлықтау мақсатына негізделді. Мәдениет үйі ғимаратының залына лық толған көремендер қатарында қаламыздағы барлық білім беру ошақтарының өкілдері, оқушылар, ата-аналар комитеті, сондай-ақ, Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері де болды. Олар шымылдық түріле салысымен, алдымен сахнадағы үлкен экраннан жарты дәуірді қамтыған қазақ даласындағы қилы оқиғаларды баян ететін бейнероликті тамашалады. Қазақ хандығының қалай құрылғанынан бастап осы күнге дейін шолу жасаған бейнеролик арқылы көпшілік көкейлеріне көп нәрсе түйе білді. Одан кейін-ақ әдеби-музыкалық қойылымға кезек келіп жетті. Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 8-11 сынып оқушыларының сахналауымен өрбіген қойылым алты бөлімге ыңғайластырылыпты. Керей мен Жәнібек хандардың тарихтағы тағылымды істері, «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ халқының қасіреті, Үш жүздің басын біріктірген, батыр-қолбасшы, хан Абылайдың бейнесі, Кеңес кезеңіндегі аштық пен жаппай жазалау геноциді, Ұлы Отан соғысының қасіреті мен қазақ жастарының ар-намысын қозғаған «Желтоқсан оқиғасы» секілді тарихи кезеңдерден сыр шерткен бөлімдерде оқушылар сомдаған тұлғалар бейнесі де, оқиғалардың шиеленісуі де сәтті әрі нанымды шығып жатты. Қойылымдағы әр бөлімнің шарықтау шегі көкірегі ояу көрермендерді тебірентіп, көздеріне жас та іркіп жатқандары соның айғағы десек те болады. Әсіресе, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылайдың серті» драмалық шығармасының желісінде сахналанған бөлімде тұтқындағы қазақ ханының танытқан ерлігі, шешендігі мен ұшқыр ойлылығының бәрі қазақ ұлтының тектілігін аңғартқанда іштей марқайып қалсақ, зұлматты жылдардағы ашаршылықтан қырылған боздақтардың жан дауысы, амалсыз жоқтан барды талғажау еткен ана мен балалардың зары залды күрсініске толтырды. Сахналық қойылымдар арасы патриоттық сарындағы әндермен әрленіп отырды. Кештің соңы «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталғаны сан нәубетті бастан өткерген еліміздің бұл күнгі жеткен жетістігіне деген қонақтардың бойындағы мақтаныш пен шүкіршілік сезімдерін тулатып-ақ жіберді.
Айта кету керек, бұл ретте аталмыш мектеп оқушыларының еңбегі орасан. Керей хан бейнесін сомдаған Әділет Нұртанның, Моғолстан билеушісі Есен-Бұғаның бейнесін сомдаған Әділет Шымбаевтың, Жәнібек ханның бейнесін сәтті алып шыққан Бақтияр Абибулланың, Жоңғар қоңтайшысы Қалдан-Серенді бейнелеген Әлімжан Ағаділовтің шараға барынша шын ықыласпен атсалысқандары байқалып тұрды. Сонымен қатар Абылай хан бейнесін нанымды алып шыққан Ғалым Амангелді мен өткен ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың бейнесінде «Ленинградтық өренім» атты өлеңін зор әсермен оқып жеткізген Тоймұрат Қожамұратовқа да жұрт ризашылық танытып жатты. Осынау тарихтан сыр тартқан әдеби-сазды қойылымға жетекшілік еткен, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Мәкен Рақымжановаға да көпшілік қауым алғыстарын ақтарды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді