«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ

Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ
ашық дереккөз
Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ
немесе әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік Ел тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейін арттыру, әлеуметтік қызмет пен көмек көрсету саласын жетілдіру мемлекетіміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды міндеті саналып келді және солай болып қала да бермек. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында да ертеңгі күнге зор үміт артатын, болашаққа бағыт-бағдар беретін Мәңгілік Ел болып ұйысу идеясы арқылы жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, халқымызды ұшпаққа шығарар ұлы күш бірлік пен берекеде, еңбекте екендігін баса айтты. Әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі халықты жұмыспен қамту болуына байланысты кедейлік деңгейін бұдан әрі де төмендету және жұмыссыздықтың өсуіне тежеу қою, 2020 жылға қарай оның деңгейін 5 пайыздан асырмау міндеттерін алдымызға қойды. Мемлекет басшысының «әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» деп айқындап бергеніндей, біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бір сөзбен айтқанда, біз әлеуметтік еңбек аясының барлық саласында маңызды жұмыстарды жүзеге асыруымыз қажет. Бұл – өте өзекті және маңызды міндет. Әрбір адам тек өнімді және адал еңбек қана өзінің өмірін жарқын, мағыналы ететінін түсіне білуге тиіс. Міне, сонда ғана әрбір қазақстандықтың қол жеткізер жетістігі молайып, әл-ауқаты да жақсара түсетін болады. Бұл тұрғыда өңір халқын жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытында былтыр «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасының» бағыттарын іске асыру аясында жұмыспен нәтижелі қамту үшін жаңа жұмыс орындарына орналастыру және ваканттық жұмыс орындарын таңдау, даярлау, қайта даярлау біліктілігін арттыру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу, жастар тәжірибелерін ұйымдастыру секілді бірқатар оңды тірліктер атқарылды. Атап айтқанда, облыс бойынша 2014 жылы жұмыспен 46085 адам қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 22653 адам, маусымдық жұмыстарға – 14798 адам орналасса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақылы қоғамдық жұмыстарға – 3445 адам, жастар тәжірибесіне 2662 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1448 адам тартылды. Бағдарлама аясында инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша жобаларды іске асыру бойынша 1079 адам жұмысқа орналасты. Жалпы жұмыспен қамтылған 46085 адамның 49,2 пайызы (22653 адам) тұрақты жұмысқа, оның ішінде 5758-і жаңа ашылған жұмыс орындарына орналасты. Жолдауда мемлекеттік көмек алушылардың еңбек етуге жарамдыларын жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті түрде қатыстыру талабы алға қойылып, масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды екені атап көрсетілген-ді. Бұл тұрғыда жұмыспен қамтудың белсенді түрлерін іске асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2014 жылдың 3-тоқсанында 5,1 пайыздан 4,9 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі сәйкесінше 5,1 пайыздан 4,5 пайызға төмендеді. Өз бетімен жұмыспен айналысушылардың үлесі 50,9 пайыздан 49,6 пайызға дейін төмендеді. Осы орайда, нәтижесіз өз бетімен жұмыспен айналысушылардың үлесі 6,8 тармақтық пайызға немесе 39,5 пайыздан 32,7 пайызға төмендеді. 2014 жыл ішінде табысы кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтардың саны 2061 адамға кеміп, 2015 жылдың 1 қаңтарына 6151 адамды, ал жалпы халық ішіндегі олардың үлесі 0,6 пайызды құрады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 981 адамға, 18 жасқа толмаған балаларға берілетін жәрдемақы алушылар 229 адамға кеміді. Атаулы көмек алушылар ішіндегі жұмысқа жарамды азаматтардың үлесі 29,1 пайыздан 28,2 пайызға дейін төмендеді. Қалыптасқан жағдай – халықтың әл-ауқатының жоғарылағаны және берілетін әлеуметтік көмектің атаулылығы күшейгенінің нақты айғағындай. Сондай-ақ, облыс бойынша табысы кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтардың және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санының азаюының негізгі себебі, 2014 жылдан бастап облыста «Өрлеу» шартты ақшалай көмек пилоттық бағдарламасының іске асырылуына қатысты болып отыр. Жыл ішінде облыста 2481 отбасындағы 13771 азаматқа жалпы сомасы 307,5 миллион теңгенің шартты ақшалай көмегі (оның 255,6 миллион теңгесі республикалық трансферттен) тағайындалды. Мүгедектердің жағдайын жақсарту облысымыздың әлеуметтік саласындағы саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Басқарманың мүгедектерді оңалтудағы атқарған жұмыстары әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері желісін кеңейтуге, мүгедектердің жеке қажеттілігін ескере отырып, техникалық құралдармен қамтамасыз етуге, жергілікті санаторлық-профилакториялық мекемелерде денсаулығын сауықтыруға мүмкіндік туғызды. Олардың жұмыспен қамтылуы мен қоғамдық ортаға кедергісіз кіріп-шығу мәселесі де шешімін табуда. 2014 жылы 819 мүгедек жұмыспен қамтылды, оларға қолжетімді орта құру үшін 209 нысан толығымен бейімдеуден өтті. 2009 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер стандартының енгізілуіне байланысты медициналық-әлеуметтік мекемелерде қосымша штаттық бірліктер қарастырылып, көрсетілетін қызметтер түрі де көбейіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс әрбір мүгедекке жеке ұсынылатын әлеуметтік көмектердің сапасын арттыру мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін жартылай стационарларды үкіметтік емес сектор арқылы дамытумен жалғастырылады. Еңбек нарығындағы теңгерімсіздік негізгі ішкі фактор болып қалып отыр. жұмыссыздық болғанымен, облыста еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың, жұмыс күшінің кәсіби-біліктілік құрылымының жұмыс беруші талабымен сәйкес келмеуіне байланысты бос жұмыс орындары әлі де сақталуда. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысында әлеуметтік көмек тек мұқтаж азаматтарға беріліп, жұмысқа жарамды азаматтарды әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамту тәжірибесі биыл да жалғастырылады. Бөлінген әлеуметтік қаржы қажет етіп отырған отбасыларын толықтай қамтамасыз ете алады. Олардың ауыл шаруашылығымен, оның ішінде мал шаруашылығымен және жеке шаруашылықпен айналысу мүмкіндігі одан әрі кеңейтіле бермек. Сайып келгенде, басқарма мен оның салалық құрылымдарының қызметкерлері алдағы уақытта да жұмыссыз азаматтардың тиімді жұмыспен қамтылуына оң ықпал ете беретін болады.

Жорабек БАУБЕКОВ,  облыс әкімдігі жұмыспен  қамтуды үйлестіру және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар