«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағдарламалар баянды істермен жалғасуда

Бағдарламалар баянды істермен жалғасуда
ашық дереккөз
Бағдарламалар баянды істермен жалғасуда

19Жуалылықтар аудан әкімінің есебін тыңдап, өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарының қорытынды нәтижелерін білуге айрықша ықылас танытты. Содан да болар, жиынға аудандық мекемелер басшылары мен түрлі сала қызметкерлері, ардагерлер мен жастар өкілдері көптеп келді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов қатысты.

Аудан басшысының ауылдық округтерде барлығы 3665 адам қатысуымен бұған дейінгі өткізілген есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан 37 ұсыныс-өтініш айтылып, олардың ең өзекті деген 15-і аудан әкімінің іс-шаралар жоспарына да енгізіліпті. 13-і нақты іс жүзіне асырылып, қалғаны тұрақты бақылауға алынған екен. Аудан әкімі Батырбек Құлекеев аудандық Мәдениет үйінде өткен қорытынды есебінде де жуалылықтардың сан салада қол жеткізген жетістіктеріне жан-жақты тоқталды. Аудан бойынша есепті мерзімде 31173 гектар масақты, 23146 гектар майлы дақыл, 2122 гектар картоп, 631 гектар көкөніс егістіктерінен тиісінше өнім жиналып алынған. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімі 17 миллиард 435 20миллион теңгені (мұның алдындағы жылғыға қарағанда біршама жоғары) құрапты. Жеке аулалардағы, қожалықтардағы қой-ешкі, мүйізді ірі қара, жылқы, құс саны артпаса, кемімеген. Егін мен малдан алынар өнім есебінен жуалылықтардың бұрнағыдан да бақуаттана түскені байқалады. Осы орайда субсидия бойынша барлығы 553 шаруашылықтың құжаттары қабылданып, оларға 251 миллион теңге көлемінде қаражат төленген. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша ондаған шаруа қожалығы несие алып, өздеріндегі мал басын көбейту мүмкіндігіне ие болыпты.

Бүгінгі таңда аудан көлеміндегі 3533 кәсіпкерлік нысаны барлығы 8507 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын кәсіпкерлікті несиелендіру ісімен бүгінде ауданда 5 микрокредиттік ұйым тікелей айналысуда екен. Осы құрылымдар көмегімен қаржыландырылған азаматтар саны көбейіп келеді. Нан өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру бағытындағы шаралар да қарапайым халық үшін үлкен әлеуметтік қолдау болып отыр. Құрылыс ісі де кең қарқынмен дамуда. – Бұл мақсатқа қыруар қаржы аударылды. Мұның ішінде «Көксай» каналы, аудан орталығындағы әлеуметтік ғимараттар, жаңа мектеп пен балабақша, сондай-ақ, үш ауылдағы жаңа білімұя ғимараттары бар. Олардың сырты ғана әдемі емес, ішкі безендірілуі, жарақтандырылуы да заманауи талаптарға әбден сай келеді. Былтыр он сегіз мектепті жөндеуден өткіздік. Мұның қайтарымы жоқ емес. Білім сапасы жөнінен ауданымыз облыс бойынша алдыңғы жылы екінші, былтыр бірінші орынға шықты, – деп атап өтті аудан басшысы. Оның айтуынша, мұндай қолдаудан медицина саласы да қағыс қалмаған. Есепті мерзімде Көлтоған ауылында дәрігерлік амбулатория, Көктөбе, Дихан ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, жалпы алаңы 8512 шаршы метрді құрайтын 73 тұрғын үй аула құрылыстарымен бірге қабылданған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 26 146,8 миллион теңгені құрап, 2013 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 165,9 пайызға асыра орындалыпты. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына байланысты 36 маманға 129, 6 мың теңгеден, барлығы 4 667,0 мың теңге көтерме жәрдемақы беріліп, несие бойынша 20 маманға 2 778, 0 мың теңгеден, барлығы 55 560, 0 мың теңге қаржы төленіп, тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Баяндамашы аудандағы кедейшілік деңгейінен төмен тұратын отбасылардың үлесі 2014 жылы 0,4 пайызды құрағанына да тоқталды. Олар үшін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, мектепке дейінгі балалы отбасылар мен үйде тәрбиеленіп, оқытылатын мүгедек балаларға жәрдемақы тиісті көлемінде уақтылы берілуде. Мұндай жәрдемқаржы биыл да азаймайды. Ауданда бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны артып келеді. Бұған жыл ішінде үш бірдей спорт нысанының іске қосылуы да септесіп отыр. Осы орайда Б. Құлекеев: – Орталықтағы спорт кешеніне күніне екі жүз адам келеді. Аптаның үш күнінде болашақ аналарымыз – қыздарымыз осында спорттық жаттығулармен айналысып, тіпті спорттың баскетбол, волейбол түрлерінен қыздар командасы құрылуына ұйытқы болса дейміз. Құрал-жабдықтары жетімсіздеу болса, қосымша қаржы да бөлеміз. Б.Момышұлы ауылындағы орталық стадион 70 753 155 теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Биыл ауқымды шараларды сонда өткізетін боламыз, – деп жуалылықтарды спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануға шақырды. Батырбек Әбдірәсілұлы ауданның 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы да тоқталды. Былтыр республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражат есебінен Күреңбел, Т.Дүйсебайұлы ауылдық клубтары, Қарасаз ауылдық Мәдениет үйінің қазандығы ағымдық жөндеуден өткен. Алдағы уақытта аудандық Мәдениет үйінің ғимаратын жөндеу қолға алынбақ. Апатты жағдайдағы Абай, іргенегізі қаланып қойылған Ғабдуллин мектептері ғимараттарының құрылысы биыл бітеді. Аудан орталығы тұрғындарын таза ауыз сумен жеткілікті қамту мәселесі де оң шешімін таппақ. Жалпы, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлік саласына бөлінер қаржы тоқталмайды. Аудан орталығы ғана емес, жекелеген ауылдардың да абаттандырылуы, жарықтандырылуы, жолдары жөнделуі, сәулеті артуы жолында тындырылған тірліктерге де тұрғындар дән риза. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауданда 25 елді мекенге 50 жоба ұсынылып, 50 708,4 мың теңгенің жұмыстары атқарылған. Оның ішінде 24 777 мың теңгеге 19 елді мекен жарықтандырылып, аудандық маңызы бар – 1, ауылішілік 21 автомобиль жолы жөндеуден өткізіліпті. Аудан басшысы өз есебінде «Ауданның жолының бәрі жақсы. Биыл орталықтағы он екі көшені де жөндейміз», – деп «бурныйлықтарды» бір қуантып тастады. Бұдан соң тұрғындардың жазбаша түскен сауалдарына жауап беріп, олардың өтініштеріне сай шаралар қабылданатынын айтты. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж. Мұратай, аудандық орталық аурухананың акушері И. Мамедова, Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияның директоры В. Письмак, Б. Момышұлы ауылының тұрғындары Т. Қалиев, М. Тойшыбеков, тағы басқалары аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, ризалықтарын жеткізді. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов аудан экономикасының тұрақты даму үстінде екенін атап өтіп, жуалылықтардың алдағы уақытта да еңбек қарқынын одан әрі еселей түсетіндігіне сенім білдірді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар