Қай салада да қарышты қадамдар

Қай салада да қарышты қадамдар
ашық дереккөз
Қай салада да қарышты қадамдар

Әлемдік экономикалық дағдарыстың дүмпуі күшейіп, күрделі кезеңнің күрмеуі шешілмей тұрған тұста бір мүдде мен бір мақсаттың аясында жұмылған мемлекетіміз мығым саясаттың арқасында қадамын нық басып келеді. Даму көрсеткіштері ырғағынан жаңылмай, ілгері жылжуда. Бұл ретте, өндірісі өркен жайып, жаңа кәсіпорындар қарқынды іске қосылып жатқан облысымыздың сүбелі үлесі көрініп-ақ тұр. Өткен жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, қай саланы алсақ та, даму динамикасының едәуір артқанын аңғаруға болады. Оның ішінде, ішкі нарықтың тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласындағы кешенді ілгерілеу ауылды жерлердегі ахуалдың арта беретіндігіне сенімді күшейтуде. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, облысымыздағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 162,8 миллиард теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 102,6 пайызға артқан. Шаруашылық бағытында уақыт талабымен қадамын тең басып, жаңалықтарға бірден бейімделіп, тіршілік тынысын кеңейтіп келе жатқан Шу ауданы да әдеттегідей көрсеткіш динамикасынан таймай, өнім көлемін арттырды. Есепті жылы ауданда өндірілген жалпы өнім өткен жылға қарағанда 2,5 миллиард теңгеге өсіп, 111,9 пайызға артық орындалып отыр. Аграрлық ауданда 125076 гектар егістік жер бар. Оның 107268 гектары пайдаға асып, 18000 гектарына пар көтерілген. Яғни, егістік жерді пайдалану коэффициенті 85,7 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға жоғарылап отыр. Заманауи егістік технологияларын енгізу – табысты тірліктің ажырамас бөлігі. Әлемдік озық тәжірибе болып табылатын жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерінің қолданылу аясы облысымызда кеңейіп келеді. Шу ауданында 270 гектарға тамшылатып суғару әдісін енгізген Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Бектібай-1» шаруа қожалығының 240 гектар алқабына «manas f 1» сұрыпты пияз отырғызылып, жаңа технология күткен нәтижені ақтады. Бұл технологияны сондай-ақ, Бірлікүстем ауылдық округінде «Агровест» шаруа қожалығы 5 гектарға, Алға ауылдық округінде «Муслим» шаруа қожалығы 5 гектар егістік жерге қолданды. «АгроҚордай» ЖШС өткен жылы 120 гектар егістік жерге көпжылдық шөп егіп, тәулігіне 12 гектар алқапты суаратын итальяндық үш барабанды ирригациялық жаңбырлатып суару жүйесін қолдануды бастаған. Биыл қосымша 105 гектар жерге жүгері егіліп, америкалық «Valld» компаниясының жаңбырлатып суғару тәсілі енгізілді. Жылдан-жылға жамбылдықтардың жылыжай ісіне деген қызығушылықтарының артып келе жатқандығын көрсеткіштер дәлелдеп тұр. Яғни, облыста 406 жылыжай жұмыс істеп келеді. Ал Шу ауданында шаруашылықтың бұл бағыты бес жыл бұрын бастау алды. Осы уақытқа дейін көкөніс өсірумен айналысатын 5 жылыжай іске қосылды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде өлшеусіз рөлі бар бұл кәсіппен айналысуға ниетті аудан тұрғындарына міндетті түрде қолдау көрсетіледі. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы өндірісін қолдау, қаржылай көмек көрсету мақсатында аудан көлемінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 255,1 миллион теңге субсидия берілді, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің шығынын өтеуге 231,2 миллион теңге, мал шаруашылығы өнімдеріне 23,9 миллион теңге субсидия төленді. Облыс әкімінің есебі қарсаңында ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Самат Сейдахметов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар