«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйе бар жерде жұмыс жүреді

Жүйе бар жерде  жұмыс жүреді
ашық дереккөз
Жүйе бар жерде жұмыс жүреді
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдің абыройын аспандататыны да белгілі. Иә, тотыдай таранған Тараз өңірінде, жасыл желегі жайқалған Жамбыл жерінде осы салаға айрықша көңіл аударылып келеді. Бұл ретте облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен толайым тірліктер атқарылып жатқанын айрықша атап өту керек. Саланың қарыштап дамуына, замана ағымына сай техникалық базаның жаңғыруына да облыс әкімі ерекше көңіл бөліп жүр. Жыл өткен сайын спорт секторын дамытуға қазынадан қаралатын қаржы ұлғаймаса, кеміген емес. Мұның өзі облысымызда спортшылар қауымына үлкен қамқорлықтың жасалып жатқанын көрсетеді. Айталық, өткен жылқы жылында өңір спортының дамуына бюджеттен 5,65 миллиард теңге бөлініпті. Біле білгенге бұл – өте қомақты қаржы. Қазына қаржысы саланың серпінді дамуына септігін тигізгені сөзсіз. Мәселен, Қаратау қаласы, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында, Мойынқұм ауданында және шаһарымызда озық үлгідегі спорт кешендері пайдалануға берілді. Әлбетте, қамқорлық бар жерде нәтиженің күтілетіні мәлім. Биыл облыс спортшылары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Бәсі басым додаларда атой салып, медальды күреп алды. Оның бәрі облыс әкімінің біздің салаға ерекше назар аударғанының арқасы. Өз шәкіртім, бокстан әлемнің вице-чемпионы Юлдуз Маматкулова да жыл ішінде толайым табыстармен көңілімізді тоғайтты. Сары құрлықтың назарын аударған Азия ойындарында тұңғыш рет қазақ елінен атой салған дзюдошы бауырымыз Елдос Сметов қазақ елінің атын тарихқа алтын әріптермен жазды. Каратэдо шебері Гузалия Гафурованың да Азиядада алғаш топ жарған жерлесіміз екені бәрімізге мәлім. Сол себепті де өткен жылды тарихқа толы болды деуге негіз көп. Оған өңір намысын қандай сында болмасын абыроймен қорғап жүрген «Айша бибі» су добы клубының жетістіктерін, айдай әлем алдында Алаш намысын абыроймен қорғаған ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың жарқын жеңісін, Азиада жүлдесіне қол жеткізген дзюдошы Азиз Қалқаманұлы, Линария Мингазова мен жеңіл атлет Светлана Иванчукованың толайым табысын, регбиші аруымыз Нигора Нурматованың жүлдесін тағы да өзге спортшылардың еңбегін қосып қойыңыз. Одан бөлек былғары қолғап шеберлері Олжас Сәттібаев, Алмас Жақыпов, Асланбек Шымбергенов сынды өрендеріміз ел біріншілігінде Жамбыл бокс мектебінің десі басым екенін аңғартқаны бізді шын қуантты. Сонымен қатар, федерация кубогында атой салғандары тағы бар. Мұның бәрі өңірімізде спорт саласына қамқорлықтың мол екенін байқатады. Жүйе бар жерде жұмыс жүреді. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Демек, біздің жұмыс өз механизмімен, жүйесімен жүріп жатыр. Басшыдан қолдау, спортшыдан нәтиже бар. Қамқорлықты сезінген, түйсінген спортшылар әрдайым жүлдемен елді, спорт жанкүйерлерін қуантуды мақсат етеді. Біз өз тарапымыздан атқарылатын жұмысқа әрдайым қайратымызды сарқа жұмсауға әзірміз. Алда айқын мақсаттар, айтулы аламандар тұр. Сол сындарда да облыс әкімінің сенімінен шығуға, қамқорлығына нәтижемен жауап беруге дайынбыз.

Нұрхат Жапаров, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар