«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр жазамын жүрегіммен

Жыр жазамын жүрегіммен
ашық дереккөз
Жыр жазамын жүрегіммен

Н. Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебінде «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты апталықтың аясында қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері мен «Айжарық» әдеби клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, облыстың Құрметті азаматы, ақын Күләш Ахметова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың қатысуымен «Жыр жазамын жүрегіммен» атты кездесу кеші болып өтті. Кеш ақындардың өміріне қысқаша шолу жасай отырып, өлең-жырларын оқушыларға жаттатып, білімдерін одан әрі шыңдауына үлес қосу мақсатына негізделді. Ең алдымен жастар Күләш ақынның «Ақ гүлім менің», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Год любви», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Құтандардың қайта оралуы», «Жасыл жағалау», «Арғымақтардың даласы», «Наурыз нұры», «Күн шыққанда күліп оян», «Бақ», «Құт», «Махаббат» сияқты кітаптарынан әсерлі жырларды жатқа оқыды. Сондай-ақ, өнерпаздар нәзік жанды ақынның «Сен менің бақытымсың», «Жақсылықтың бағасы», «Жалғыз досым» және тағы басқа өлеңдеріне жазылған әндерін нақышына келтіре орындады. Қос ақынға кештің «Сыр-сұхбат» бөлімінде балалар әртүрлі сұрақтар қойып, олардың өмірінің кезеңінен хабардар болды. «Айжарық» әдебиет клубының мүшесі Аяна Дәуренқызы Күләш ақынға арнаған өзінің жүрекжарды шумақтарын оқып, ақ батасын алды. Келесі кезекте білім алушылар ақын Қайырбек Асановтың өлеңдерін оқи отырып, уақыт талабына сай көтеріліп отырған ел, жер, ұлт қамы, тәуелсіздік жемісі сияқты тақырыптар ақын поэзиясында кеңінен көрініс табатынын түсінді. Қос ақынның жырлары арқылы жастардың отансүйгіштік сезімдерін ояту, олардың ұлтжанды, жан-жақты білімді тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен кеш өте қызықты әрі әсерлі өтті.

Амангүл Бәкенқызы, Назарбаев Зияткерлік мектебі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар