«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Артық білім – кітапта

Артық білім – кітапта
Автор
Ауыл мектептерінің кітапханасы жаңа кітаптармен толықпақ. Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында ауылдық мектептерге арналған жаңа кітаптарды қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Игі іс-шара руханият жанашырлары мен жастардың басын қосты. Жиын барысында ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған түрлі жанрдағы әдебиеттер мен заманауи оқулықтар таныстырылды. Бұл бастама алыстағы елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-рухани базасын нығайтуға үлкен септігін тигізбек.

– Президент Жарлығымен белгіленген Ұлттық кітап күні аясында Жамбыл облысының ауылдық жердегі мектептеріне 17 мың кітап табысталады. Ауқымды жоба «ASSYLTAS» қоғамдық қорының «Артық білім кітапта» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаны қолдаған «140» білім орталығының басшысы Жұлдызай Мұсаева. Қазақтың мәрт жігіттері де аянып қалмады. Кітап керуені жол үстінде Қордай мен Меркі ауданына аялдады. Аудан жұртшылығы ерекше ықыласпен күтіп алды. Тараз жұртшылығы да бізді қонақжайлықпен қарсы алуда, – дейді «ASSYLTAS» қоғамдық қорының директоры Дулат Тастекей.

Бұл бастама – ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жоюға бағытталған маңызды қадам болды. Жаңа кітаптар оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын оятып, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға қызмет етеді. Жиын соңында қабылданған бағалы тартулар арнайы жоспар бойынша ауылдық мектептерге жөнелтілді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар