«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тауарды таңбалау адал бәсекелестікті қалыптастырады

Тауарды таңбалау адал бәсекелестікті қалыптастырады
Автор
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен «Тауарларды таңбалау және қадағалау» тақырыбында алқалы жиын өтті. Оған жеңіл өнеркәсіп пен сыра өндірісімен айналысып жүрген жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Түсіндіру жұмысы және Байланыс – Орталық» басқармасының басшысы Ерлан Нурмаханбетов ашып, жүргізді.

«Биыл Салық кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Біз соның ішінде бүгінгі басқосуда тауарларды таңбалау мәселесіне тоқталамыз. Бір қарағанда бұл жай ғана техникалық рәсім болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде таңбалау ашық экономиканы және адал бәсекелестікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл мемлекетке, бизнеске және қоғамға контрафактілік өнімдер мен тауарлардың заңсыз айналымына бірлесіп қарсы тұруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жалпы тауарды өндірушіден бастап сатып алушыға дейін қадағалауға болады, бұл өз кезегінде сенімді қалыптастырады. Әсіресе тұтынушы үшін бұл маңызды, өйткені ол заңды әрі сапалы өнімді сатып алып отырғанына көз жеткізеді. Сонымен қатар цифрлық технологиялар нарық қатысушыларына үдерістерді оңтайландыруға көмектеседі. «Naqty Onim» халықтық бақылау сервистері арқылы тұтынушының да рөлі арта түседі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі № 343-НҚ «Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрығы аясында Қазақстан Республикасының аумағында 6 тауар тобы (темекі, аяқ киім, дәрілік заттар, киіктің туындылары, сыра қайнату және мотор майлары өнімдері) бойынша міндетті таңбалау енгізілді. Осыдан кейін облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Акциздерді әкімшілендіру» бөлімінің басшысы Бекжан Қадырбек темекі өнімдері санаты бойынша деректерді талдау міндетті таңбалау мен темекі бұйымдарын қадағалау жүйесін енгізудің айтарлықтай оң нәтижесін көрсететінін айтты.

– Таңбалау тауар айналымын өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде – айналымға енгізілген сәттен бастап кассада есептен шығарылғанға дейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Таңбалау және тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесінде темекі бұйымдарына 6,5 миллиардтан астам код енгізілген. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап сыра және сыра сусындары үшін міндетті таңбалау енгізілді, – деп атап өтті бөлім басшысы.

Сондай-ақ Бекжан Қадырбек Салық кодексіне акциздерді таңбалау бойынша енген өзгерістер бойынша да түсінік берді. Жиын барысында кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер департаменті өкілдеріне сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар