«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайран Гер-аға!..

Қайран Гер-аға!..
ашық дереккөз
Қайран Гер-аға!..

Еліміздің зиялы, зияткер қауымы өзінің аса ірі өкілдерінің бірінен айырылды. Талантты тәржімашы, прозашы, публицист, әдебиетзерттеуші, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Герольд Карлұлы Бельгер ұзақ науқастан соң жасы 81-ге қарағанда дүние салды. Ұлты неміс болғанымен ұлттық рухы жағынан қазақтың бел баласына бергісіз Герекең өтті өмірден... 1941 жылы әке-шешесімен Еділ бойынан Есіл бойындағы Солтүстік Қазақстанға жер аударылып келіп, қазақ ауылына қоныс теуіп, қазақ мектебіне барған сәтінен бастап қазақтың тілдік қазынасын терең меңгеріп қана қоймай, оның күллі салт-дәстүрін, дүниетанымын санасына сіңірген ол соңғы демі біткенше, талайдан дертті жүрегі соңғы рет соққанша ұлтымыздың мұраттарына барынша адал әрі қыруар қызмет етті. Үш бірдей – қазақ, неміс, орыс мәдениеттерінің аясында жемісті жұмыс істеген Герекеңнің бүкіл шығармашылық мұрасынан қазақ рухының лебі еседі. Соның бір үлкен айғағы – Гете – Лермонтов – Абай желі болып тартылған мәдениеттердің туыстық тамырластығы, гуманистік бірлігі жөніндегі аса терең зерттеулері. Әбдіжәміл Нүрпейісов бастаған қазіргі қазақ әдебиеті маңдайалды өкілдерінің таңдаулы туындыларын мейлінше шебер аударуы өз алдына бір төбе, үлкен сала. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған Гер-ағаң екеуміз тез тіл табысып кетіп едік. Оның түпнегізі – ұлттық мүддеге байланысты мәселелерде көзқарастарымыздың кінәратсыз үйлесімділігі, қалтқысыз үндестігі еді. Содан бері арақатынас үзілген емес-ті. Кімге де болса шындықты бетке айтатын, жалпаң, жалтақ сөзге жоқ, екінші есімі Әділет деуге де болатындай ол кісі шығармашылығыма да зер сала жүретін. Бірде менің рубаяттарыма байланысты: «Арғынбай, сен жанрыңды таптың және де мұнда сенімен қазақтың ешбір ақыны бәсекелесе алмайды. Жаза бер, қолыңнан қаламың түсіп кеткенше жаз!..» деп тапсырма берсе, бұрнағы жылы орысша жазған шығармаларымды оқып: «Медаль за город Будапешт» – жақсы повесть екен, ал «Течеть река Талас» дейтін эссеңді на одном дыхании прочитал, ғажап!..» десе – мұнысының бәрі маған жасаған достық қамқорлығы екен ғой Гер-ағамның. Ара-тұра телефонмен хабар­лас­қанымызда Жамбылдағы елдің жайын да сұрастыратын. «Мен елуінші жылдардың орта тұсында КазПИ-ді бітірген соң, біраз уақыт Байқадамда мұғалім болдым ғой» деп бастап алып, бір күлкі­лілеу жайды да айтқаны бар. «Сонда, Байқадамда өзімнен он жастай үлкен Кармеш дейтін жесір апайдың үйінде пәтерде тұрдым. Есімінің мағынасын біле алмай басым қатты. Ақыры өзінен сұрадым. Ол кісінің айтқаны: «Менің шілдеханама көрші селодан бір орыс гармонист шақырылады. Одан менің кішкентай ағам «Бұл не?» деп сұрай берген соң, ананың қолындағы аспапты үлкендер: «Гармонь, гармошка» дейді ғой. Сонда сәби ағам мәз болып «Ә-ә, кармошка, кармеш!..» деп айқайлайды. Содан менің атым Кармеш деп қойылыпты...». Әзіл әңгімелері де керемет еді ғой, шіркін!.. Жалпы, Гер-ағаң сонау аспирант кезінде-ақ қазақ этимологиясына, онда ұлт тарихының, жер-суының, тұрмыс-салтының іздері жататынына айрықша мән беріп, мыңдаған қазақ есімдерін жинап талдаған, мағынасын ашқан. Ал ұзақ жылдар жазған қазақ, орыс, неміс тілдеріндегі ондаған том кітаптары, мерзімдік баспасөздегі дәуірмен үндес публицистикасы – тұтас бір сырлы әлем. Қазақстан руханиятынан лайықты орын алып жатқан Бельгер әлемі. ...Өзі айтқандай, «қолынан қаламы түсіп кетіп» бақилық болған Гер-ағаңмен қабырға қайысқан халде сырласып, өзіме сыйлаған «Гармония духа» атты кітабына көз жүгіртіп отырмын. Неткен сұңғыла білімділік, таңғажайып танымдық тереңдік!.. – Осынау тереңдігіңіз Сізді уақыт, ғасырлар тереңіне де бастар, білімділігіңіз толқын-толқын ұрпақтарымызға үлгі болар, тілі де бір, тілегі де бір аяулы Гер-аға!.. Бақұл болыңыз...

Арғынбай БЕКБОСЫН.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар