– Марал ханым, жасөспірімдер санасының жиі психологиялық жарақат алуының себебін қалай түсіндіруге болады?
–Менің ойымша, бүгінде жасөспірімдер арасында кездесіп қалып жататын суицидтің басты себептері – олардың өзін жатсынуы мен жалғыздығы, жақындарымен байланыстың жоқтығы, өзін-өзі түсінуден қалуы, өз болмысын қабылдай алмауы, көмек сұрауға арланып, қауқарсыздық таныту. Психологиялық тұрғыда әр баланың мінез- құлқы сана сезіміне байланысты әр алуан болып келеді. Сол сияқты суицидке бару себебі де әртүрлі. Үлкендердің ұрысқанын, өзін түсінбейтіндігін– өзіне-өзі қол жұмсаудың екінші факторына жатқызатын едім. Бала жылулықты, қамқорлықты сырттан емес, үйден көруі керек. Жастайынан бар мейірімді бойына жинап өскен бала ешқашан жақындарының көңіліне қылаудай кірбің түсіретін әрекеттерге бармайды. Америкалық психолог Эдмин Шнейдман суицидтің аса күрделі сипаттамаларын белгілеп берген. Ол жасөспірімдердің ішкі жан дүниесінің күйзелу сезімі, дәрменсіздік, қоғамнан оқшауланып қалуының жалғыз шешімі – өлім деп түсінген. Сол үшін ата-ана баламен барынша емен-жарқын сырласуға қай кезде де уақыт табу керектігін ескерткен.
– Ата-аналар балаға уақытты қалай бөлу керек?
– Бала күніне ата-анасынан еш себепсіз өзін 5-8 мәрте құшақтап, жақсы сөздер айтуды қажет етіп тұрады. Мәселе оған бөлетін уақытында емес, шынайы қарым-қатынаста. Ата-ана баламен достық шеңберін сыза білсе, ержеткенде немесе бойжеткенде жаңа танысқан адамдармен тез тіл табысып, өзін бағалауды үйренеді. Көп жасөспірім өтпелі кезеңде отбасынан гөрі достарын жақын тартып тұрады. Бұл балаға өкпелеуге ілік болатын дүние емес. Керісінше, табиғи заңдылық ретінде қабылдаған жөн.
– «Балам шектен тыс ерке» деп шағымданатын ата-аналар да жетерлік. Бұл тұрғыдан не айтасыз?
– Балаға шектен тыс еркіндік беру кей жағдайда еркелікке алып келуі мүмкін. Өйткені психологияда еркіндік пен шекара әрқашан бірге жүруі керек деп қарастырылады. Диана Баумринд көрсеткендей, ата-ананың либералды тәрбиелеу стилінде балаға барлығы рұқсат етіліп, нақты талап пен шектеу болмайды, соның нәтижесінде бала «жоқ» деген сөзді қабылдай алмайтын, шыдамсыз, өз әрекетіне жауапкершілік алмайтын болып өсуі мүмкін. Себебі бала психикасы үшін шекара – қысым емес, керісінше қауіпсіздік пен тұрақтылықтың белгісі, ал шекара болмаған жағдайда бала не дұрыс, не бұрыс екенін айыра алмай, «маған бәрі болады» деген түсінік қалыптастырады, бұл өз кезегінде еркелікке, өзімшілдікке және тәртіп мәселелеріне әкеледі. Дегенмен еркіндіктің өзі жаман емес, мәселе оның мөлшерінде деп ойлаймын. Егер атаана балаға таңдау жасауға мүмкіндік беріп, сонымен қатар нақты ережелер мен жауапкершілік жүктесе, онда бұл баланың тұлға болып қалыптасуына оң әсер етеді. Анығында, ол өзін еркін сезініп, шектен шықпайды. Ал толық бақылаусыз еркіндік баланың ішкі тәртібінің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан психологиялық тұрғыдан ең дұрыс жол – еркіндік пен шекараның тепе-теңдігін сақтау.
- Тағы бір үлкен мәселені қозғағым келіп отыр. «Балалық шақтағы жарақат» дегенді психологтар көп айтады. Бірі сенсе, екіншісі ойдан құрастырған дейді. Кімге сенеміз?
– Балалық шақ жарақаты дегеніміз – баланың нәзік психикасы көтере алмайтын, оның ішкі әлеміне терең із қалдыратын эмоционалды соққы. Бұл тек физикалық зорлықпен шектелмейді, көп жағдайда көзге көрінбейтін, бірақ әсері әлдеқайда ұзаққа созылатын оқиғалармен байланысты. Мәселен, ата-ананың суық қарым-қатынасы, баланың сезімін елемеу, үнемі сынау, махаббаттың жетіспеуі, отбасындағы тұрақсыздық, соның ішінде ажырасу секілді факторлар баланың ішкі қауіпсіздігін бұзады. Психологияда бала үшін ең маңызды нәрсе – өзін қауіпсіз және маңызды сезіну. Егер осы базалық қажеттіліктердің орны толмаса, ішкі деңгейде «мен жеткіліксізбін», «мені жақсы көрмейді» деген сезімдерді миына сіңіреді. Дәл осы сезімдер уақыт өте келе оның мінез-құлқына, өзін бағалауына тікелей әсер етеді. Балалық шақта махаббат пен қолдау көрмеген адам есейгенде шамадан тыс тәуелді, қызғаншақ, адамдардан қашқақтайтын суық мінезді болуы мүмкін. Ал үнемі сын естіп өскен бала өзіне сенімсіз, қорқақ немесе бәріне ұнауға тырысатын адамға айналады. Оның ішінде «мен жеткіліксізбін» деген ішкі дауыс қалыптасып қойған. Осындай жарақаттар адамның өмір сценарийін бейсаналы түрде жазып қояды екен. Адам өзі байқамай балалық шақтағы сезімдерін қайта-қайта қайталайтын жағдайларға түсіп қалады. Өзін бағаламайтын адамдарды таңдау, үнемі дәлелдеу қажеттілігін сезіну және тағы басқасы. Ең маңыздысы – бұл жарақаттар өмір бойы өзгермейтін тағдыр емес, психологиялық жұмыс арқылы біртіндеп емдеуге болатын жұмыс. Балалық шақтағы жарақаттарды өкініш ретінде емес, тәжірибе ретінде қабылдау керек.
– Әлеуметтік желіден көріп жүргеніміздей, баланың ата-анаға деген реніші болашақта жар таңдау, мамандық таңдау, қаржылық жетістікке жету секілді дүниелерде кедергі болады екен. Бұл қаншалықты рас?
– Дұрыс айтасыз, бұл ғылымда дәлелденіп қойған факт. Әкемен қарым-қатынас көбіне әлеуметтік жетістікке, мансапқа және қаржылық еркіндікке жауап берсе, анамен қарым-қатынас ішкі гармония мен серік таңдауға әсер етеді. Ата-анаға реніші бар адам бейсаналы түрде өзін жазалауы немесе серігінен сол жетпей қалған махаббатты талап етіп, кедергіге ұшырайды. Мұндай кезде психолог маманның көмегіне жүгініп, мәселені тарқатып алғаны дұрыс.
– Диванда жатқан әкелерді қалай оятамыз?
– Әрине, әкелерді «тұр» деп айқайлап ояту мүмкін емес. Ер адамға жауапкершілік пен сенім керек. Әйел адам үйдегі барлық жүкті өз мойнына алып алғанда, ер адам автоматты түрде «диванға» ауысады. Әкеге баламен айналысуға мүмкіндік беріп, оның үйдегі рөлін маңызды етіп көрсету өте өзекті.
– Баласын жалғыз асырап жатқан аналар да бар. Ондай отбасыларда әкенің орнын қалай толтыруға болады?
– Меніңше, аналар әкенің орнын толтыра алмайды және толтыруға міндетті де емес. Ол тек «жақсы ана» болу керек. Ал әкенің энергиясын бала өз атасынан, ағасынан алады. Ең маңыздысы– ана баланың алдында әкесін жамандамай, құрмет сақтауы тиіс. Қазіргі таңда ананың да, әкенің де орнында жүрген әйелдер өте көп. Ешкімнің тағдырына сын айта алмаймыз. Десек те, осы кеңеске құлақ асса деймін – Дастарқан басында баламен қандай әңгіме айтқан дұрыс?
– Дастарқан – бұл терапия орны. Мұнда баланы сынауға, сабағын сұрап тергеуге болмайды. Оның орнына «бүгін сені не қуантты?», «қандай қызық нәрсе көрдің?» деген сияқты эмоционалды сұрақтар қойып, көңілін аулау керек. Жалпы қазақтарда керісінше ғой, ұрыс-керіс, шешілмеген мәселе, реніш барлығы ас ішіп отырғанда айтылады. Балаға кері әсер етеді-ау деп ешкім ойламайды. Сондай- ақ ата-ана өз өмірінде болған қызықты оқиғалармен бөлісіп отырса, бала қарым-қатынастың тең екеніне көзі жетеді. Коммуникацияда ашықтыққа үйренеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әсем АСЫЛБЕК
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




