«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл ылғал мол

Биыл ылғал мол
Автор
Жуалы ауданында да көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жер 95435 гектар алқапты құрайды. Оның 8460 гектары суармалы егістік болса, 2046-сы шабындық, 265 гектары көпжылдық екпелер және басқа алқаптардан тұрады.

– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 55635 гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде арпа – 28090, мақсары – 18100, картоп – 2600, дәндік жүгері – 710, күнбағыс – 400, көкөніс – 710, бақша – 15, сүрлемдік жүгері – 710, қант қызылшасы – 100, көпжылдық шөпті 4200 гектарға орналастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, күзде 11223 гектар алқапқа себілген бидай бар, – дейді ол.

Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 730 ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Оның 369-ы трактор, 127-сі соқа, 149-ы қопсытқыш, 60-ы дәнсепкіш, 5-і дәнулағыш және 20-сы басқа да ауыл шаруашылығы тіркемелері. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, биыл 110 ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көзделуде. Ал шаруаларға 2015 тонна кепілдендірілген дизель отыны «Ақ қайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан үлестірілуде. Сондай-ақ биыл егіс алқаптарына 16792,5 тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарлануда.

Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстары Мыңбұлақ ауылдық округінде қарқынды іске асырылуда. Мұндағы «Орақ Балға – Мыңбұлақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі егіс алқаптарына арпа себуде. Трактор тізгіндеген механизаторлар өз міндеттерін тиянақты атқарып, жоспарланған егіс көлемін уақтылы аяқтауға күш салуда. Кооператив төрағасы Роберт Панштеилдің айтуынша, бүгінгі күні 50 гектар алқапқа арпаның «Бәйшешек» сұрпы себілуде. Ал алдағы уақытта 15 гектарға мақсарыжәне 40 гектарға «Пикассо» сұрпындағы картоп отырғызылмақ. Алқап басында төрт адам еңбек етсе, 12 адам қоймада картоп сұрыптау жұмыстарымен айналысуда. Шаруашылық төрағасы 1 сәуірден бастап мақсары себу, 15 сәуірден бастап картоп отырғызу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын айтты.

– Биыл көктемгі дала жұмыстары кеш басталды. Кооперативтегі техникалардың барлығы жаңа. Соның нәтиже сінде бүгінде арпа себу жұмыстары аяқталып келеді. Дегенмен күннің әлі толық жылынбауына байланысты таңертең жер беті ылғалданып, жұмысқа бірден кірісе алмай қаламыз. Себебі, топырақтағы ылғал мөлшері жоғары. Қазіргі таңда 25 гектарға арпамен бірге жоңышқа тұқымы араластырылып себілуде. Бұл келесі жылы осы алқаптан шөп орып, мал азығын дайындау мақсатында жасалуда. Сонымен қатар арпа дәндеріне тыңайтқыштар себіліп, агротехникалық талаптарға сай егістікке егілуде. Бүгінгі күні қоймада 90 тоннаға жуық картоп сұрыпталуда. Ондағы әрбір жұмысшының күндік табысы – 5000 теңге. Мұнда тек кооперативке тиесілі ғана емес, округтегі өзге де шаруа қожалықтарының картоп тұқымдары да сақталуда. Сонымен қатар біз кооператив иелігіндегі егістіктегі жұмыстармен қатар, осындағы өзге де шаруа қожалықтарға дала жұмыстарын уақтылы атқаруға көмектесудеміз. Өткен жылы егістіктен ойдағыдай өнім жинап, жылды табысты қорытындылаған болатынбыз. Биыл да Жер-Ана диқан қауымға мол өнім береді деп үміттенеміз. Бүгінгі жасап жатқан еңбегіміздің жемісін алдағы уақытта молынан аламыз деп ойлаймыз, – дейді қожалық жетекшісі.

 

Бауыржан АМАНГЕЛДІ

Мыңбұлақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар