Сара Джионың шығармашылық болмысын ашатын ең сәтті кітаптардың бірі – «Наурыздағы шегіргүлдер» (Фиалки в марте). Бұл – оның әдебиетке жол ашқан дебюттік романы. Шығармада ажырасудан кейін күйзелген жазушы Эмилидің Бейнбридж аралына барып, өткеннің құпиясын ақтара бастауы суреттеледі. Осы желінің өзінде-ақ Сара Джиоға тән басты ерекшелік көрінеді, ол сыртқы оқиғадан гөрі ішкі күйді жазады. Кейіпкердің жан дүниесі, жүрек түкпірінде қалған мұңы, күтпеген жерден табылған ескі күнделік – бәрі қосылып, романға жұмсақ та сырлы реңк береді. Library Journal бұл кітапты тарих, құпия және романтиканы ұштастырған сәтті туынды деп бағаласа, Publishers Weekly оны жағымды, бірақ таныс өрнекке құрылған дебют ретінде сипаттаған. Демек, Сара Джио әдебиетке бірден жылы қабылданғанымен, сын көзі де қатар жүрген.
Осы роман неге оқырманға бірден ұнады? Меніңше, оның сыры – қарапайым өмірлік сезімді әсерлі жеткізе білуінде. Сара Джио күрделі философияға жүгінбейді. Ол адамға таныс хәлді жазады. Махаббаттың үзілуі, өткенді сағыну, жаңа өмірден қорқу – мұның бәрі оқырманға түсінікті. Сондықтан оның шығармаларын оқығанда кейіпкер тағдырын емес, кейде өз жүрегіңді оқып отырғандай әсер аласың. Міне, жазушының басты күші де осында.
Жалпы, Сара Джио – журналистикадан әдебиетке келген қаламгер. Ресми өмірбаянында оның Сиэтлде туғаны, ірі америкалық басылымдарда көп жыл еңбек еткені, мыңдаған мақала мен блог жазғаны айтылады. Оның кітаптары 25-тен астам елде жарық көрген, әсіресе Түркия, Польша, Норвегия мен Ресейде кең танымал болған. Бұл да кездейсоқ емес. Себебі Сара Джионың тілі жеңіл, оқырманға жақын, артық салмақсыз. Ол күрделі әдеби тәжірибеден бұрын эмоциялық шынайылыққа арқа сүйейді.
Жазушының соңғы кезеңдегі ең ерекше бетбұрысы – «Тәтті-ащы хикая» (Cладко-горькая любовь) кітабы. Бұл шығарма оның бұрынғы романдарынан өзгеше. Мұнда ойдан шығарылған кейіпкерлер емес, автордың өз өміріне жақын сырлары алға шығады. Эксмо баспасының сипаттамасына сүйенсек, кітапта ажырасудан кейін өмірдің де, тағамның да дәмін жоғалтқан әйелдің ас үйге қайта оралуы, қарапайым тағам дайындау арқылы өзін-өзі емдеуі баяндалады. Яғни бұл туындыда ас үй тек тұрмыстық кеңістік емес, ішкі сауығудың белгісіне айналған. Осы жағынан алғанда, «Тәтті-ащы хикая» – Сара Джио шығармашылығындағы жаңа белес. Егер «Наурыздағы шегіргүлдерде» ол кейіпкерінің мұңы арқылы сөйлесе, бұл кітапта өз жүрегіне тікелей үңіледі.
Сара Джионың оқырманға жақындығы да дәл осы шынайылықтан туады. Ол өмірді әдемілеп көрсетемін деп жасандылықпен жазбайды. Керісінше, мұңды да, үмітті де жұмсақ, жылы тілмен жеткізеді. Оның кейіпкерлері мінсіз емес. Бірақ, дәл сол мінсіз еместігімен сендіреді. Сондықтан оның кітаптарын қолға алған адам одан үлкен әдеби айқас емес, жүрекке жақын әңгіме іздейді. Жазушының танымалдығының сыры да осында болса керек.
Сара Джио туралы сөз қозғағанда, оны тек роман жазатын танымал автор деп қана бағалау аздық етеді. Ол – қарапайым адам жанының күйін нәзік жеткізе алған қаламгер. «Наурыздағы шегіргүлдер» оның әдеби әлемін танытса, «Тәтті-ащы хикая» сол әлемнің ар жағында автордың өз жүрегі тұрғанын аңғартты. Бір кітап оны оқырманға таныстырды. Екінші кітап оқырманды оған бұрынғыдан да жақындата түсті. Сондықтан Сара Джионың шығармашылығы бүгінгі әдеби кеңістікте тек романтикамен емес, сауығу мен үміт тақырыбын шынайы жеткізе алғанымен құнды.
Снежана АЛЬЖЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
конвергентті журналистика мамандығының
4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Наурыз айында 184 мың талапкер ҰБТ тапсыруға ниетті
- 27 ақпан, 2026
100 үздік колледж студенті анықталады
- 24 ақпан, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- Бүгін, 10:57
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- Бүгін, 10:51
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




