Фестивальге еліміздің әр өңірінен келген халық театрлары қатысты. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының «Ұштаған», Түркістан облысының «Келес», Абай облысының «Ақсуат», Батыс Қазақстан облысының «Тасқала», Қарағанды облысының «Ақтоғай», Қызылорда облысының «Шиелі», Алматы облысының «Кеген», Жетісу облысының «Мұқыры» халық театрлары, сондай-ақ облысымыздың Жуалы ауданынан «Мыңбұлақ» және Талас ауданынан «Талас» халық театрлары өнер көрсетті. Фестивальдің алғашқы күні қатысушылар көрнекті театр қайраткері А.Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Айтулы доданың ашылу салтанатын облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ақжарма тілегін ортаға салды.
– Баршаңызға театр өнеріне, елге, халыққа қызмет ету жолында зор денсаулық, шығармашылық шабыт, жаңа табыстар тілеймін! Халық театрлары арасындағы республикалық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне және қатысушыларға сәттілік тілеймін! Өңіріміздің мәдениеті өркендеп, театр өнері әрдайым жаңа белестерді бағындыра берсін, – деді Ерлан Нұрманұлы.

Бұдан соң бағдарлама аясында әрбір театр ұжымы өздерінің моноспектакльдерін сахналап, көрерменге ұсынды. Абай облысынан келген «Ақсуат» халық театры алғашқылардың бірі болып өнер көрсетті. Бұл театр ұжымы өнерде өзіндік орны бар театрдың бірі.
– Біздің театр құрамында 40 өнерпаз бар. Бүгінгі фестивальге Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» қойылымын дайындап алып келдік. Киелі Тараз жеріне бірінші рет емес, үнемі тәжірибе алмасып келіп тұрамыз, – дейді «Ақсуат» халық театрының режиссеры Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Бауыржан Тулеков.

Ал 2004 жылы құрылған батыс қазақстандық «Тасқала» халық театры Н.Гогольдің «Шинель» және «Жындының жазбалары» шығармаларының желісі бойынша «Жоғалу» мелодрамасын ұсынды. Маңғыстау облысынан келген «Ұштаған» халық театры Камшат Нармуханбетованың «Интернат наны» қойылымын қойды.
Сахна – олардың тағдыры, өнер – олардың ғұмыры. Қойылымдардан арнайы мамандар мен қазылар алқасы тарапынан кәсіби талқылаулар ұйымдастырылып, актерлік шеберлік, режиссура, сахналық шешімдер жан-жақты сараланады. Бұл қатысушылар үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңына айналып отыр. Ал байқаудың қорытынды бөлімінде жан-жақтан келіп өнер көрсеткен өнерпаздар марапатталды.
Альмира КЕРІМБАЕВА,
Тараз университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Жыр алыбы және жасанды интеллект
- 16 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




