Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 1925) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы қызыл империяның әсерінен ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның базбір аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан бастап Алматы қаласында және республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. 1991 жылы еліміздің Президентінің Жарлығымен Наурыз мерекесі халықтық мереке ретінде мемлекеттік мәртебе алды. Ал 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-ші сессиясында қабылданған «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес, 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып қабылданды. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкістан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, жер жылынады, түн қысқарады. Күннің жылынғаны адамзатқа ғана емес, бүкiл табиғатқа, құстар мен жанжануарларға да өзінің жылылығын ала келедi.
Наурыз – ертеден-ақ отырықшы түркітілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланысты мейрам. Наурыз мейрамы күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни қыстан кейін көктемнің келуі, табиғаттың оянуымен, тірілумен байланыстырылып, егін егу науқанының басталуы үлкен мейрам болған. Жыл он екі айдың бас айындағы бұл мейрамды қазақ жұртшылығы байырғы замандардан бері Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Наурыздың қадым заманнан келе жатқан халықтық мейрам екенін ұлы Абай: «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп жазды
. Наурыз – кейбіреулердің жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мерекеге жатпайды. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Алайда әр халықтың дәстүріне байланысты оның өзгешелiгi кездесіп отырады. Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламыз деп сақтаған. Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк, зергерлік бұйымдарын соққан. Мұның бәрi ұлттық кәдеге асатын «ұйқы ашар», «селт еткiзер» және де басқа жоралғыларының сый-тартулары қатарына жатқан.
Наурызек туралы мынадай бір аңыз әңгіме бар. «Бүкіл әлемді топан су басқанда Нұх Пайғамбардың кемесінен қарайған жерге алғаш наурызек торғай ұшқан екен, сонда наурыз гүлі бәйшешек гүлдеп тұрыпты» дейді рубаятта. «Аңыз түбі – ақиқат» деп жатады халқымыз. Мүмкін, солай болған да шығар... Наурызекті Жаңа жыл символы деп қабылдағанымыз жөн болар еді. Көктемнің бірінші айы қазақ жерінің әр өлкесінде әртүрлі аталады. Мысалы, батыс өңірінде – Амал, Арқада – отамалы, Жетісуда – көкек деп аталып келген. Алайда бұл ай наурызда өтетін мейрамның атымен аталып, жалпыхалықтық сипат алды. Батыс облыстарда «Көрісу күні» наурыз айының 14-нен басталады. Бұл күні Маңғыстаудағы Отпантау басында «Бірлік отын» жағу дәстүрге айналды. Бұрындары қазақтар 4-5 ай бойы қытымыр қыста жол қиындығынан жүздесе алмай, көгілдір шуақты көктемге аман-есен жетіп, бірін-бірі көріп, қуанышпен қауышып, сәлем беруді үлгі-үрдіске айналдырған. Көрісу күні жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, сыртынан аялап алып, төс қағыстырып амандасса, әйелдер құшақ жайып амандасады. Ағайын арасында жiберген қате-кемшiлiктердi кешiру, қыстан аман шыққан ағайынмен құшақтасып, хал-жағдайын сұрасып, көрiсу деген жақсы дәстүр соңғы жылдары еліміздің басқа өңірлеріне де тарала бастады. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суықты бесқонақ деп аталған. Одан сақтанып, жасқанып, амалдың бесқонағы өткенше малды жайлауға шығармаған. Наурыз айының 22-і жұлдызы Жаңа жылдың бірінші күні болып есептелінеді. Күн мен түн теңеліп, күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайтын мерзім. Бұл күні қуанбайтын, шаттанбайтын адам болмайды, өйткені, наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, бақыт пен бейбітшіліктің, жаңару мен жаңғырудың, ізгілік пен игіліктің, көгілдір көктемнің ерекше мерекесі. Ежелден дастарқанның басты асы наурыз көже болған. Әдетте наурыз көже жеті түрлі тағамнан жасалған. Көже құрамы кейде одан артық та болуы мүмкін. Бірақ дәм тақ сан түрінде болады. Өйткені наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді де, тақ бөлінбейтін сан деп ұғынылады. Қыстан қалған, наурызға деп қап түбінде сақталған соғым еті қыстың дәмі, деп ұғынылса, ал ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған (айран, қатық, құрт) келер жаздың дәмі деп ұғынылады. Халық арасында «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім сақталған. ...Балалық кезде болған қызықты оқиғалар әсте естен шыға ма, шіркін! Күні кешегідей бәрі есімде. Наурыз мерекесін біздің киелі Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылында ту сонау мен ес білгеннен бері тойланатын. Жылына бастаған ауада көктем исі, көк исі білініп, белдер мен қыраттар күн нұрынан жасыл көкке оранып, тал-дарақтар бүршік жарып, сан түрлі құстар мекеніне оралып, далада бәйшешектер мен қозықұйрықтар көкпен жарыса шығады. «Күн күркіресе қырда жуа шығады» деп отыратын жарықтық әжелеріміз. Сондықтан болар, көктемнің жылы жауынынан кейін құлпырған далаға қарай жарыса жүгіріп, уыстап жуа теріп, етегімізге қозықұйрық жинайтынбыз. Наурыз күні ауыл тұрғындары қызылдыжасылды жаңа киімдерін киіп, қыздар мен жеңгелеріміз, апаларымыз бен әжелеріміз үстеріне «жылтырақтарын» іліп Қорғантөбе етегіндегі күнге жылып, көтеріле бастаған көкарайға жиылып, бірнеше жерге қазан-ошақтарын орнатып, самаурындарына шәй қойып, қазандарда наурыз көже дайындап, көпшілік арқа-жарқа болып Жаңа жылды тойлайтын. Наурыз көже піскенше көгалға киіз бен кілем төселіп, ақ дастарқан жайылатын. Дастарқандағы жұмсақ бауырсақ пен дәмді күлше, құрт пен сары ірімшік, сарымай мен майсөк, кәмпит пен қант, мейіз бен сары өрік, пісірілген сүр ет пен майлы қазы көздің жауын алып, иісі бұрқырып, самсап тұратын. Елжіреген күн астына жиылған көпшілік жарасымды әзіл-қалжың, ән айтып, күй тыңдайтын. Кейде айтысқа да орын берілетін. Балалар жиналғандар алдында алма-кезек көктем мен наурыз туралы тақпақ айтып, ән салатын, би билейтін. Ұлдар асық атып, өзара арқан тартысып, белдесіп-күресіп, 100 метрге топ-топ болып жүгіріп жарысып, алтыбақан теуіп мәре-сәре болатын. Жарыста жеңгендері жоралғысы мен сый-сияпат алатын. Ауыл ақсақалдары өнегелі әңгіме айтып, халқымызға жақсылық, береке, тыныштық тілеп, бата беретін. Осылай ойын-думан кеш батқанша жалғасушы еді. Екінші күні көрші-қолаңдар мен туыс-туғандар, досжарандар бір-бірін қонаққа шақырып, Наурыз тойын жалғастыратын.
Бұл күндері менің Үшбас деген туған ауылымда Наурыз мерекесі қалай тойланып жүргенін толық айта алмаймын. Мүмкін баяғыдай, біз көргендей, болар... Ия, сол қызықты, думанды күндер күні кешегідей, көз алдымда көлбеңдеп, санамда сайрап жатыр. Тай-құлындай тебісіп, асыр салып, қозы-лақтай өрісіп бірге өскен замандас-құрдастарым, жасыратыны жоқ, қазір сирей бастаған. «Немерелерімізді бағамыз» деп біразы Астанада, Алматыда, Таразда жүр. Кей-кейде сол ауылда өткен күндерді, думанды мейрамдарды шынымен сағынатыным рас. Ол, сірә, өмір заңдылығы болар...
Ертедегi дәстүр бойынша наурызнама тоғыз күн тойланатын болса, соның сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда бұған дейiн өнерiн ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигiзген балуандарға, тiптi тайы озып келген жас балаға да «ат терi» деп сыйлық берген. «Той тарқарда» жаңа көзi ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып iшедi. Көзi қарақтыларға «салдама» аталатын кiтапты оқытып, ақсақалдар бата бередi. Айта берсең, наурыздың жөн-жоралғылары өте көп. Қазақстанның төрт түкпiрi түрлiше тойлайды. Бiрақ, қалай болғанда да, жақсылықтың аты – жақсылық, тойдың аты – той. Қазақ салты дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел-жұрт болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын жағымды да жақсы дәстүр болған. Бүгінгі таңда сол жағымды салт-дәстүр өмірімізге қайта еніп, көпшіліктен қолдау табуда.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ұлттық нақыш - ұрпаққа аманат
- 22 наурыз, 2026
Таразда Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді
- 22 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




