«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық нақыш - ұрпаққа аманат

Ұлттық нақыш - ұрпаққа аманат
Алтынбек Қартабай
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Бұл күн – тек табиғаттың емес, адам жанының да түлейтін шағы. «Жаңа жыл – жаңа үміт» дегендей, әр шаңыраққа жақсылық пен молшылық тілейтін ұлы мейрамда халқымыздың төл өнері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеудің маңызы зор. Себебі «Өнерліге өріс кең», ал ұлттық өнер – ұлттың жаны.

Осы орайда облыстағы Т.Рысқұлов ауданына қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген шебер Мақсат Айдарқұловпен тілдесудің сәті түсті. Оның әрбір жасаған бұйымынан қазақы болмыс, ата-баба рухы мен табиғаттың үйлесімі анық сезіледі.

Ол Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінде сәндік қолданбалы өнері және халық кәсіпшілігі мамандығы бойынша ағашты көркемдеп өңдеу бейіні пәнінің оқытушысы. Мақсат ағаның қолөнерге деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Атасы ат әбзелдерін жасап, немересінің бойына өнерге деген сүйіспеншілікті сіңірген.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала көңілге ұялаған сол қызығушылық бүгінде сүйікті кәсібіне айналған. Шебердің қолынан шыққан астау, торсық және ағаш мүсіндердің басты ерекшелігі – олардың табиғилығы мен ұлттық нақышты сақтауында. Әр бұйым – қайталанбас туынды. Өйткені ол тек ағаштан емес, шебердің жанынан, жүрегінен жаралады. «Шебердің қолы ортақ» десек те, әр шебердің өз қолтаңбасы болатыны анық. Бір қарағанда қарапайым көрінетін ағаш бұйымдардың артында үлкен еңбек жатыр. Қарапайым заттың өзіне бірнеше күн кетсе, күрделі, ою-өрнегі мол дүниелерге апталап уақыт жұмсалады. Оның үстіне ағашты дұрыс кептіру мен өрнек салу – асқан төзімділік пен дәлдікті қажет ететін жұмыс. Бұл туралы шебердің өзі де ерекше атап өтті.

Мақсат Айдарқұлов негізінен қайың, қарағаш, жаңғақ секілді берік әрі өңдеуге ыңғайлы ағаш түрлерін пайдаланады. Себебі сапалы шикізат – сапалы өнімнің кепілі.

«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» демекші, бұйымның да көркі – оның сапасы мен шеберлігінде. Қазіргі таңда ұлттық бұйымдарға деген сұраныстың артып келе жатқаны қуантады. Әсіресе интерьерге қазақы реңк бергісі келетіндер мен ерекше сыйлық іздейтіндер үшін мұндай туындылардың орны бөлек. Бұл – халқымыздың тамырына қайта оралуының белгісі. Астау мен торсық – жай ғана тұрмыстық зат емес. Олар – халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің, салт-дәстүрінің айнасы. Осындай құндылықтарды дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. «Өткенін білмеген – болашағын болжай алмайды» дейді дана халқымыз. Бүгінде жастардың да ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – көңілге үміт ұялататын құбылыс. Дегенмен, шебердің айтуынша, бұл бағытта әлі де жұмыс істеу қажет. Ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттау – уақыт талабы.

Кейіпкеріміз үшін ең үлкен бақыт – өз қолымен жасаған бұйымының адамдарға қуаныш сыйлағанын көру. Оның алғашқы жасаған қарапайым ағаш ыдысы да, жүрегіне жақын алғашқы үлкен туындысы да – шеберлік жолының бастауындағы қымбат естеліктер.

Ал Наурыз мерекесі шебер үшін – ерекше мейрам. Бұл күндері ұлттық бұйымдарға деген сұраныс та арта түседі. Себебі халық бұл мейрамда ұлттық нақышқа ерекше мән береді. «Берекелі болса ел – ырысты болады жер» демекші, Наурыз – ырыс пен ынтымақтың мерекесі.

Сөз соңында шебер жас қолөнершілерге «шыдамдылық пен сүйіспеншілік – табыстың кілті» екенін атап өтті. Оның алдағы жоспары – ұлттық қолөнерді дамыту, жаңа үлгілер жасау және өз тәжірибесін жастармен бөлісу.

Ұлттық өнер – ұлттың коды. Оны сақтау – әрқайсымыздың парызымыз. Наурыз мерекесі осындай асыл құндылықтарымызды ұлықтайтын, рухымызды жаңғыртатын ұлы күн болып қала бермек.

Мақпал Сүйінбай

Ұқсас жаңалықтар