«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайта оралған құтты мереке

Қайта оралған құтты мереке
Алтынбек Қартабай
Тіршіліктің жаңа бастауындай жер бетін жандандыра жететін Наурыз мерекесінің астарында халықтың ізгі тілегі, ақ пейілі жатыр. Жас тал егіп, отқа май құйып, қазанға жеті түрлі дәм салып, бір-бірімен құшақтаса көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақ тілектерін жаудыратын халқымыздың мерекелеу дәстүрінде көрегенділік көрініс табады. Осындай ұлы істердің бастауы болатын Наурызды біздің халық Ұлыс деп те атайды. Осы күні жер бетінен есіп өтетін жанға жайлы самалды әз деп атайтындықтан бұл мейрамға әз-Наурыз деп те айдар таққан.

Халқымыздың жыл басы деп бағалайтын көктемнің шуақты мейрамының тарихына үңілсек, көптеген тың деректерге тап боламыз. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында «Ертеде 14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурызнама» тойлайтын еді. Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни, күн мен түн теңелетін 22 наурыз – мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі екенін байқаймыз. Қазақ халқы асқан даналықпен ауа райының құбылыстарына, әр күннің келуіне қарай алдағы уақытқа болжам жасап, Жаратушыдан жақсылық тілеп, соған сай ырымдап түрлі салт-дәстүрлерін орындаған.

Міне, осындай мән-мағынасы терең мерекеміз сан ғасырлардан бері байтақ далада тойланып келгенімен 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін құрылған Кеңес өкіметі бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп тауып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Ұлттық дәстүрлерді берік ұстанатын қазақ отбасылары көктемнің шуақты мейрамын жасырын атап өтіп жүрді. Сондай қыспақтан кейін, арада 62 жыл өткенде халқымыздың намысты, батыл азаматтарының араласуымен Әз-Наурыз елімізге қайта оралды. Бұл сәтті халқымыздың асыға күткенін ақын Мұхтар Шахановтың «Наурызға ода» атты өлеңінен байқауға болады. «Қанша ғасыр сән берген даламызға Өзгеше бір әні едің байтақ елдің, Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға Алпыс екі жылдан соң қайта келдің», – деп жазған Мұхтар Шаханов Ұлыс мерекесінің қазақтың дархан даласына, оның артынша бүкіл Орталық Азияға 62 жылғы үзілістен соң қайта оралуын жүрегінен шыққан жалынды жырымен жеткізді. Солақай саясаттың салдарынан алыстап барып, қайта оралған Наурыз мейрамының қазақ үшін қадірі тым жоғары.

 – Осыдан 3 мың, 5 мың жыл бұрын парсы елінде аталған Наурыз мейрамы парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Негізінде Азия, Кавказ, Таяу Шығыс елдерінде тойланған. Табиғатпен байланысы да, яғни 22 наурызда күн мен түннің теңелуі, жер бетін жылы леп есуі жағынан да жаңарудың белгісін сездіреді. Кеңес дәуірінде тойлауға тиым салынып, кейін 1988 жылдан бастап халықтық мереке ретінде өз мәртебесіне ие болған Наурыз көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан секілді туыс елдерде де жоғары деңгейде аталып өтіледі. Наурыз – жаңару мен тазалықтың белгісі, бірлік пен татулықтың нышаны, жақсылық пен берекенің бастауы. Наурыз туралы белгілі ғалымдардың, философтардың, ақын-жазушылардың артында қалдырған жазбаларынан көптеп кездестіруге болады. Ұлы ақын Абайдың сөздерінде «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деген тұстары бар. Ал, танымал фольклорист, этнограф, жазушы Сейіт Кенжеахметов наурыз мерекесіндегі әдет-ғұрыптар жайлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабында көп айтады. Мысалы, «Бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстайды», «Әр адам алған қарызын осы күнге дейін қайтаруға тырысады», «Жаңа немесе таза киім киеді», «Ағашқа, өсмідіктерге су құяды», «Наурыз күні тек жақсы хабарларды ғана таратады, жамандықты айтпайды», «Ұлыстың ұлы күні туғандарға Наурызға байланысты ат қояды», «Наурыз күні туған төлді «төл басы» деп атайды», «Наурыз күні әр елді, үйді Қыдыр ата аралайды, бақыт сыйлайды, бата береді» деген секілді осы мерекеде жасалатын жөн-жосықты келтіреді. Сонымен қатар, ғалым наурыз мерекесін ынтымақ пен бірліктің, татулықтың, бостандықтың күні, Қызыр атаның аралап, несібе, ырыс үлестіретін, бақ беретін күн екендігін де атап өтеді. Қызыр атаны – жер иесі, Сүлейменді – су иесі, Алас – от иесі, Табыстан – жаз иесі, Зымыстан – қыс иесі, Мырқайдар – жел иесі, Мекайыл – табиғат періштесі, Дардайыл – ай, күн, жұлдыздар періштесі деп атайды. Осындай деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамының тарихы тым арыда, ал тағылымы өте терең, – дейді тарихшы, Көркемсурет-галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлова.

Наурыз мерекесіндегі ғұрыптар туралы белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидың да еңбегі бар. 2011 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Нау мен ырыс» атты кітабында түркі халықтарының бұл мерекені қалай тойлайтыны, ұғымдар мен рәсімдер, салт-дәстүрлер, нышандар жазылған. Ғасырлар бойы түркі халықтарының қосқан үлесі мен мұралары және дәйектері келтірілген. Наурыз мерекесі кезінде ғұрыптардың қандай болғаны жөнінде жеке-жеке тоқталған мәдениеттанушы «Он екі баған» деген ғұрыпта он екі айдың нышанын білдіретінін және он екі түрлі тағамның атауын көрсетеді. «Құрбандық» ғұрпында адамзат тарихындағы құрбандық рәсімінің жасалуы айтылады. «Алау» атты ғұрпында аластау рәсімін жасауға байланысты және наурыз кезінде алау жағу әдетке айналдырылғанын айтады.

Қазір де Көрісу – амал мерекесін Отпан тауда атап өтетін Маңғыстау облысының тұрғындары тау басына өте биік салынған бағананың төбесіне әр жылы әр рудың ұрпақтарына алау жақтырады. Оны ерте кезде жау келе жатқанын барша елге сездіріп, қазақтың руларын түгел жинау үшін бірлікке шақырған белгі болғанымен түсіндіреді. Қай деректі қарасақ та, қандай жоралғының астарына үңілсек те Наурыз игі жақсылықтардың бастауы екенін көреміз. Жыл сайын елімізге Әз-Наурыз құт-берекесімен келе берсін деп тілейік.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар