Мұнда көрме ұйымдастырылыпты. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, дамып келе жатқан өнер, нақты айтқанда салт-дәстүрлер, әдетжоралғылар көрсетілуде. Әжелер таба нан жауып, күбі пісіп, ерлер атәбзелдерін дайындап, жігіттер жағы атбегілік, құсбегілік өнерлерін паш етуде. Жиырма жастағы егіздер Ерлан мен Дарын Жамантай Тайсон есімді бүркіттің иелері. Бұл мерекеге құмай тазысы мен қыран бүркітін әкеліпті.
– Біздің құсбегілікпен айналысқанымызға 4 жылдай болды. Бұл өнерді әкемізден үйрендік. Үйде 5 қыран бүркітіміз бар. Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқанымызға дән ризамыз. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, алдағы уақытта саятшылық, аң аулау, домбыра тарту сынды өнер түрлерін де игермек ойымыз бар, – дейді ағайындылар.
Ғасырлар бойы қалыптасқан мұраның бүгінгі күнге дейін жетуіне халық шеберлерінің қосқан үлесі айтарлықтай. Шеберлер қолынан шыққан көзтартарлық өнер туындыларының эстетикалық маңызы, тәрбиелік мәні зор. Көрмеге шеберлер әр ауданнан келіпті. Әрқайсысының Сұлт анмахмұт Торайғыровша айтқанда, «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп өз көрсетері бар. Бәрінің алдында, құрақ көрпелер, қазақы шапандар, оюлы жастықтар. Қолдан шыққан бұйымдарын елге көрсетіп, шаттанып тұр. Жалпы, ою-өрнек өнері әлімсақтан бері халқымызбен бірге жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. №64 мектептің ұжымы тұсаукесер рәсімін көрсетті. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ізгі тілегін жеткізді.
– Күн менен түн теңеліп, Жер-Ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы әзНаурыз баршаңызға құтты болсын! Ежелден барша түркі жұртына және Шығыс халқына ортақ, бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – береке мен бірліктің, молшылық пен тоқшылықтың мерекесі. Бұл күнге де аман-есен жеттік деп қуанған халық бір-бірімен қуана көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, бір қазаннан наурыз көже ішіп, тойлатқан. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, егін салған. Қыстан қысылып шыққан ағайынға дем беріп, қайырымдылық көрсеткен. Бүгінгі күні де осы дәстүрлеріміз ұмытылмай, керісінше, қайта жаңғырып, жанданып келеді, – деген Серік Жақсылықұлы жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Мереке мезіреті сенбі-жексенбі күндері бар шырайымен тойланбақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі
- 22 наурыз, 2026
Ұлттық нақыш - ұрпаққа аманат
- 22 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




