«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елімізде Наурыз есімді 1453 адам бар

Елімізде Наурыз есімді 1453 адам бар
Автор
Перзентіне жарасымды есім беру – ежелден келе жатқан халықтың игі дәстүрі. Әрбір ата-ана баласына мағынасы айқын, айшықты ат қоюды қалайды. Бір қызығы, есімдер де заман ағымына қарай жаңарып әрі ескіріп отырады. Тіршілікте адамның өзімен бірге өмір бойы жасайтын мәңгілік ескірмейтін есімдер де бар. Сондай есімдердің бірі – Наурыз. Біз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурыз есімді жандарды іздестірдік.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда Наурыз есімді 1453 адам бар екен. Оның 1417-сі ер адам, 36-сы әйел. Біздің бірінші кейіпкеріміз – ақын, республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Наурызбек Саршаев. Жерлесіміз бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оның «Қара түн», «Шайырлар өлімі», «Жыла, жаңбыр», «Жетім бақ» атты өлеңдерін қалың көпшілік жатқа біледі.

Наурызбек Саршаев 1991 жылы 21 наурызда Жамбыл ауданының Шайдана ауылында дүниеге келген.

– Менің есімімді әкемнің басшысы Бескен қойған. Қазақ халқы есімді құрметті қонағына не жасы үлкендерге қойғызған. Атымның дәл осылай аталғанына еш өкінген кезім болған емес. Ол кезең әз-Наурыздың енді-енді тойланып жатқан кезі екен. Киіз үйлер тігіліп, айтыскер ақындар өлеңдетіп жатқан думанды күн екен. Сол күні ұлы мерекеде өмір есігін ашыппын. Менің атыма айтыскерлер жырларын арнаған екен. Есімім ерекше. Мені көбіне есімімді қысқартып Науша деп, не Наурыз деп атайды. Адам есімі өміріне әсер етеді дегенге сенемін. Бұл есім менімен бірге жасайды, – дейді ол.

Екінші кейіпкеріміз – кәсіпкер Наурызбек Шуақбаев. Наурызбек Жұмабайұлы 1960 жылы 13 наурыз күні Түркіменстанда дүние есігін ашыпты. 1990 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында тұрады. Үш ұл, екі қыздың әкесі. Жеке кәсіпкердің иелігінде қазір мейрамхана, техникалық жөндеу орталығы, жанармай құю бекеті, автобөлшектер дүкені және қонақ үй мен бассейн, монша бар. Ол өз кәсіпкерлігімен отбасын асыраумен қатар, бірнеше азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүр.

– Өзім наурыз айында дүниеге келгендіктен ашқан кәсіптерімнің аттарын да Наурыз деп қоюға тырыстым. Есімімді әкем қойған. Жеке кәсіпкерлікті ең алғаш Бішкектен шоколад әкеліп сатудан бастаған едім. Ол кезде ұлттық валютамыз енді шыққан уақыт, өте құнды еді. Сол жылы қорамызда 4 сиыр болды. Жұмыс орындары қысқарып, мекемелер жұмысшыларына айлық төлей алмай қалған қиын кез. Балашағаны бағу үшін не істесем екен деген оймен қолда бар 4 сиырымды сатып, жеке кәсіп бастауға бел будым. 4 сиырым небәрі мың-ақ теңге болды. Сол мың теңгеммен Бішкектен шоколадтар әкеліп, осы ауылдың орталығындағы шағын базарда саудаладым. Әйтеуір, мың теңгем екі мың теңге болды, бәрі де содан басталды. Білесіздер, Луговой – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұл стансадан өтпейтін пойыз жоқ шығар, сірә. Ары-бері өткен жолаушылардың әр елдің валютасын іздейтіні анық. Осыны ойлап, валюта айырбастау ісін қолға алдым. Теміржол вокзалында жүріп, ақша айырбастадық. Осылай да табыстың басы құралды. Оны жоғалтып алмау үшін жанармай құю бекетін сатып алдым. Істің көзін тапсаң, жұмыс өзі алға баса береді екен. Кейін кәсіпкерлігімізді кеңейтіп, тойхана салдық. «Наурыз» мейрамханасында талай ауылдастар қуаныштарын атап өтті, – дейді Наурызбек Жұмабайұлы.

Адам есімі оның тағдырына жасырылған. Екі кейіпкеріміз де өз есімдерімен мақтанатындарын айтты. Екеуі де атына заты сай, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар. Халыққа пайдасы тиген біртуар жандар.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар