Француз инвесторлары жел электр стансасының құрылысын бастады
- author «Ақ жол»
- 19 наурыз, 2026
- 64
Жалпы, Әулиеата өңірінде мұндай жұмыстар 2010 жылдан бері жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бастапқыда облыста жаңартылатын энергия көздерін игеретін жалпы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілген еді. Ал 2015 жылы оның саны 9 нысанға жетіп, 114 мегаватты құрайтын жаңа күн, су және жел электр стансалары іске қосылды. Бұдан бөлек 2021 жылы қуат өндіру 387,8 мегаватты құрап 17 нысан болса, 2022 жылы 21 нысанға жеткен. Ал 2023 жылы оның көлемі 551,3 мегаватқа жетіп, бір нысанға ұлғайды. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 275,65 мегаваты он жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі.
Естеріңізде болса, бұған дейін бірқатар шетелдік инвесторлар облыс аумағында жел элект р стансаларын салуға қызығушылық танытқан болатын. Оның ішінде франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf» компаниялары да бар.
Шын мәнінде, әлемдік сарапшылардың зерттеулері бойынша кең байтақ даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатыны дәлелденген. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жыл сайын сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленіп отыр.
Франциялық инвесторлармен нәтижелі жұмыстың арқасында күні кеше Мойынқұм ауданында «Мирный» жел электр стансасының құрылысы бастау алды. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «СамұрықЭнерго» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, «KMG Green Energy» компаниясының бас директоры Әділжан Нұрсипатов және франциялық «TotalEnergies Renewables» компаниясының басқарушы директоры Тьерри Плезан қатысты. Сондай-ақ оған бейнебайланыс арқылы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге мен «СамұрықҚазына» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов бейнебайланыс арқылы қатысып, аталған жоба екі елдің сауда-экономикалық салаларындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылғанын жеткізді.
Ал облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының айтуынша, облыс аумағында орналасқан Мойынқұм өңірі табиғи әлеуеті жоғары әрі болашағы зор аймақтардың бірі. Оның сөзінше, көпшілікке құмды алқаптарымен танылған аудан бүгінде еліміздің энергетикалық дамуында маңызды орын алатын ірі жобаның жүзеге асу алаңына айналғалы отыр.
– Мойынқұм ауданында салынатын жел электр станциясы өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ел энергетикасының жаңа бағытына серпін береді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында жасыл энергетиканың үле сін арттыру мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Облысымыз жел энергетикасын дамытуға қолайлы өңірлердің қатарында. Табиғи жел ағындарының тұрақтылығы мен географиялық ерекшеліктер ірі энергетикалық нысандарды орналастыруға мүмкіндік береді.
Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында Ақтас Энерджи компаниясы қуаттылығы 1 гигаватт болатын жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі – 620 миллиард теңгені құрайды. Жел электр станциясының генерациялық қуаты – 1 гигаватт болады. Сонымен қатар қуаты 300 мегаватт/600 мегаватт-сағат болатын энергия жинақтау жүйесі қарастырылған. Жоба толық іске қосылған кезде жыл сайын шамамен 3 992 гигаватт-сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі жылына 3,2 миллион тоннаға дейін азаяды. Құрылыс кезеңінде шамамен 2 мың маман жұмыспен қамтылады, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Қайрат Берікұлы мен «KMG Green Energy» компаниясының бас директоры Әділжан Нұрсипатов сөз алып, жоба толықтай іске қосылғанда көрші елдерден келетін электр қуатына тәуелділігі едәуір азаятынын атап өтті. Ал «TotalEnergies Renewables» компаниясының басқарушы директоры Тьерри Плезанның пікірінше, экологиялық таза әрі тұрақты табыс әкелетін бұл жоба инвесторлар үшін де тартымды болып отыр. Осыдан кейін жиналғандар құрылысы енді басталған кешеннің іргетасына капсула салды.
Айта кетейік, станса пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның барлық қуатын іске қосу мерзімі 2028 жылдың аяғына жоспарланған. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру бағытында бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілуде. Геологиялық, топографиялық және экологиялық зерделеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, зерттеу аумағы шамамен 30 мың гектарды қамтыған. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды орналастыру және электр желілеріне қосу бағыттары да айқындалуда.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Анаға – тағзым, аруға – құрмет, әйелге – алғыс
- 10 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




