«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды

Өңірде мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды
AQ JOL
Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиында өңірдегі мәдени мұраны сақтау, тарихи ескерткіштерді қорғау және алдағы мерейтойлық іс-шараларға дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Кеңес барысында биыл облыстық және республикалық деңгейде аталып өтетін мерекелер мен атаулы күндерге дайындық жұмыстары сараланды. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді мемлекеттік тізімге енгізу және оларды заңдастыру үшін қажетті жерге орналастыру актілерін әзірлеу барысы қарастырылды.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен қатар, ел дамуына үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде атап өтіледі. Атап айтқанда, мәдениет қайраткері Илья Жақановтың 90 жылдығы, ақын Күләш Ахметованың 80 жылдығы және Қазақстаннан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарланған.

Жиын барысында «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Сауран Қалиев тарихи нысандарды қорғау бағытындағы өзгерістерге тоқталды. Ендігі уақытта ескерткіштерге зиян келтірген тұлғаларға қатысты жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік жазамен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылмақ. Атап айтқанда, мұндай құқық бұзушылықтар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сондай-ақ, аудандарда тарихи ескерткіштерге қатысты жерге орналастыру актілерін алу мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда бұл бағытта тек Жуалы, Жамбыл, Сарысу және Шу аудандарында қаржы қарастырылған. Қалған аудандарда бұл жұмыс әлі толық жолға қойылмаған.

Жалпы, кеңес отырысында мәдени мұраны сақтау, тарихи ескерткіштерді қорғау және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Ұқсас жаңалықтар