«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ гобеленінің анасы

Қазақ гобеленінің анасы
Автор
Сурет – үнсіз музыка, жүректің кілті, сезім әлемі, жан сарайы. Ол қарапайым сөздерден анасы әлдеқайда күштірек әсер етеді. Сол үшін де суретті рух пен жүректің үні дейді. Қазақтың тұңғыш халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбілхан Қастеевпен қатар Орал Таңсықбаев, Әбубәкір Исмайылов, Гүлфайрус Исмайылова, Әбдірашид Сыдыханов, Телжанов, Кенбаев, тағы басқалардың өмірмен өзектес, тіршілікпен тамырлас шығармалары жастарға үлкен рухани-эстетикалық тәлім беріп келеді. Қара тасты тірілткен мүсінші Наурызбаев та өнердің киелі шаңырағына уық бола білген ұлт мақтанышы.

Осындай сақадай саңлақ есімдердің жолын қуып, Қазақ көркемөнерінің құлашын кең жаюына сүбелі үлес қосып жүргендердің бірі қазақ топырағына гобелен өнерін қалыптастырып, «Қазақ гобеленінің анасы» атанған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан өнер қайраткері, «Парасат» ордені мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Бәтима Есмұратқызы Зәуірбекова биыл 80 жасқа толып отыр. Ол 1946 жылы 29 тамызда Жамбыл облысының Фурмановка ауылында дүниеге келген. 3 жасқа шыққанда ата-анасы Меркіге қоныс аударған, сондықтан Бәтима өзін меркілік санайды, өйткені осында өсті, білім алды, өнер көгіне қанат қақты. Аспараның сұлу табиғаты, кең жазирасындағы хош иісті әсем гүлдері, Меркі өзенінің сарқырап аққан кәусар суы, ақша қардан шәлі жамылған асқар таулары бала кезден сұлулыққа жаны құштар сезімтал қыздың қиялын ғарышқа шарықтатып, кеудесін нәзік нұрға шомылдыратын.

Осындай шұғылалы сәттерде Ниагара сарқырамасындай алып ұшқан асау сезім иірімдерін бейнелеп қыл қаламмен суретін салатын. Меркідегі Ақкөз Қосанов атындағы мектепте оқып жүргенде құрбы достары Сабыркүл, Рән, Бейсен, Әсемкүлдер сыпайы майда мінезді қарақат көз Бәтиманың салған суреттерін сынып жетекшісі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мәдина Зариповаға көрсеткенде, ол таңырқап: «Тамаша, қандай керемет! Бәтима, сенен үлкен суретші шығады, шоқтығы биік өнерге деген құштарлығың тарқамасын!», – дегенін естігенде жүзі бал-бұл жанып, жүрегі шексіз шаттық сезімге бөленген еді. Осының алдында ғана өзінің туған анасы Бибіхан да: «Қазақстан әйелдері» журналына жарияланған Г.Исмайылованың портретін көрсетіп: «Қызым, сенің де Гүлфайрустай суретші болуыңды қалаймын!», – деп айтқанын есіне алды.

Сөйтіп асыл аналардың ақ тілектерін іске асырмақ болып Бәтима 1966 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы үздік бітіреді. Ендігі жерде ол гобелен өнерімен айналысуға бекем бел буады. Батыстан келген гобелен техникасын терең меңгеруге ұстазы Қ.Тыныбеков көп ақыл-кеңес береді. Әрі ауданда қолы шебер кісі атанған өзінің туған анасы Бибіханның жасаған текемет, алаша, тұскиіздеріне жастайынан көмектесіп өскен Бәтимаға тіршілік тынысын айшықты бояулар арқылы көрсететін гобеленге қызығушылығы артуына аяулы анасының ықпалы зор болғаны анық. Содан бері Бәтима гобелен өнерімен ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. «Астық жинау», «Мелодия» сияқты алғашқы туындылары өткен ғасырдың 70-жылдары Мәскеудегі көрмеде көрсетіліп жоғары бағаға ие болды. Б.Зәуірбекованың жасаған 200-ден астам туындысы бар. Олар – гобелендер, кескіндемеліксәндік полотнолар, портреттер мен натюморттар. Суретшінің үздік туындылары Астана, Алматыдағы еліміздің ірі мұражайларында, шет елдерде: Австралия, Германия, Франция, АҚШ, Италия, Канада, Түркия, Швейцария, Юго славиядағы жеке коллекцияларда сақтаулы. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің жинақтамасында Б.Зәуірбекованың еліміздің ұлттық қазынасына кіріп, экспозициядан лайықты орын алған 18 туындысы бар, суретшінің «Жайлауда», «Жіп иіруші», «Астық мерекесі», т.б шығармаларынан Ұлы даланың шұрайлы келбетін, сан-алуан жануарлар мен өсімдіктерінің әсем әлемін, мейірім мен шапағат шуағын шашқан адамдардың ішкі рухани байлығын көреміз. Бесігі құтты, босағасы берік, жасыл бақшалы, табиғаты ғажайып, абат гүлге малынған өлкеде өскен Бәтиманың туындылары жаһани жауһарлармен таласа алатынына шүбә келтірмейміз.

Қай туындысын қарасаңыз да сезімге толы мазмұндылық пен ұлттық дәстүр бүгінгі күн талабына сай үйлесім тауып үндесіп жатыр. Мысалы, Б.Зәуірбекова «Әйгерім» атты еңбегінде түр-түстерді құбылтып көрсетсе, «Құнарлылық» деп аталған суретінде өмірдің сәнін келтіретін әйел-ананы аса жоғары дәріптейді. Б.Зәуірбекованың шығармалары ұрпағымыздың елін, жерін, Отанын сүйіп, патриот болып өсуіне ықпал ететін, рухани күш беретін тәрбие көздерінің біріне айналуда. Суы шипа, шөбі шүйгін киелі мекен адамдарының адал махаббатын, өршіл рухын бейнелейтін «Ана-Жер-Ана», «Бейбітшілік» атты шығармалары асқан сезімталдықпен, терең сүйіспеншілікпен сыр шертеді. Б.Зәуірбекова негізінен көне ұлттық символдарды жаңаша ашуға талпынатын декоративті өнердегі қазақстандық суретшілердің бірі. Оның жасаған гобелендерінің көпшілігінде төл өркениетіміздің тамыры тереңде жатқандығын көрсететін төрт мың жылдық тарихы бар Қаратау петроглифтері мен күн басты құдайлар бейнесі молынан бейнеленген. Бұл ежелгі адамзаттың өмірлік – күш-қуат символдары. Олар мәңгілік категорияға жатады. Зәуірбекованың суреткерлік өнері, тамаша туындылары жайлы шығарылған альбом-кітапта (авт. Ш.Тоқтабаева), Түркияда шығарылған каталогта (1999), «Мелодия» атты деректі фильмде кеңінен сөз болған. Бір кездері шүйкедей шағын ауылдың ауласында Қалбүбі, Гүлнарлармен көбелек қуып, қуыршақ ойнайтын шынашақтай қыз Бәтима қазір шартараптағы әлем жұртшылығына қазақтың бекзат өнерін таныстырып жүргенін жерлестері орынды мақтан тұтады.

Меркідегі тарихи өлкетану музейінде 20 шақты жылдан бері жемісті қызмет етіп келе жатқан Айман Жүрсіналиева бізбен әңгімелескенде, ол: «Үндістанның ұлы ақын жазушысы Рабиндранат Тагордың «Әрбір ұлт өз жетістігін баршаға көрсете білуі керек» деп айтқанындай, Меркіден шыққан бармағынан бал тамған шебер суретші, гобеленші, сәндік-қолданбалы өнер иесі Бәтима Зәуірбековаға арналған экспозиция маңында көрермендер көп жиналады. Оларды суретшінің рухани ләззат сыйлайтын, жүрек тербейтін жұмыстары қызықтырады. Әсіресе қазақ-қырғыздың төбе биі атанған Сыпатай Әлібекұлының 210 жылдығында Бәтиманың өзі музейге тарту еткен батыр портретінен бояуларының қанықтығы мен тазалығы автордың жан дүниесінің нәзіктігін, пәк сезімін көруге болады. Б.Зәуірбекованың 80 жылдығына арнап «Сезім бояулары» атты байқау өткізбекпіз. Мұнда әуесқойлар мен мектеп оқушыларының өздері салған суреттері, гобелендері, сәндік-қолданбалы бояулары қойылмақ», – деген еді.

Ал ауданымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген мақтаулы кәсіпкер, «Ұлттық айбын» сыйлығының иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Болат Рахымбаевпен сөйлескен шақта, ол: «Бәтима әпкеміздің ел мақтанышына айналып, теңдессіз өнер иесі суретші атанғаны алты Алаштың аруларының мәртебесін жоғарылатты. Оның жолдасы Сейітқали Шалабаев та өнер адамы, талантты суретші-архитектор. Бұл күнде Орал Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет колледжінің директоры. Көркем мінез бен кішіпейілділікті бойларына сіңірген екеуі кісілік пен кемеңгерліктің үлгісіндей жарасымды жұп, ұлағатты жанұя, бақытты отбасы», – деді. Біз де ауылдан шығып әлемге қазақтың бекзат өнерін таныстырып жүрген Б.Зәуірбековаға бақытың баянды болып, алдыңнан ақ күндер туа берсін дегіміз келеді.

 

Шырын МАМАСЕРІКОВА

ақын,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

«Құрмет» орденінің иегері,

Меркі ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар