Қайрат Рысқұлбеков туралы кітаптар мен зерттеулер көп жазылды. Менің қолыма түскені Коммунар Табейдің 1994 жылы жазылған «Қайсар рухты қазақ», Мәкен Уақтегі құрастырған, 1998 жылы жарық көрген «Ер намысы – ел намысы», 2019 жылы Мәкен Уақтегі мен Мақұлбек Рысдәулеттің құрастыруымен жарық көрген «Қаһарман Қайрат пен желтоқсаншылар» атты кітаптары. Бұл тек менің қолыма түскен кітаптар ғана. Қайрат батырға арналып жазылған еңбектер бұдан да көп. Себебі, қазақ халқының өз батырларына деген құрметі шексіз! Қайрат Рысқұлбековтың да даңқы жылдан жылға, ғасырдан ғасырға асқақтап арта беретіні анық. Себебі, ол сын сағатта сынбаған, қажет кезінде миллиондаған жастарға рух берген, халық үшін басын бәйгеге тіккен, елдің намысын қорғауға жас ғұмырын айырбастаған нағыз батыр! Иә, батыр ұл жайлы бәрі біледі. Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13-желтоқсанда Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшылар әулетінде дүниеге келді. 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта сегіз жыл мектеп партасында отырып, білім алды. Сабақты жақсы үлгеріммен оқып, сыныптан сыныпқа емтихансыз көшіп отырды.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектептің бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болды. Сонда өзіңіз ойлап қараңыз, 14 жасар оқушы – комсомол комитетінің хатшысы. Кешегі Кеңес кезеңінде коммунистік партияның рөлі басты орында болғаны белгілі. Ал коммунистерден бір ғана саты төмен құрылым – комсомол. Ол уақытта қатардағы комсомол болудың да жауапкершілігі жоғары. Ал мектеп бойынша жүзге жуық комсомолдардың жетекшісі болу міндетін Қайрат Ноғайбайұлы 14 жасында атқарса, оның оқушы күнінен бойында керемет көшбасшылық қасиеттердің болғаны ғой. Соны аңғара білген мектеп ұстаздары да нағыз аңғарымпаз жандар. Мектептің соңғы екі жылын туған ауылы Бірліктегі бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты жақсы үлгеріммен тәмамдайды.
Сол кезде 17 жастағы Қайрат арада бірнеше жылдар өткенде аталған орта мектепке өзінің есімі берілетінін әрине, білген жоқ. Әскер қатарына шақырылғанша бір жыл әкесі Ноғайбайға көмекші малшы болып, Көктерек тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. Бір жылдан кейін, яғни 1984 жылы Амур өлкесі Белогорск деген қалада әскери міндетін абыройымен өтеді. Екі жыл бойы Отан алдындағы борышын атқара жүріп, әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағаздармен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына Алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. Сол уақытта мал шаруашылығында еңбек етіп жүрген Ноғайбай ақсақал мен Дәметкен апамыздың қуаныштан төбесі көкке бір-ақ елі жетпеген шығар. Әскердегі баласынан Алғыс хат келу деген ерекше қуаныш екені белгілі. Ол күндер де артта қалып, Қайрат 1986 жылдың мамыр айында әскери борышын өтеп, 20 жасында әскерден ауылына оралды. Шіркін, ерлік жасайтын 20 жас!
Қайрат Ноғайбайұлы 1986 жылдың тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасы мен жақсы мінездемесі арқасында Алматы сәулет-құрылыс институтына құжат тапсырып, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқуға түседі. Студент атанады! Үздік және белсенді студент қатарынан көрінеді. Сол кезде де ата-анасы, бауырлары ерекше қуанғаны анық. Бірақ, алда қандай күндер, қандай тағдыр тұрғанын, әрине, ешкім де болжап білмеген еді. 1986 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Г.Колбинның сайлануына наразылық білдірген жастар мен студенттер қосылып, Орталық алаңға бейбіт шеруге шықты. Осы шеруге Қайрат та қатысты. Бірақ билік қарулы күш арқылы құр қол жиналған жеткіншектерді аяусыз ұрып-соғып, алаңды қызыл қанға бояды. Кейіннен белгілі болғандай, ит қосып, өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, жығылған, мертіккен жандарды машинаға сүйреп салып, қала сыртына әкетіп жатты. Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, айуандықпен тепкілеп, кейбіреулерін қаныпезерлікпен көк мұзға отырғызуға дейін барды.
Міне, осындай оспадар озбырлыққа шыдамаған, ана қауымын ардақтап сыйлап өскен ер намысты жігіттер қыздарға араша түсіп, сол араша түскендері үшін «бұзық» атанды. Қазақ қыздарының намысы үшін қатерге басын тігіп, арашаға ұмтылған топтың бел ортасында батыр Қайрат Рысқұлбеков те бар еді. Қайрат Ноғайбайұлына да қамауға алынғаннан кейін талай айып тағылды, қара күйе жағылды. Әрине, ондай жалған айыптауға Қайратты білетіндер ешқашан сенген емес, ондай қорлыққа көнген емес. Мәселен, аталған ауыл имамы Абас Смайылов ақсақал «Ер намысы – ел намысы» кітабында:
– Біз 1977 жылы «Көктерек» совхозының Көлтабан бөлімшесіне көшіп келген едік. Қайраттың атаанасы бізбен көрші болатын. Балашағалары көп еді. Анасы Дәметкен сауыншы болатын, Ноғайбай көбінесе бақташылық жұмыстарды атқарды. Менің кіші қызым Раушангүлмен жастары шамалас болғандықтан ба, Қайрат біздің үйге жиі келіп тұратын. Сол кездері-ақ үлкендікішілі бауырлары кір қожалақ болып жүргенде, не бары он жастағы Қайрат мұнтаздай таза, әдемі, сүйкімді қалпынан танбайтын. Басқа балаларға қарағанда өзгеше де бөлек жаралғанын сонда-ақ байқаған болатынмын. Және де балғын жастығына қарамастан үлкен адамдарша байыпты сөйлей алатындығына қызығатынбыз. Әйелім Резван да іш тарта жақсы көріп, ол келгенде әрдайым тәттілері мен бауырсақтарын ұсынатын», – деп әсерлі естелігімен бөлісіпті.
Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектепинтернатта оқытқан ұстазы Александра Поласкалина: – Қайрат өте тәртіпті, үлгілі оқушы еді. Өзім оны ерекше жақсы көретінмін. Мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына ұсынған мен болатынмын. Қаралы Желтоқсан оқиғасынан кейін «Қайрат ұсталыпты» деген хабарды естігенде, оның бұзық әрекеттерге барғанына менің жүрегім сенген жоқ. Қайраттың ақ екендігін қызметтес әріптестеріме талай рет айттым да» деп сол күндерді еске алады «Ер намысы – ел намысы» кітабында. Тіпті өзге ұлт өкілі Александраның өзі әділдігін айтып, талантты шәкірті үшін өкініш білдірген. Аталған кітапта Қайраттың сыныптастарына да сөз беріліпті. Атап айтқанда, батырдың сыныптасы Сәлима Исаева: – 3-сыныптан бастап 8 жылдықты бітіргенше Шу ауданы, С.Шәкіров атындағы мектеп-интернатта Қайратпен бірге оқыдым. Бұл білім ұясы негізінен Мойынқұм мен Шу аудандарының малшыларына арналған еді. Сол кезде бірге оқыған кластас құрбыларымның ішінде Қайрат ерекше дараланып тұратын.
Мен келгенде ол 3-сыныптың командирі екен. Алғашында байқағаным Қайрат бұзықтау бала болып көрінді. Жүре келе ол бұзық емес, келеңсіз жайларға шыдамай, бар ойын кімге болса да ашық та батыл айта салатын жан екендігін көрсетті. Өжет те қайсар болатын. Бізбен оқыған бір қыз шашын тарамай, сабалақ-сабалақ болып, бет аузының кірін де жумай, сабаққа келе беретін. «Іздегенге сұраған» демекші, мен де тазалық тексергіш-белсенді болып сайланған едім. – Әй, сені де тазалыққа жауапты дейді-ау, неге анау қыздың шашын тарап, қолының күсін жуғызбайсың, – деп менің де жанымды шығаратын. Сондай-ақ Қайрат замандастарымен хат жазысып тұрғанды ұнататын. Тіптен, Корея, Германия, Моңғолия пионерлерінен жиі-жиі хат алып тұрды. Қайрат 1-сыныптан бастап бірге оқыған Гүлайым Құттыбековамен жыр шумақтарын жарыса жазып, бірге талқылайтын. Қайрат өз шығармаларын көбінесе көпшілікке көрсетуге ұялатын. Ал Гүлайым керісінше, жазған өлеңдерін түрлі жиындар да, жайшылықта да оқып беретін. Сегіз жылдықты тәмамдаған соң, мен Мойынқұмға, ал Қайрат туған ауылы Бірліктегі орта мектепке орналасқаннан кейін де біз хабарласып жүрдік.
1984 жылы әскер қатарына шақырылғанда, «қыздардың жолы жіңішкелігінен» аттап кете алмай, қоштасып шығарып сала алмадым. 1986 жылдың мамырында азаматтық борышын өтеп, ауылға оралғанын, кешікпей өз күшімен Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға қабылданғанын естігенмін. Шындығын айтқанымда, сонау балғын шақтардан бастап-ақ, Қайрат пен Гүлайым бір-бірін ұнататын. Гүлайым Қарағандыдағы жоғары оқу орнында оқып жүргенде де Қайратпен хат алысып, хабарласып тұрған еді. Кейінгі хабар-ошарларды тек Гүлайым арқылы біліп жүрдім. 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасына қатысып, «Қайрат адам өлтіріпті» дегенде, жағамызды ұстап, өз құлағымызға өзіміз сенбей, есеңгіреп қалдық...
Ал «Қайрат қайтыс болды» дегенде, бәріміз дерлік қан жылап, қасіретті қайғыға ұрындық. Әсіресе қаралы қаза Гүлайымның жас жүрегін жаралап, өте ауыр дертке ұрынған халде қалды. Сондай қайғылы халде күйзеле жүрген шағында Қайраттың рухына арнап мынандай өлең шығарыпты:
Ұзын да емес, қысқа да емес, ортамын,
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын.
Қанды қақпан қармағына іліккен,
Қайрат құрбым, торқа болсын топырағың!
Ерлігіңе қуанам да сүйінем,
Қайрат құрбым, рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына аһ ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.
Жыр шашатын жүрегің де тілінді,
Есімің де ел аузына ілінді.
Тіршілікте елеусіз боп жүрдің де,
Көз жұмған соң, кім екенін білінді, деп жазыпты.
Сол өлеңді бәріміз көзімізге жас алып тыңдадық», – деп ағынан жарылыпты өз естелігінде.
***
Әрине, батыр Қайрат Рысқұлбеков туралы айта берсе, естелік те, жазба да таусылмайды. Мен жеке өмірімде бұл әулетпен аздаған ғана байланысым болыпты. 2006 жылы наурыз айына таман туған ағасы Есенбекке жолығып, әңгімелескен едім. 2007 жылдардың аяғы болуы керек, сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин Қайраттың анасы Дәметкен ананы қабылдаған еді. Облыстық «AR-AI» газетінің бөлім меңгерушісі ретінде сол жиынға қатысып, анасын көрген едім. Ал 2012 жылы шет мемлекеттегі қасиетті сапарда туған інісі Талғат Рысқұлбековты де көріп, бірге жүрдік.
Одан бөлек бір жылдары қарындасы Меруертпен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, облыстық газетке мақала жазғаным бар. Ал осы үлкен мақаланы жазу барысында Гүлнар әпкесімен де, бауырлары Есенбек, Талғат, Рашит, Алтаймен де, қарындасы Меруертпен де телефон арқылы хабарластым. Соның ішінде Меруерт Рысқұлбекова: «Қайрат ағамыз бізге барлық ісімен үлгі болды. Қайрат ағамызды мақтаныш санадық» деп қысқаша ғана айтып өтті. Менің байқағаным Қайрат батырдың бауырлары көлдей-көлдей естелік айтуға жоқ, істің, еңбектің адамдары сияқты.
Маған ерекше әсер еткені анасына арнаған «Қайран шешем!» өлеңінде:
Қайран шешем! Ауыр саған түсінемін бәрін де,
Ішкенің ірің, жегенің желім бүгінде.
Жақсы-ақ болар, ана, мені түсінсең,
Сүйікті ем, жеңілдете алсам қайғы жүгіңді, деп толғануы.
Сонымен қатар туған бауыры Алтайды 1987 жылдың қыркүйегінде мектеп табалдырығын аттауымен құттықтаған өлеңі.
Ол өлеңдегі:
Құттықтаймын! Шын жүректен қыр гүлімен,
Алғашқы қоңыраудың сыңғырымен.
Қарсы алар ұстазың да күлімдеп кеп,
Жыр сыйлап жіберемін бұл күні мен.
Өзіңді, ал бауырым құттықтаушы,
Ағаңның ақ тілегін қабыл алшы.
Сәбилік жүрегіңді жасытпа тек,
Құлыным, мені жоқтап жыламашы, – деген жолдарын көңіл толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес.
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең атыңдар!» деп тағдырына қасқайып қарсы тұрған, Отанын ардақтауда, қазақ қыздарын қастерлеуде ерен ерлік көрсеткен Қайрат Ноғайбайұлы 1988 жылы 21 мамырда қайтыс болғанын «Америка дауысы» радио хабарламасынан естіген белгілі этнограф, құсбегі Жапар Сатылғанов:
Көңілім бүгін жаралы,
Естідім суық хабарды,
Қайратынан айырылған,
Мойынқұм мынау қаралы», – деп ұзақ жоқтау өлең жазған екен.
Бұл да Қайрат батырдың халықтың ұлына айналып кеткенін көрсетеді.
Біз мақала жазу барысында Бірлік ауылдық округіне де хабарласқан едік. Округ әкімі Қуаныш Оспановтың айтуынша ауылда 3601 тұрғын бар. Оның бәрі де «Біз батыр Қайраттың жерлестеріміз» деп мақтанады. Аталған ауылдағы орта мектеп бұл күнде Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков есімімен аталады. Абзал Сәлібеков басқарып отырған мектепте 560 оқушы білім алуда. «Олар шетінен өнер мен спортқа, қоғамдық жұмыстарға бейім. Біз оларға патриоттық тәрбие беруден жалыққан емеспіз», – дейді аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанаткүл Байқоңырова.
Иә, бұл мектептің әр оқушысы – Қайрат батырдың жерлестері! Олар қаһарман Қайраттың ізбасарлары! Халық Қаһарманы Қайраттың мектебінде оқығандар патриот, үздік болуға міндетті. 1996 жылдың 9-желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл – барша халық тілегінің орындалуы. Қайраттың ерлігі мен есімі ел жадынан ұмытылмайды!
Есет ДОСАЛЫ
ақын, Мәдениет саласының үздігі
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




