«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы

Аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы
Автор
Еліміздегі аралас неке жайлы мен бұрынырақ бірнеше рет газеттерге мақала жазған болатынмын. Бірақ ол жастарға жетпеген болу керек, қыздарымыз шетелдік азаматтарға еш қысылмай күйеуге тиіп, басқа елдің демографиялық көрсеткіштерінің жақсаруына өз үлестерін қосып жатқанын көріп жүрміз. Соған намыстанып, іштей күйінесің. Танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы қазақ әйелдеріне қатысты бір жазбамен бөлісіп, жанын жабырқатқан жайтты оқырмандарымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.

«Мына ақпаратты оқып отырып, әлемде ең қадірсіз, құнсыз, бағасыз, өз еркектері жылатып, керексіз заттай тастап кететін, бала-шағасымен қаңғытып қоя беретін, тіпті, ұрып-соғып, тепкілеп өлтіретін, өзге елдің еркектері жетектеп кете беретін ең байғұс қыз – қазақ қыздары ма деп қалдым...». Намысы бар қарындасымыз орынды налиды. Өйткені қазақ қыздары кім болса соның қолтығына кіріп кетіп барады. Тіпті оны, өздерінің пайымдауынша, үлкен бір жетістік, мәртебе, мақтаныш көретіндері қынжылтады. Әлеуметтік желілерде қара нәсілділермен құда болып, қыз ұзатып жатқан тойын дарақыланып, дүйім елге жайып жатқандарын көргенде намыс оты ойнап, қапаланып, жерге кіріп кете жаздайсың. Қатар жатқан басқа елдерде бұл мәселе қандай болып жатыр екен? Осы оймен интернетке жүгініп бақтым. Көзге ілігер мәлімет жоқтың қасы екен. Солардың арасынан «Әлемде қыздарын шетелдіктерге бермейтін елдер» деген ақпаратпен кезіктім.

Енді соған көңіл аударайық: «Түркменстан қызын алатын болсаңыз, 50 мың АҚШ долларын, қазынасына құясыз. Өзбекстанда 40 мың $. Түркияда 80 мың $. Азербайжанда 50 мың $. Жапония қыздары шетелдікке тисе азаматығынан шығарады, күйеуіне азаматтық бермейді, туған баласына да азаматтық бермейді. Кореяда шетелдіктерге қыздарының тиюіне заңмен тыйым салған, некеге тіркемейді. Күйеуіне азаматтық та бермейді. Мұсылман заңымен жүретін 22 араб елінде шетелдіктерге қызын да, азаматтығын да бермейді. Израиль – жөйттер елі, қыздарын қытай азаматтарына тиюге заңмен тыйым салған. Әлемде ешбір елде жоқ, өз елінде құқығы қорғалмаған жалғыз ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Қазақ атын жамылған келімсектер қазаққа тиесілі байлықты тонап, шетел асыруда.

Қазақ қонақжай, қазақ жуас, момын деп, әртүрлі кинолар, шоулармен күнде құлағына құйып ұйықтатуда, оятып алмауы керек. 1993 жылғы заңдарында ел мен жердің иесі қазақ дегенді, 1995 жылы Қазақ ұлты – 130 келімсекпен бірдей деп заңдарын өзгерткен жалғыз ел. Өздерін келімсекпен бірдей қылған, келімсектерге байлығын, билігін, базарын беріп отырған жалғыз ел. «Руымды сақтаймын десең ұлыңа ие бол, Елімді сақтаймын десең қызыңа ие бол», – деген қазақта ертеден келе жатқан дуалы сөз бар. Қазақ – қыздың намысы елдің намысы деп қызын төрге отырғызып, әлпештеп күткен жалғыз ел. Қазақ – келімсектерге қызының кеудесін бастыру былай тұрсын, жүзін де көрсетпеген намысшыл еді. Енді не болып жатыр?». Міне, біздегі жағдай қазір осындай. Кімнің болмасын ой-санасына салмақ салатын сұрақ...».

Шынында, бұл ойландыратын мәселе – қазіргі уақытта аралас неке үлкен проблемаға айналды. Мәселен, Кеңес заманында Қазақстанда әрбір 7-ші неке аралас жағдайда болса, тәуелсіздік алған уақыттан бері бұл көрсеткіш 20 пайызға жетіпті. Тағы бірде қазақтың бойжеткен бір қызы африкалық шойындай қара жігітке тұрмысқа шығып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар тобының асты-үстіне түсіп, мәз-мейрам болып жылы қарсы алып жатқан қандастарымыздың іс-әрекеттерін әлеуметтік желі әлемге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кезде жиі ұшыраса бастағанын байқап жүрміз. Бірте-бірте бұл үрдіс ары қарай жалғаса бере ме деген күдік, тіпті үрей бізде жоқ емес. Базбіреулер «Ой, оның несі бар? Қазір заман өзгерді. Жастар қай елде тұрғысы келеді, өздерінің таңдауы білсін, еркіндік бергеніміз жөн, оларға кедергі жасамауымыз керек. Қашанғы бөгде елге жібермей, қыздарымызды ұстап-матап отыра береміз», – дейтінін білеміз.

Бірақ, оның соңы неге апаратынына мән бермейтініміз қалай? Қытайда бейресми түрде шетелден әйел алған қытай азаматтарына «қалың мал» төлеп, сол азаматтың сол жат елде үйленіп, жер иеленіп, бала-шағалы болып, сосын туыстуғандарын шақырып алуына көмек береді деген сөз бар. Тіпті, Еуропада, Орталық Азияда, Африкада үйленіп, азаматтық алуға Қытай үкіметі тарапынан әртүрлі қаржылай көмек берілген. Соның ішінде ең жоғары көмек Еуропа, Америка, Австралия құрлығына берілсе, ең төменгі қаржылық көмек Орталық Азияға беріледі екен. Қаржылық көмек екі түрде беріледі: бірі – тікелей ақшалай көмек, екіншісі – өсімсіз несие негізінде. Осылайша, «қалың мал» беріп қолдап, қолпаштауының нәтижесінде қытай азаматтары шетелдік қыздармен үйленіп, сол елде азаматтық алып, тез көтеріліп жатыр.

Осы мақаланы даярлау барысында кезінде талай қазақ зиялысының өзге ұлттың қыздарымен отау құруға әуес болғаны еске түсе бергенін де жасырмаймын. Оқығандардың біразы замана көшінен қалмау үшін де тілі өктем ұлттың қыздарын алуға мәжбүр болды. Шындыққа келгенде, бұйығы, сауатсыз, тым қарапайым қаракөздерді менсінбеді. Сол сәйкессіздік синдромы уақыт өте келе, тіпті ғасырға да толмаған аралықта қайта алдымыздан шығып отыр. Қазір керісінше ұлтымызда оқыған, жоғары білімді, тіпті бір емес бірнеше тілді білетін қыздар көп. Енді, міне, олар қара базарда жүрген ауылдың қара баласын қайтсін?! Өзімен өресі деңгейлес азаматын іздесе, оған кімді жазғыруға болады? Көпке ой тастайтын сұрақ...

Иә, мына ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын ой көп қой. Менің пайымдауымша, қазіргі біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай жас шыбықтай солқылдаған талдырмаш сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең әлем-жәлем күйге еніп, санаңа ауыр ой ине қадалғандай ауыр сезімге бөлейтіні бар. Иә, бұл мына сайқымазақ қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Статистикаға жүгінсек ол жылдан-жылға өршіп бара жатқан секілді. Осы бір проблеманың себебіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, «әдемі мамыражай өмірге» деген жастардың қызығушылығы оларды рухани қазынадан алыстатып барады. Баюды, «жеңіл, уәйімсіз бақытты өмірді» мақсат еткен жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындары жиі байқалады.

Шет елде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себептермен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақыттарын» табады. Тағы бір қазіргі өмірдің сорақысы, аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктерінің ықпалы да бар екеніне күмән келтіруге болмайды. Көптеген қазақ қыздары түрік, араб, әзірбайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпайды. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі демографиялық көрсеткішке жүгінсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзірбайжандар 25 миллион, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған халықтың қызын алғылары келеді. Мәліметтерге сенсек, Алматыда, Ақтөбеде, Қызылордада және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес.

Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатыр екен. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанмен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі. Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «күйеу балам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Ал біле-білсек, сол мақтанатын нәрсе емес, қайғы-қасірет қой?! Демек, «қызың өлді» деген сөз – сен оны өзгеге берген күні ол қызыңның жаназасын шығардың деген сөз. Бұл қатты, сүйекке батыра айтылған пікір болар. Түйсігі бар адамды терең ойға қалдыратын сөз. Ойласаңыз, бүгінде қаншама қаракөз қыздарымыз шет елдік азаматтың отын жағып, күлін шығарып, тілі мен салт-дәстүрін, тіпті, өз ұлтын жоғалтып жүр...

Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғалғанда базбіреулер «әркімнің өз таңдауы, өз хақысы – құқы бар» деп оларды қызғыштай қорғайтыны жасырын емес. Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына еркін құқық берілгені рас. Бірақ, осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де айдан анық. Егер бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда олай болмас еді ғой деп күйінесің. Аралас некенің біздің халық үшін қаупі жайында, келе-келе еліміздің, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты... Ресейлік «НТВ» телеарнасының беткеұстар журналистерінің бірі чешен қызы Асет Вацуева болды. Ол жүргізетін «Страна и мир», «Сегодня» сынды бағдарламалардың рейтингі шарықтап, чешен қызы тележұлдызға айналды. Сол Асеттің бір сұхбатында: «Махаббат деген таңғажайып сезімді бастан өткергім келеді. Бірақ басқа ұлттың өкілін сүю арқылы өзін туған халқынан, ұлтынан, отбасынан, дәстүрінен ажыратқан адамның алды – түнек. Ол қараңғылыққа батады. Шынымды айтсам, мен мұндай некелерді құптамаймын да, мойындамаймын да» дегені бар. Сол Асет Вацуева кейіннен бірақ күнде тележүргізуші мамандығын тәрк етіп, себеп-салдарын ешкімге түсіндіріп жатпастан Чешенстанға кетіп қалады. Әйгілі тележүргізушінің қызметтен кету себебін сансаққа жүгіртіп баққандар көп болған. Соңғы деректерге сүйенсек, ол сөзінде тұрып, тау халқының ұланымен шаңырақ көтерген көрінеді. Чешен қызының батылдығы, халқына деген сүйіспеншілігі қазақ қыздарының бойына, санасына сіңсе игі болар еді. Жә, жарайды. Енді бақыттарын іздеп шетел асып жатқан қыздарымыздың хал-ахуалына көз жүгіртейік. Kaz.tengrinews.kz сайтынан алынған бірнеше дерекке сіздердің де назарларыңызды аударайық. Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне айтып беріпті. Олардың бірі – Талдықорғанның 29 жастағы тұрғыны Дарина. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жоғары жалақы үшін барыпты.

Сол жақта ол орта жастағы бақуатты арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша тіршіліктің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру туралы мүмкіндік пайда болады. Ал ең бастысы – оған бала босанып беру, ұл бала. «Менің күйеуім бақуатты адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйелге бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бермейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш баламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыздарымды тіпті адам екен демейді, жақтырмайды. Балаларым болса мектепке де бармайды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды әп-сәтте көтеріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен интернеттің ақысын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағдай жасай алады. Бірақ қаламайды», – дейді Дарина.

Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алайда қазір Дубайда тұратын Маржан оқиғасын былай баяндайды: «Әмірліктерде шетелдіктер тек екінші әйел бола алады, жұрты шариғат заңы бойынша араб қыздарының бірінші әйел болуын құп көреді. Күйеуім бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда да шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол талап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары секілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам – үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қалса да, басқа қиындықтары туса да, мен кінәлі болып шыға келемін. Соңғы кездерден бері қол көтере бастаса камераға түсіріп алуға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақсы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін». Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақстаннан барған қыздар өте көп екен. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүреді. Тәжірибе алмасып, кеңестер айтады. Басылымға сұхбат берген үшінші қыз – Қостанайдың 31 жастағы тумасы – ажырасып кетсе де, Дубайда қалып қойыпты.

«Ұрып-соғып, үркіткеннен кейін осыған бел будым. Осылай тағы жалғасқанда қызым екеуміз аман қалмас едік. Бақытымызға орай, зорлық-зомбылық көргенімді дәлелдей алдым, сөйтіп қана ажырастық. Балам ұл болғандықтан, оған оңайырақ, себебі бұл елде 70 пайызы ерлер, қалған 30 пайызы ғана әйелдер. Балаларыма мемлекет баспанасын төлейді, тамаққа чек береді, мектебін де төлейді, медициналық қызметін де төлеп береді. Мен Қазақстан азаматшасы болғандығымнан, ем алуға қызмет тегін емес, тек жеңілдік алып тұрамын, себебі арабтың балаларын тәрбиелеп отырмын», – дейді аты-жөнін атағысы келмеген қыз. Басылымның мәліметінше, бұл оқиғалардан асып түсетін жағдайлар бар. Әйелдер мүгедек болып қалатын немесе өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін жағдайлардың болғанын айтады, себебі, араб елдерінде ер адамдарға сот жоқ екен. «Алайда қыздар күйеуге шығу туралы райларынан қайта ма?» деген сұраққа біркелкі жауап қатпайды. Соған қарағанда, балалары үшін және байқуатты өмір үшін қазақстандықтар осындай қатыгездіктерге төзуге де дайын. Әмірліктердің билігі араб балаларының аналарын аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалдырмайды, – дейді қыздар.

Мұндай өмір үшін олар бостандықтарын да қиюға дайын», – деп жазады мақала авторы. Ғаламтордан осы тәріздес мақалаларды аз кездестірмейсіз. Тағдырдың баянсыз, жұмбақ торына түсіп, өмірлерін өкініш пен өксумен өткізумен қанша жан шет елде жүр. Шетелдікке тұрмысқа шығып шекесі қызып жүргендері шамалы. Аралас некеде тұратын ерлі-зайыптыларды кездестіргенде әлгі бір оқиға менің есіме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жарық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін-бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті, оларды қызу қолдайтындар да баршылық болар. Бұл – ойланбай айтылған пікір. Оны растау үшін ой жүгіртіп, таразы басына салып көрелік… Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлт өкіліне тағдырын қосып, кейінірек, уақыт өте келе, барлығын түсініп, қателікпен өз қолымен жасаған ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып: «Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әйтеуір бір дүбәре болып өсіп келеді.Тағдырлары оларға келер күндерге қандай сый-сияпат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашақтары тым белгісіз, қою көк тұмандай бұлыңғыр…

Сол менің қабырғама қатты батады. Енді оған не амал бар?! Барлығын кештеу, тым кеш түсіндім ғой. Әттең, уақытты кері айналдыра алмаймыз. Әйтпесе, барлығы басқаша болуы керек еді….» деп тығырықтан, қапастан шығу жолдарын іздеп, шын қапаланады. Олардың өкініштерін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың. Барселондық белгілі жазушы Сэм Харисон: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы», – депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қазіргі таңда көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі, Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орыс қандылар тек деревняларда ғана қалады. Ұлттың генофоны қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда.

Біздің де жағдайымыз мәз болып тұрғаны шамалы. Қазақтың қаракөз бойжеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, өмірге қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көздейді. Әттең, ол қиял-арман әрқашан орындала бермейді-ау. Ертең бармағын шайнап, өмірге түңіліп жүретіндері аз емес. Қазақтың қара домалақ білімді, парасатты ұлдары тұрғанда өзгеге өзеуреген аруларымызды түсіну қиын. Осындайда: «Ұлтыңды сүйсең, еліңді, жеріңді сүйсең, қазақтың санын көбейтуге, қазақтың болашақ батырын, көшбасшысын, ақылды ғалымын, өнерлі азаматын тәрбиелеуге өміріңді арнашы, қазақтың қаракөз арулары!» – деп айқай салғың келеді. Өмірде қателесу – өз тағдырыңмен ойнау. Тоқсан ауыз сөздің түйіні: Қыздар! Қазақтың қызы деген ардақты атты қадірлеп тек қазаққа келін, қазаққа жар болыңыздаршы… Аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы екенін қаперімізден шығармайықшы, ағайын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз

Ұқсас жаңалықтар