Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы А. азаматша ауыл шаруашылығы саласындағы аумақтық инспекцияның басшысы қызметін атқарған. Ол өзіне қатысты шығарылған бірқатар тәртіптік бұйрықтарды заңсыз деп танып, олардың күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Талап қоюшының айтуынша, өзіне қолданылған тәртіптік жазалар негізсіз және қызметтік тексеру барысында кейбір мән-жайлар толық ескерілмеген. Осыған байланысты ол мемлекеттік органның бірнеше бұйрығын заңсыз деп тануды және олардың күшін жоюды сұраған. Ал жауапкер тарап– ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын комитет өкілдері сотқа берген түсініктемелерінде талап арызбен келіспейтіндерін білдірді. Олардың мәліметінше, аталған мекемеде жүргізілген қызметтік тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.
Тексеру қорытындысына сәйкес, өсімдіктер карантині саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру барысында рәсімдік талаптардың сақталмауы, құжаттарды рәсімдеуде бірқатар кемшіліктер жіберілуі және қызмет көрсету тәртібінің бұзылуы сияқты жағдайлар тіркелген. Сонымен қатар тексеру барысында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеу кезінде талаптардың толық сақталмағаны, құжаттарда техникалық қателіктердің кездескені және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылғаны анықталған. Бұл заң бұзушылықтар қызметтік тексеру барысында тіркеліп, тиісті актілермен рәсімделген.
Жауапкер тараптың мәліметінше, анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға байланысты талап қоюшыға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданған. Сот барысында қызметтік тексеру материалдары, тиісті бұйрықтар, комиссия қорытындылары және тараптардың түсініктемелері жанжақты зерттелді. Сонымен қатар тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен мерзімдерінің заң талаптарына сәйкестігі де қаралды. Сот талқылауы кезінде талап қоюшының қызметтік автокөлікті пайдалануына қатысты мән-жайлар да қаралды. Іс материалдарына сәйкес, ол қызметтік көлікті жұмыс уақытынан тыс уақытта пайдаланғаны анықталған. Бұл жағдай қызметтік тәртіп талаптарына қайшы келетіні сот отырысында атап өтілді. Соттың пайымдауынша, мемлекеттік қызметшілер өздеріне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті тек қызметтік мақсатта пайдаланып, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіп пен жауапкершілік қоғам алдындағы сенімді қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Істі жан-жақты зерттеген сот ұсынылған дәлелдемелерді саралай келе, тәртіптік жазалар заң талаптарына сәйкес қолданылған деген қорытындыға келді. Сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімдері де заңда белгіленген талаптарға сәйкес сақталғаны анықталды. Осыған байланысты сот талап қоюшы А. азаматшаның мемлекеттік органға қатысты бұйрықтарды жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандыруға негіз жоқ деп тапты. Сот шешіміне сәйкес, талап арыз толық көлемде қанағаттандырылмады. Тараптар заңнамада белгіленген тәртіп бойынша жоғары тұрған сот инстанциясына апелляциялық шағым беруге құқылы. Бұл іс мемлекеттік қызмет саласында заң талаптарын сақтау, қызметтік тәртіпті қатаң ұстану және жауапкершіліктің жоғары деңгейде болуы қажет екенін тағы бір мәрте көрсетеді.
Айнұр САТАЕВА
Тараз қалалық сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Көші-қон заңнамасын бұзған 540 шетелдік анықталды
- Бүгін, 16:30
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




