«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңартылатын энергия көздерінің санын 24 нысанға жеткізу жоспарлануда

Жаңартылатын энергия көздерінің санын 24 нысанға жеткізу жоспарлануда
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылы 3,7 миллиард киловатт-сағат энергия импортталғанын атап өтіп, жаңа қуаттарды іске қосу жұмысын күшейтуді тапсырды. Жалпы биыл елімізде 4 бу-газ қондырғысы (БГҚ), 2 жел электр станциясы, 4 күн электр станциясы іске қосылады және екі электр станциясын кеңейту жоспарлануда. Аталған энергия нысандары жылына шамамен 16 миллиард киловатт-сағат энергия өндіреді.

Энергия қауіпсіздігін нығайтуға қуаты 2,4 гигаватт болатын ірі бу-газ қондырғылары (БГҚ) негізгі үлес қосады. Биыл оңтүстік өңірлерді электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ететін 4 бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Қызылорда облысында қуаты 240 мегаватт болатын БГҚ іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде, ал Түркістан облысында қуаты 1 гигаватт болатын қуатты БГҚ құрылысы жалғасуда. Ауқымды жаңғырту жұмыстары елдің ең ірі мегаполисін де қамтыды. Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жиынтық қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғылары салынып жатыр, бұл қаланы сенімді әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «Текелі энергия кешені» (17 МВт) нысандарында және Атырау ЖЭОда өңірлік генерацияны нүктелі нығайту жұмыстары жүргізілуде, онда жалпы қуаты 60 мегаватт болатын жаңа турбоагрегат пен қазандық іске қосылады.

Энергия теңгерімін «жасыл» технологиялар есебінен әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) пулы қуаты 245 мегаватт болатын бірқатар маңызды нысандармен толығады. Қостанай облысында 2 жел электр станциясы іске қосылады: 50 мегаваттық «Aspan Energo» және 100 мегаваттық «Гиперборея». Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жиынтық қуаты 92 мегаватт болатын 4 күн электр станциясын іске қосу күтілуде. Сонымен қатар Түркістан облысында «ТАУЭНЕРГО» компаниясының шағын ГЭС-і жұмысын бастайды.

«Қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін жеткіліксіз. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаватты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс. Сонымен қатар бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды», – деді Президент.

Жалпы «Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған. Бұл ретте, сала бойынша Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан ре спубликамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеуде. Оның 6-ы су (қуаты – 24,4 мегаватт), 10-ы жел (қуаты – 275,65 мегаватт), 6-ы күн электр станциясы (қуаты – 271,25 мегаватт). Бұл жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) нысандарының облыста өте жоғары қарқында дамып келуде.

– Өткен жылы облыста жалпы қуаты 5818,9 миллион кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Оның ішінде ЖЭК көздерінің үлесі 25,4 пайыз (1 479 млн. кВт/сағ.), дәстүрлі энергия көздерінің үлесі 74,6 пайыз (4 339,9 млн. кВт/ сағ.). 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі құны 49 миллиард теңге құрайтын қуаты 100 мегаватт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілді, қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының екінші кезеңі іске қосылды. Ал 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр станциясы және Талас ауданында қуаты 13,5 мегаватты құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» үш жел электр станциясы пайдалануға берілді. Оның әрқайсысының қуаты – 4,5 мегаватт. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясына қосымша 20 мегаватқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Облыстың жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын екі ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде, – деді басқарма басшысы.

«Жасыл экономика» бойынша жоспарланған жоспарға сәйкес 2028-2029 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің санын 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға жеткізу көзделген. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар