«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жылыту маусымы қай кезде аяқталады?

Жылыту маусымы қай кезде аяқталады?
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Еркін Алтышев ағымдағы жылыту маусымының барысы туралы баян етті. Оның айтуынша, облыста 9 негізгі жылу энергетика кешені, 590 автономды қазандық тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл қазандықтармен аймақта 1855 көпқабатты тұрғын үй мен 1767 әлеуметтік нысан жылытылады. Қазіргі таңда барлық жылу көздерінде температуралық кестелері сақталған. Отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.

– Бүгінгі күні жылыту маусымы аяқталуға таяу. Жалпы, жылыту маусымында отын-энергетика кешендерімен бүгінгі күнге дейін 754 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді. Отын-энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1,2 миллиард текшеметр газ тұтыну жоспарланған. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 21 мың тоннаны құрайды. Жаңатас қаласы бойынша жоспарлы 12,8 мың тонна мазут жеткізіліп, 9 мың тоннасы тұтынылды. Қазіргі таңда орталық қазандықта 48 тәулікке жеткілікті 3,8 мың тонна мазут қоры бар. Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары үшін жоспарлы 56,2 мың тонна көмір, тұрғындар үшін 134,9 мың тонна көмір толық қамтамасыз етілді. Бүгінгі күнге, өңірдегі теміржол тұйықтарына 6,5 мың тоннаға жуық көмір қоры бар, көмір тапшылығы орын алған жоқ. Жылыту маусымы кезеңінде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде техногендік сипаттағы авариялық жағдайлар тіркелген жоқ, – дейді Еркін Алтышев.

ҚР Құрылыс нормалары мен Ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды, бүгінгі күнге 154 тәулігі өтті. Нормативтік құжаттарға сәйкес, сыртқы ауа температурасы соңғы 5 тәулікте +8 градустан жоғары болған жағдайда жылыту маусымын аяқтау көзделген. Бұл ретте, әдеттегідей 10-15 сәуір аралығында жылыту маусымын аяқтау болжанып отыр. Басқарма өкілінің айтуынша, жылу беру денсаулық сақтау, мектепке дейінгі білім беру сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарда өз сұраныстары негізінде жылу беру жалғаса береді.

«Ағымдағы жылыту маусымы аяқталысымен барлық отын-энергетика кешендерімен алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық ісшараларын жасақтау үшін тиісті жоспарлы жұмыстар бекітілетін болады. Алдымен жылу желілерінде гидравликалық сынақтан өткізу, жылу желілерінде жылу қуатын тасымалдау деңгейін тексеру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ кәсіпорындармен қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтарына түгендеу жұмыстары атқарылатын болады. Бүгінгі күнге айқындалған негізгі жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жылы басталған «Тараз қаласының М-3 жылу магистралын қайта жаңғырту» жобасының құрылыс-монт аж жұмыстары жалғасады, ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге ұзындығы 12,1 шақырым құрайтын «Самал», «Алатау» шағын аудандарындағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталады, бұл жоба келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар 1,8 миллиард теңгеге «Таразэнергоорталық» АҚ-ның РК-4 қазандығына қосымша қазан орнату арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде», – деді Еркін Алтышев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар