«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тулақ шашу дәстүрі туралы не білеміз?

Тулақ шашу дәстүрі туралы не білеміз?
Автор
Қазақ халқында жылдар бойы қалыптасқан салтдәстүрлер, әдет-ғұрыптар өте көп. Бірі бүгінгі күнге дейін жетіп, жаңарып, жаңа сипат алып жатса, кейбірі ел санасынан ұмыт қалуда. Соның бірі – тулақ шашу дәстүрі.

Тулақ – төсеніш орнына қолданылатын жүні алынбаған мал терісі. Тулақтың түкті жағын төсенішке, тақыр жағын жүн сабауға пайдаланған. Ал қазір тұрмыста оның қажеттілігі азайып, тулақтың өзін тек мұражайдан ғана көреміз. Шын мәнінде қазақтың тұрмысында пайдаланылған жүн, тері бұйымдары қастерлі де пайдалы. Бір ғана киіздің үстінде ойнаған ұрпақ дені сау болғанына куәміз. Киіз – жүннен жасалады. Үскірік аязда да адам денесіне суық өткізбейді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында Сібірдің қара суығында да, қарлы боранында да қазақ даласында әжелеріміз дайындаған жүннен жасалған бұйымдар, пималар талай жауынгердің жанын аман алып қалған. Тіпті, киізге құртқұмырсқа, улы жәндіктер де жақындай қоймаған. Содан да болар данышпан бабаларымыз киізден үй тігіп, пана етті. Киіз басудың өзі қазақтың көнеден келе жатқан қолөнері болды.

Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, киіз басудың қырсырын білетін жастар тұрмақ, көне көз апаларымыздың өзі кемде-кем. Киіз басудың өзінің астарлы мәні болған. Ол – елдің еңбегін, қолөнерін ғана танытып қоймай, сондай-ақ бір әулеттің, тіпті қол еңбегі арқылы елдің ынтымағын асырып, қыздар тәрбиесін жүзеге асырудың бір әдісіне айналған. Бір сөзбен айтқанда, әжелердің ұлттық тәрбиені бойға қалыптастыру мақсатында құрған үлкен өмір мектебінің бір бөлігі еді. Ал тулақ шашу дәстүрі киіз басып, сырмақ сырған әйелдерге, қыз-келіншектерге, еңбек етіп жатқан қауымға арнайы дайындалатын ас. Яғни, асарға жиналып, елмен бірге жасалған еңбекке көрсетілген құрметтің бір көрінісі.

Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Бұл да біздің қазақта бұрыннан бар дәстүр. Ол – асар. Асарлату арқылы бір-біріне ел болып, жұрт болып бірлесе бірдің үйін көтеріп, қыздың жүгін жинап, ұлдың тойын берген қазақ ежелден-ақ адамгершілік қағидаларын биік қойғанын байқаймыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп ағайынбауырының, көрші-қолаңның тұрмысын жеңілдете отыра, өзін де, ұрпағын да еңбекке баулыды. Жас буынның бойына қамқорлықты, мейірімді үйірді. Бүгінде ол салт жаңғырып, жаңаша кейіпте көрініс табуда. Оны көріп шын жүректен қуанамыз. Әсіресе бұл табиғатты аялауға келгенде айналаға жасалған қамқорлықтың озық үлгісі дер едім. Мәдениеті төмен жүгенсіздер қай қоғамда болса да бар.

Дегенімен оған бейжай қарамай, табиғатты аялауға баулитын жобалардың ұрпақ үшін маңызы зор. Әсіресе наурыз мерекесі аясында жасалып жүрген «Жаңару», «Тазару» күндері де бүгінгі күннің игі дәстүріне айналып келеді. Тулақ шашу дәстүрін заманына қарай жамбылдық қолөнерші қыз-келіншектер де жаңғыртып жүр. Оны өткен жылы құрақ құрап, рекордтар кітабына енуіменақ дәлелдеді. Игі салтты елге насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығын осылайша жаңа түрде жалғастырып жатқанымызда бейбіт заманның жемісі деп білген жөн.

 

Фарида МЕТЕРКУЛОВА

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы «Дәстүр және өнер» бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Ұқсас жаңалықтар