«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ынтымағы жарасқан ауыл үлгілі мекен атанбақ

Ынтымағы жарасқан ауыл үлгілі мекен атанбақ
Автор
«Ауылыңда қарт болса жазып қойған хатпен – тең» дейді. «Қариясы бардың, дариясы бар» дегенде сөз бар. Ен Таластың сағасындағы қасиетті елді мекеннің бірі – С.Шәкіров ауылы. Егер Талас ауданынан 61 Батыр бар деп мақтанса соның 13-і осы ауылдан шыққан. Бұл елді мекеннен от ауызды, орақ тілді шешендер, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен билер шыққан. Рафаэль Ниязбеков, Серік Томанов, ағайынды Айдаровтар сияқты жыр сүрейлері дүниеге келген ауыл.

Ендеше бұл ауылдың бейжай тіршілік кешуі табиғатына жат. Адамдар жеріне қарап өседі. Туған жерінің топырағы оларды қамшылап отырады. Өйтпесе, «ата-баба әруағы кешірмейді» деген пәлсапа бар. Жақында ғана қасиетті ауылдың қариялары бас қосып, үлкен жиын өткізіп, жұрт үлгі алатын бастама көтерді. Олар ауылымызды қайтсек көркейтеміз, нендей әрекет жасасақ халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартамыз деген сауалды ортаға тастап, ақылдасты. Ақыры шешімін тапты. Алқалы жиынды ауылдық округтің әкімі Б.Ахаев ашып, осы сауалды ортаға тастады. Өйткені ол, «келісіп пішкен тон келте болмайды» деп ойлайтын азамат.

Айтқандай-ақ қыраулы қыстан көгілдір көктемге жеткен кезде малдың жағдайы қалай болады, ел болып егін еге аламыз ба, мал жайылымын қайтсек тиімді пайдаланамыз деген сан-сауалға барлығы жауап іздеді. Қашан да халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, жақсы істің бастамасы болып жүрген ауылдық билер кеңесінің төрағасы Әбілсейіт Бейсенов көп мәселенің елдің бірлігімен шешілетінін айта келіп, соңғы кездері ауылда ара-тұра мал ұрлығы болатынын да жасырмады. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» демекші жасыратыны жоқ, екі қолына бір күрек ұстауға намыстанатын жалқаулардың да елді мекенде бар екендігін жеткізді.

– Әрине еріккен жан не істемейді?

Тапқан таянғанын ішімдікке жұмсайтындар да жоқ емес деді ол. Мемлекет басшысы заң мен тәртіп және әділеттілік қағидатын орнатуды талап етіп отырған тұста, оны сан саққа жүгіртпей ел болып, салауатты өмір салтын орнықтыруға жұмылуымыз керек, – деп сөзін түйіндеді. Оның сөзін қостаған ауыл имамы Б.Оспанов ішімдіктің зияндылығын айта келіп, оның ешкімге де абырой әпермейтінін баса айтып, ауылда оған бір жола тыйым салу керектігін жұртшылық талқысына салды. Ал ауылдық учаскелік полиция инспекторы Ж.Көпжасаров жиынға қатысып отырған дүкен иелеріне ішімдікті сатудың заңдылықтарын түсіндіріп, мүмкін болса оны сөреден алып тастағанымыз орынды деген уәжін айтты. Ауыл тұрғындарының ойы бір арнаға түсті.

Рас, ауылда ішімдікпен әуестенетіндердің саусақпен санарлық екендігі де айтылды. Олай болса салауатты өмір салтын орнықтырып, ішімдіксіз, бұзақылықсыз үлгілі ауыл болу үшін жұдырықтай жұмылайық десті. Бұл шешімге барлығы келісті. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері А.Әйтімбет пен Т.Иманбековтер соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығынан жауын-шашынның аз түсіп, жайылымдықтың сұйылғанын, Талас өзенінің суының азайғанын айта келіп, бар суды тиімді пайдалану үшін тәртіп орнату керектігіне байланысты ұсыныстарын жеткізді. Көктем шыға, әсіресе жаз айларында жекеше малдарды жайлауға шығарудың пайдасын айтып, оны қазірден бастап ұйымдастыру керектігіне тоқталды. Арық-атыздарды, каналдарды тазарту үшін ортадан техника жалдауға, мұрап ұстауға арнайы қор ашуды қолға алуды әңгімелеп, әр отбасы 10000 теңгеден жинаса бұл мәселе шешімін табар еді десті. Соның арқасында Қазақбай каналы тазаланып, ауыл маңындағы жайылымдықтарға су жайылатын болды.

Осындай ұсыныстардың арқасында оған қатысушылар ішімдіксіз және үлгілі ауыл статусын алу үшін бір ауыздан бәтуаласты. Және де ауылдағы қолдағы бар техникаларды: трактор, жеңіл машина, мотоцикл, электро сомакат басқа да көлік құралдарын есепке алып, әсіресе куәлігі жоқ жасөспірімдердің тәртіп бұзуға жол бермеуі жөнінде бәрі бір ұйғарымға келді. Олардың ата-аналарына да балаларын бақылаусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жаза қолданатындығы қатаң ескертілді. Ауыл – ортақ. Ауылына қарап азаматын таниды. С. Шәкіров ауылының тұрғындары ынтымағы жарасқан, үлкенін сыйлайтын, кішісін құрметтейтін, салт-дәстүрін сақтайтын қазақы ауыл. Олай болса, жиналысқа қатысқандардың бір ауыздан бәтуаға келіп, үлгілі ауыл атануға ұмтылуларын, қолдауға лайықты бастама деп санаймыз.

 

Қонақбай ҚАЛЖАНОВ

аудандық Билер кеңесі төрағасының орынбасары.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар