«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отпен ойнаған саяхатшы

Отпен ойнаған саяхатшы
Автор
Ертеректе егде жастағы еуропалық саяхатшы Африканың атауы белгісіз жабайы бір тайпасының қолына тұтқынға түседі. Зәрезап болған саяхатшының жаны мұрнының ұшына келеді. Ажалы жақындаған саяхатшы аман қалудың айласын іздейді. Өркениеттен алшақ қалған тайпаны таңқалдыруды ойлайды.

Саяхатшы көнетоз шалбарының қалтасынан, оттықты алақанына қысып адам байқамастай ептілікпен алып шықты. Тынысын тереңнен бір алып, көзін тас қылып жұмып алды. Үміт пен күдік аралас бейдауа күй. Оң қолын көтеріп оттықты лап еткізді. Көрген көзге от, құдды оның қолынан шығып тұрғандай әсер қалдырады. Жабайылардың жаны қалмады. Өзеннен шошынған балықтай өз олжаларынан өздері безіп қашты. Тұтас тайпа анадайға барып шоғырланып, қалың шыққан қамыстың басындай шошая қалды. Тайпа тұрғындарының қорыққанын көрген саяхатшының нәпсісіне жан бітіп, ақшыл дидарына қан жүгірді. Оттықты қайта-қайта жағып өшіреді. Жаққан сайын жабайылар бұтақ басындағы топ торғайдай гу ете түседі. Саяхатшы дүниеге малынғандай масаттана берді.

Мыстандай миығынан күледі. Тобырдың оған Құдайындай қарағаны жанына жағып, жүрегін тербеп барады. Ителгідей жұтынып, мұрнын көкке шүйіре түсті. Ара-тұра қабағы жауар бұлттай түйіліп, жабайлырға жемтігіне ұмтылған жыртқыштай қарайды. Қос қолын кеуде тұсына басып, түсініксіз күбірлейді. Өзіне бағынышты еткенді кім сүймесін. Бірақ, шектен шыққанға, шекерден де у татыр.

Саяхатшы жабайлырдың тастан құрап қойған, қуаңшылықта су тілеп табынатын пұт құдайларының бетіне түкірді. Екпінмен теуіп, тас мүсінді қиратып салды. Тайпаның ызасы мен үрейі беттеріне шықты. Араның ұясындай өзді-өзі гүжілдейді. Саяхатшыны биліктің буы бұлқындырып барады. Бойындағы адуынды алапатты ауыздықтай алар емес. Құлқыны ырқына бағынбайтындай. Оттық ұстаған қолын күшпен сермеп, тайпаның жүрегін әбден шайлықтыра түскен. Пенденің адами қасиетінен айыратыны да осынысы ғой! Жаңа ғана жаны шүберекке түйілген бейбақ, тығырықтан шыққан соң тәубесінен безді.

Тайпаның арасынан көзінің асты күл білтеленген бір жабайы бас көтеріп, өздерінің тілінде тобырға бірдеңе түсіндіргендей айқайлап сөйледі. Қалың күбір жымжырт. Оның айқайына жауап қатқандай тайпаластар өзара біраз дауласты. Түйінін тез тапса керек көбі келіскендей ишара білдірді. Бәрі ұялас бөрідей бірігіп, саяхатшыға мысықтабандап жақындап келеді. Бір шикілікті сезген саяхатшының бойы суып, терісі бөртіп кетті. Жүзі қансөлсізденді. Абдырап, оттығын ебедейсіз сермейді. Сермеген сайын жабайылар сескеніп қояды. Бойларында үрей болса да, күмәннің күшімен жабайылар алға басты. Тайпаның жауынгерлері көлеңкедей шапшаң қозғалады. Қойған мақсатына жетпей қоймасы анық.

Жабайылар саяхатшыға ентелеп келіп, шеңберлене қоршады. Арасынан біреуі су бетіне секірген бекіредей атылып, тап беріп саяхатшыны ұстап алды. Илеуінің аузындағы иін тірескен құмырысқадай құжынап, тобыр саяхатшыны көтеріп кетті. Сөйтіп оны діңі қатты, белі жуан бір ағашқа таңып байлады. Шошынған саяхатшының көзі шарасынан шығардай болды. Ажары әлемтапырық. Ұстаның пышағындай жан-жағына алақ-жұлақ етеді. Жабайылар өздерінің әдісінде отты тұтатып, саяхатшыны өртемекке ыңғайланып жатыр. Әсілі олар, оны тексермек. Түлкі бұлаңға салған саяхатшының айласы әп-сәтте-ақ әшкере болды.

Жуан ағаштың түбіне от қойды. Айнала қоршаған тобырдың түйсігін түрткен сұрақтың жауабына көп алдында нүкте қоймақ. Әлгі өзін Құдай санаған саяхатшы, ағашқа от тигеннен-ақ қан көрген өгіздей өкіріп ойбайға басты. Ақыр соңында жалаңдаған жалынға жем болды. Жаңа ғана дүниенің қожасындай еді. Қас-қағым сәтте күлге айналды...

 

Мұхаммед-Қанапия ШАРХАНҰЛЫ

ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Ұқсас жаңалықтар