– Виктор, «Әке көрген оқ жонар» дейді. Отбасы тірегін үлгі-өнеге алатын бірегей тұлға деп қабылдаған жөн болар?
– Иә, әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Өкінішке қарай, он үш жасымызда әкемізді ауыр дерт меңдеп, артынша көз жұмды. Алайда біз бұл уақытта есейіп кеттік. Әке өлімін маңдайға жазған тағдыр деп қана түйсіндік. Тезірек ер жетіп, ертеңгі күні ер азаматынан айырылған анамызға қамқор болуды мақсат тұттық. Ардақты әкеміз бізді бала күнімізден еңбекке баулыды. Жүк көлігінің жүргізушісі вахталық жұмысынан тыс уақытта көлік жөндеумен айналысатын. Сондықтан біздің қолымыз әліппе мен қаламнан бұрын, кілт пен сайман ұстауға икемделіп қалған еді. Алғашында сұраған сайманын дайындап тұрсақ, ер жете өзіміз жөндеуге кірістік. Әкеміз бізге қажетті затты дайындап қойып, шылымын құшырлана будақтатып отыратын. Ал Сергей екеуміз екі жақтап, істен шыққан көлікті қалыпқа келтіреміз. Небәрі, оннан асқан шағымызда көлік қозғалтқышын бұзып-шашып, қайта құрадық. Көлік құрылымын ұғына білген жан үшін бұл аса күрделі жұмыс. Көлігін жөндетуге келгендер алғашында бізді баласынып, менсінбеушілік танытатын. Білек түріп, қызу жұмысқа кіріскенде, таңғалып, артынан жылы лебізін білдіретін. Әрине, бұл – әке еңбегінің жемісі. Мысалы, мен қазір жеңіл көлік тұрмақ, жүк көліктерін автоматты бұзып-шашып, қайта құрастырғандай аз уақытта бөлшектей аламын.
– Бұл қабілеттеріңді әскерде көрсете алдыңдар ма?
– Жүз пайыз көрсете алмадық. Жауынгерлік міндетті орындау барысында қала тыныштығын күзеттік. Табанымыз тимеген қалада табандылық танытып, тәртіпсіздіктің алдын алдық. Жауынгерлік жасақ қатарында түрлі оқиғаларға тап болдық. Біз кейін материалдық қамтамасыз ету ротасына ауыстық. Алайда қайда жүрсек те жауынгерлік қызметтің сынсынағынан сүрінбей, жолымыздағы бөгет-кедергілерден именбей өттік. Мұның барлығы қаршадай шақтан қара жұмысты талғамай, білек сыбана кіріскеннен деп білемін.
– Егіз болудың өмірде тиімді тұстары болды ма?
– Әрине, бізді көбі шатастырады. Оқушы болғанда Сергейдің жазуы әдемі болатын. Мұғалімдер жазуы қыздың жиған жүгіндей жинақы деп сауаттылығына қайран қалатын. Ол шығарма жазғанда қатарластарынан озат шығып, әрдайым бестік баға алатұғын. Ал менің жазуым айбақ-сайбақ болған соң мен үшін де «сергелдеңге» Сергей түсетін. Әрине, бұл қитұрқы жоспарымыз әккі ұстаздардың сабағында насырға шауып жататын. Медициналық тексерістен өткен шақта, менен кейін дәрігер кабинетіне Сергей кірсе, «сен жаңа ғана келдің ғой, құжатыңды қалай толтыруды ұмытып кеттім» деп, лезде қолын қойып бере салатын кездер де болды.
– Мұндай қитұрқы жоспарларың әскерде іске аспаған болар?
– Неге олай ойлайсыз? Керісінше, әскерде де суда жүзген балықтай күн кештік. Әрине, алдымен бірімізгебіріміз арқасүйер болдық. Берілген тапсырманы бөліп аламыз. Тәуліктік кезекшілікке түскен уақытта да ыңғайы келсе, ауыса салатынбыз. Алайда біздің қулыққа басатын әдетімізді байқаған басшылық соңында кекілімізді екі жаққа қайырып қоятын болды.
– Сырт келбеттерің айнымастай болғанымен, жан дүниелерің өзгеше болар?
– Мен Сергейден он минут бұрын дүниеге келіппін. Сондықтан болар, Сергейге қарағанда сәл де болса бойшаңдаумын. Иә, сырт келбетіміз қатты ұқсағанымен, дүниетаным һәм талғамымыз әртүрлі. Мысалы, көгілдір көзді, аққұба қыздар менің көңілімнен шығады. Ал Сергейдің қою қара көзді, томпақтау қызды көрсе, есі кететіні бар. Сәті түссе, болашақта егіз қыздарды жар еткіміз келеді. Осылайша, қанымыздағы егіздер тенденциясын әлі де жалғастырармыз. Кім білер, алдағы уақытта тағы да бір егіздердің өмірге келуіне себепші болармыз. Әрине, маңдайға жазғаны болады ғой. Айтпақшы, біздің нағашы апамыздың да сыңары болыпты. Жалпы, біздің ойпікіріміз тек көлікке келгенде ғана бір жерге тоғысады. Екеуміз де немістің BMW көлігінің жанкүйеріміз. Ауылда көлігінің дауысы ерекше қатты гүрілдейтін және орнында тұрып айналатын тек біз едік. Бүкіл ауыл тұрғындары осы қимылымызданақ біздің әскерден келгенімізді бірден аңғарды.
– Мұндай қылықтарыңнан танып жатса, онда ауылдың тентектері болғандарың ғой?
– Тентек деп айтқан әбестік шығар. Ауылдың еркелері деген дұрыс болар. Ауылдағы ағайын қара сирақ балаң шағымыздан бізді алыстан жазбай таниды. Олар бізді күн болсын, мейлі түн болсын ажырата да алады. Кіндік қанымыз тамған елді мекеннің топырағы да біз үшін қашанда ыстық. Жалпы, әскер бізді құрыштай шыңдап, еліне қауіп төнер сәтте кеудесін оққа тосатын нағыз жаужүрек батырға айналдырды. Сондықтан ең бастысы, туған жерімізге кешегі ерке ұлдар емес, қайтпас қайсар көш бастайтын серке болып оралдық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




