Көрісу күні–жай ғана амандасу емес, ол–ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дәстүр. Бұл күні адамдар бірбіріне ерекше ықыласпен, шынайы көңілмен сәлем береді. Барлық үйде қазан асылып, көже пісіріліп, дастарқан жайылып, жайма-шуақ көктемнің келгенінен хабар береді. Ер адамдар бір-бірімен төс қағыстырып амандасады. Бұл–достық пен сыйластықтың белгісі. Ал әйелдер құшақтаса көрісіп, бір-біріне дәм ұсынады. Жастар үлкендердің қолын алып «Бір жасыңызбен!», «Жасыңыз құтты болсын!», «Жыл құтты болсын!» деп құрмет көрсетеді. Ал үлкендер ақ батасын беріп, жастарға ұзақ ғұмыр, бақыт пен береке тілейді.
Көрші-қолаң, ағайын-туысты бірбіріне жақындастырып, жүректерді жылытатын, татулық пен бауырмалдықтың белгісіндей болған ерекше мереке – Көрісу күні қыстың қыспағынан аман шығып, бір-бірімен қауышып, жаңа жылдың алғашқы лебін сезінетін ерекше сәт. Алты ай қыстағы боранды күндер, ұзақ түндер, қалың қар мен үскірік аязды қыстан аман шығу – халық үшін үлкен қуаныш. Сондықтан көктемнің алғашқы күндеріндегі 14 наурызды халқымыз т абиғатпен бірге жаңарып, тіршіліктің қайта жандануының белгісі ретінде тойлаған.
Таң шапағы сөгіле ауыл іші ерекше бір тіршілікке бөленеді. Халық арасында «Амал келді – жыл келді» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Яғни, көктемнің келуімен бірге жаңа үміт, жаңа жоспар, жаңа тіршілік басталады деген түсінік қалыптасқан. Кей жерлерде адамдар таң атпай тұрып көрші үйлерді аралап шығуды әдетке айналдырған. Себебі «көріспегеннің көңілі қалады» деген түсінік бар. Сондықтан бұл күні ешкімді ұмыт қалдырмауға тырысады. Біз бұрынғы халықтың тұрмыстық салтын көріп, әдеби мұрасымен Көрісу күнінің мән-мағынасын ұғындырып кеткен ақынжазушылардың еңбектерінде не айтылғанын филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтан сұрадық.
– Ежелден келе жатқан дәстүрлі мейрамның бірі – Амал мерекесі, әсіресе еліміздің батыс өңірінде кеңірек дамыған. Қазір бұл мейрам бүгінгі заманға сай жаңартылып, бүкіл халықтық мерекеге айналды. Әрине, ежелден қалыптасқан түсінігімізде жаңа жыл – күн мен түннің теңескен 22 наурызында, ал 14 наурыз сол жаңа жылға бастау болар жаңарудың бастамасы. Бұған қатысты ауыз әдебиетінде көптеген жырлардан да деректер келтіруге болады. Аты әлемге танылған ақын Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде осы күн нақтырақ сипатталады.
«Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» – дейді Абай Құнанбайұлы.
Яғни, бұл күннің мәні – адамдардың бір-бірімен ақ тілектерін ақтара қауышуы, әсіресе табиғатпен байланысында. Көктемнің алғашқы күндерінің бірі – 14 наурызда жер беті жанданады, қыста қатқан мұз жібіп, қар сөгіліп, Жер-Ана буырқанады. Табиғаттың осы бір жаңару сәтінде халық та өмірді жақсы бата-тілекпен, бір-бірімен төс қағысып көрісу арқылы жаңаша бастайды. Қазақ жаратылысынан кең ойлайтын ақылды халық екенін осы мерекеден де байқауға болады.
«Ашу, ренішті көп сақтауға болмайды, оны ысырып тастаған дұрыс» деген философиялық ой бар. Сол ойдың бір шешімі осы Көрісу күніне сәйкес келеді. Яғни, арадағы реніш ұмытылып, татулық нығаяды. Амал мерекесі – халықтың үлкен өмірлік тәжірибесінен өткен, жақсы дәстүрінің көрінісі. Қорыта айтсақ, бұл мереке тек белгілі күн ғана емес, адам мен адам арасындағы бауырмалшылықтың, мейірімнің, ықыластың артатын, сәтті де әдемі күні деп санауға болады, – дейді профессор Сәмен Оразғалиұлы.
Ал Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар жаңару мерекесінің мәнін ертедегі ойшылдардан қалған өсиетті сөздердің астарымен түсіндірді.
– Наурыз – мерекелердің төре сі. Жалпыхалықтық бұл мерекеде ақ түйенің қарны жарылып, ақ тілектер ақтарылып, көңілдегі қаяулар кетіп, қуаныш шеру тартады. «Наурызды тойлау дәстүрінің пайда болуына келетін болсақ – Күннің екі түрлі айналымы бар екені баршаға белгілі. Оның бірі – әрбір 365 күн және тәуліктің төрттен бір бөлігі толғанда Тоқты жұлдызының бірінші минутында айнымай қайтып тұрады. Және бұл мерзім жыл сайын қысқарып отырады. Джамшит осы күннің өзгермейтінін, заңдылықпен қайталанатынына көз жеткізгенде оны «Наурыз» деп атап, бұл күнді тойлау дәстүрінің негізін салған. Бұл бастаманы патша да, қалың жұрт та тойлайды», – деген Омар Хайям сөзін қайталайтын болсақ, бұл мереке – жаңару.
Жаңарған, құлпырған дүниеге кім де болса құмар. Сондықтан да бұл мерекенің орны бөлек. Міржақып Дулатов: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді …ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз», – деген екен.
Бүгінде біздер 2023 жылдан бері Наурыз мерекесін арнайы бекітілген тұжырым бойынша он күн қатарынан атап өтеміз. Әр күннің өзіндік ұлттық дүниетаным мен тәрбиелік-мазмұндық атауы да мәні де бар. Соның ең біріншісі – 14 наурыз – Көрісу Амал мерекесіне тұспа-тұс келеді. Бұл дәстүр де, бұл күн де бекерден-бекер белгіленбеген. Расында амал мерекесін бүгінгі күнге дейін Қазақстанның батыс аймағы, Маңғыстау өлкесі ұмыт қалдырмай дәстүрлі түрде жыл сайын дәл осы күні Отпан тауда от жағып, Аллаға шүкіршілігін айтып, жалпы жұрт қауышып, аман-саулығын тілесіп келді. Ертеректе қазақтар бұл күнге қыстан қалған етін ортаға салып, ел болып құдайы есебінде аманшылығының садағасы деп дәм жасап, бөлісе жейтін. Бір жағы аты айтып тұрғандай амалдау, амал келтіру ғой. Заманына қарай бұл дәстүр де жаңа сипатқа ие болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл күн мерекеге айналды. Жалпыхалық тойлайтын, сәні мен салтанаты жараса, ұлттық дәстүрді ұлықтау үшін қауышатын мерекеге айналды. Ескіліктің көзін көрген қазақ қоғамында бұл күні алты ай қыста көрісуге мүмкіндігі болмаған жұрт құда-жекжаттарын, алыс ағайындарын, дос-жаранын түгендеп, сол арада дүниеден өткендері болса, көңілін сұрап, қазақы дәстүрмен асқа шақырып, дәм таттырған. Оған Мәшһүр Жүсіптің мына жазбасы да мысал бола алады: «Байырғы қазақ қоғамында «Наурызнама» жасауға шамасы келмегендер, жалғыз қой сойса да наурыз күні ауылға дәм таттырам деп қамданған».
Әрине, бұл жоралғы сол тұстағы өмір жағдайларына байланысты еді. Ал бүгінде мың шақырым жердегіні секунд ішінде, тіпті жүзбе-жүз бейнекөрсетіліммен тілдестіріп, көңіл сұрасуға мүмкіндік бар заманда бұл жоралғының жасалу жолы да ескірді. Дегенмен, қазақ дәстүріне берік қой. Оның да орайын келтіріп, бүгінде арнайы құдаларын, достарын дастарқан басында қосып, көрісіп, дәстүр жалғай, татулығын нығайта түсуде. Бұл жерде айта кететін жайт – қазақ наурыз мерекесі қарсаңында арнайы Құдайыға деп атаған малы болмаса, «пышақ қандамаған». Ол дегеніміз «малға кесірі тимесін, қалған азықтан обал болмасын» деген ниетпен мал төлдеп болғанша, оған кесірін тигізбеген. Ал елге ұсынылатын тағамның бәрі де өткен қыстан қалған сыбаға еттен жасалған, – дейді Назым Қожамар. Халық түсінігінде бұл күні айтылған жақсы сөздер мен тілектер жаңа жыл бойы орындалады деген сенім бар. Сондықтан адамдар бір-біріне тек жақсылық тілеп, көңілдерін көтеруге тырысады.
Көрісу күні – халықтың адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін мереке. Жастар үлкендерге құрмет көрсетуді осы күн арқылы тағы бір рет сезінеді. Үлкендердің батасын алу – қазақ қоғамында әрқашан қасиетті ұғымдардың бірі. Сол себепті Көрісу күні жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің мәнін түсіндіретін маңызды дәстүр болып саналады. Бұл мереке адамдарға бір-біріне мейіріммен қарауды, бауырмал болуды, қиындықта бір-біріне демеу болуды үйретеді. Сондықтан да оның тәрбиелік маңызы өте зор.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
№5 Модуль «Дауыс беру учаскесін қалай табуға болады?»
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




