«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өндірістегі жазатайым оқиға: әділдік пен заң талаптары

Өндірістегі жазатайым оқиға: әділдік пен заң талаптары
Автор
Тараз қалалық сотында өндірістік жарақатқа байланысты азаматтық іс қаралды. Іс барысында еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алған жазатайым оқиға, қызметкердің денсаулығына келтірілген зиян, сондай-ақ жұмыс берушінің жауапкершілігі мәселелері жан-жақты зерттелді. Сот талқылауы барысында ұсынылған дәлелдер мен құжаттар, сараптамалық қорытындылар және тараптардың түсініктемелері мұқият зерделеніп, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес құқықтық баға берілді.

Аталған іс бойынша талап қоюшы ретінде азамат А., ал жауапкер ретінде өндірістік кәсіпорын «Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды. Сонымен қатар іс бойынша даудың нысанына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде еңбек инспекциясы органының өкілі де қатыстырылды. Сот талқылауы ашық форматта өткізіліп, тараптардың уәждері тыңдалды. Іс материалдарына сәйкес, азамат А. 2022 жылғы тамыз айында кәсіпорынға балқытушы қызметіне жұмысқа қабылданған. Еңбек шартына сәйкес ол өндірістік цехта жұмыс атқарып, металлургиялық процестерге қатысқан. Алайда сол жылдың қазан айында өндіріс орнында жазатайым оқиға орын алып, қызметкер ауыр жарақат алған. Тергеу барысында анықталғандай, өндірістік апат цех аумағындағы қауіпті аймақта болған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, бұл аумаққа кіруге тыйым салатын арнайы белгілер мен қоршаулар орнатылған. Дегенмен, қызметкер өз бетінше аталған аумаққа кіріп, пеш маңындағы қауіпті аймақта орналасқан фосфор шламының жинақтаушысына құлаған. Соның салдарынан оның денсаулығына ауыр дәрежедегі зиян келтірілген. Оқиға орын алғаннан кейін еңбек заңнамасына сәйкес арнайы тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде комиссия жазатайым оқиғаның мәнжайын жан-жақты зерделеп, тиісті акт жасады. Комиссия қорытындысында қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталып, жазатайым оқиғаға қатысты кінә деңгейі белгіленді.

Аталған қорытындыға сәйкес, қызметкердің өзі еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан оның кінәсі 70 пайыз деп танылды. Сонымен қатар өндірістік бақылауды толық деңгейде ұйымдастырмау жағдайлары ескеріліп, кәсіпорынның жауапкершілігі 30 пайыз мөлшерінде белгіленді. Сотта қаралған медициналық құжаттар мен сараптамалық қорытындылар қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның ауыр екенін көрсетті. Дәрігерлікконсультациялық комиссияның қорытындысына сәйкес азамат А. бас миының ауыр жарақатын алған. Жарақаттың салдарынан оның миына күрделі операция жасалып, бірқатар асқынулар тіркелген. Медициналық құжаттарда мидың контузиясы, операциядан кейінгі күрделі жағдай, когнитивтік бұзылыстар, сондай-ақ симптоматикалық эпилепсия сияқты диагноздар көрсетілген.

Жарақаттың салдары ұзақ уақытқа созылып, азаматтың еңбек ету қабілетіне де елеулі әсер еткен. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша оған екінші топтағы мүгедектік белгіленіп, жалпы еңбек ету қабілетінен 70 пайызға айырылғаны анықталды. Бұл жағдай оның өмір сүру сапасына, әлеуметтік жағдайына және отбасылық тұрмысына елеулі әсер ететіні сөзсіз. Іс материалдарынан белгілі болғандай, жазатайым оқиғадан кейін кәсіпорын белгілі бір әлеуметтік қолдау шараларын көрсеткен. Атап айтқанда, кәсіпорын тарапынан денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы төленген, еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша төлемдер жүргізілген, сондай-ақ ұжым тарапынан материалдық көмек көрсетілген.

Бұдан бөлек, қызметкер өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру компаниясынан да белгілі бір төлемдер алған. Соған қарамастан, азамат А. өзінің денсаулығына келтірілген зиян толық көлемде өтелмегенін алға тартып, сотқа талап арызбен жүгінді. Талап арызында ол өндірісте алған жарақат оның өмірін түбегейлі өзгерткенін, қазіргі уақытта тұрақты түрде ем қабылдап жүргенін және болашақта да ұзақ мерзімді оңалту шаралары қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өзінде кәмелетке толмаған балалары бар екенін, денсаулық жағдайының ауырлығына байланысты отбасының әлеуметтік жағдайы қиындағанын жеткізді. Осы мән-жайларды негізге ала отырып, талап қоюшы денсаулығына келтірілген зиян үшін ірі көлемдегі өтемақы, материалдық шығындар мен моральдық зиянды өндіруді сұрады.

Сонымен қатар ол сотта мүддесін қорғаған өкілдің қызметіне кеткен шығындарды да өндіріп беруді талап етті. Ал жауапкер кәсіпорын өкілдері талап арызбен келіспейтінін білдіріп, жазатайым оқиғаға қызметкердің өз әрекеті себеп болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, қызметкер қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, тыйым салынған аумаққа өз бетінше кірген. Арнайы комиссияның қорытындысы да осы жайтты растаған. Сондықтан кәсіпорын өкілдері талап арызды толық көлемде қанағаттандыруға негіз жоқ деп есептеді. Сот азаматтық істі қарау барысында барлық ұсынылған дәлелдерді жанжақты зерттеп, тараптардың уәждерін тыңдап, қолданыстағы заң нормаларын басшылыққа алды.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес, азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян кінәлі тұлға тарапынан өтелуге тиіс. Сонымен қатар зиянның мөлшерін анықтау кезінде нақты мән-жайлар, кінәнің дәрежесі және ұсынылған дәлелдер ескеріледі. Істі қарау барысында жазатайым оқиға кезінде қызметкердің қауіпсіздік ережелерін бұзғаны анықталғанымен, жұмыс беруші тараптың да өндірістік қауіпсіздік талаптарын толық қамтамасыз етпегені назарға алынды.

Осыған байланысты сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Сот шешіміне сәйкес, жауапкер кәсіпорыннан азамат А-ның пайдасына денсаулыққа келтірілген зиян үшін ақшалай өтемақы, материалдық шығын және моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар мемлекет пайдасына тиісті мемлекеттік баж да өндірілді. Ал талап арызда көрсетілген өтемақының қалған бөлігі дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты қанағаттандырылмады. Бұл іс өндірістегі қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші де, қызметкер де қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Өндірістік процестерде орын алатын кез келген салғырттық немесе ережелерді елемеу ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Сондықтан өндіріс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлерді жүйелі түрде оқыту және бақылауды күшейту – еңбек қатынастары саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, қаралған іс еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне қоғамның назарын аударып, заң талаптарын бұлжытпай орындаудың маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Сот шешімдері тек нақты дауды шешіп қана қоймай, құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етеді.

 

Айнұр ҮСЕНБАЕВА

Тараз қалалық сотының судьясы

Ұқсас жаңалықтар