Өткен жылдан бастап облыстық офтальмологиялық орталықтың қызметіне витреоретиналдық хирургия енгізілді, бұл – көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар. Бұрын өңір пациенттері үшін қолжетімсіз болған бұл қызмет енді облыс аумағынан шықпай-ақ көру қабілетін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Орталықта Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен торлы қабықшаның лазерлік коагуляциясы, катаракта мен глаукоманы хирургиялық жолмен емдеу қарастырылған. Торлы қабықшаның сылынуы, қант диабетінің салдарынан көздің шыны тәрізді денесіне қан құйылулар, жарақаттан болған көзбұршағының торлы қабықшаға люксациясы, көздің барлық қабықшаларының қабынуы, макулярлық жыртылу диагнозы бар пациенттер үшін жаңа мүмкіндік ашылды. 2025 жылдың наурыз айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 100- ден астам витреоретиналдық операция сәтті жасалғанын да айта кету керек.
– Облыстық офтальмологиялық орталық – күн сайын дәрігерлер адамдарға ең қымбат құндылық саналатын көру қабілетін қайтаруға көмекте сетін өңірдегі жетекші клиника. Мұнда жоғары технологиялар көпжылдық тәжірибемен ұштасып, пациенттердің сапасы мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұрады. Орталықтың тарихы 1996 жылдан бастау алады. Өз қызметі барысында мекеме коммуналдық кәсіпорыннан халықаралық сапа стандарттарына сай заманауи медициналық орталыққа дейінгі даму жолынан өтті. Әрбір даму кезеңі бір мақсатқа бағытталды, ол – Әулиеата өңірінің тұрғындары мен бүкіл Қазақстан халқы үшін офтальмологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Негізгі мақсат – профилактикаға, дәл диагностикаға, тиімді емдеуге және оңалтуға негізделген қолжетімді әрі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету. Орталықтың ұстанымы – озық технологиялар мен әлемдік үздік тәжірибелерді енгізу арқылы офтальмология саласының көшбасшысы болу. Заманауи диагностикалық база көз ауруларын ең ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық Verion, Argos, IOL-master аппараттарымен, OCT-ангиографиямен, электрофизиологиялық және лазерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл диагнозды дәл қоюға және емдеу тактикасын дұрыс таңдауға жоғары деңгейде қол жеткізеді, – дейді орталық бас дәрігерінің орынбасары Жансая Садықова.
Орталықтағы барлық қызметтермен, құрал-жабдықтармен таныстырған Жансая Әділханқызының айтуынша, қазір бұл орталық офтальмологиялық қызметтердің толық спектрін ұсынуда. Атап айтқанда, заманауи жабдықтармен дәл диагностика, жетекші мамандардың консультациялары, дәрі-дәрмекпен және физиотерапиялық ем, лазерлік операциялар, микрохирургиялық және витреоретиналдық араласулар, көз ауруларын хирургиялық емдеу, көзілдірік пен байланыс линзаларын іріктеу қызметтері көрсетіледі. Орталық МӘМС және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, сондай-ақ ақылы негізде де қызмет көрсетеді.
Орталық қызметінің талдауы оң динамиканы көрсетіп отыр. Ол операциялар саны жыл сайын артуымен, операциядан кейінгі асқынулар деңгейі төрт есеге төмендеуімен, хирургиялық белсенділіктің 100 пайызға жетуімен байқалады. Мұны медициналық көмектің жоғары сапасы мен халық сенімінің айқын көрсеткішіне балады мамандар. Қабылдау бөлімі арқылы жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 1500-ден астам пациент ауруханаға жатқызылады. Травматологиялық пунктте 15 мыңнан астам пациент қабылданады. Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді.
Күндізгі стационарда 2000-нан астам операция жасалады. Тәулік бойғы стационарда жыл сайын 1500-ден астам хирургиялық араласу орындалады. Ақылы бөлімде 5000-нан астам операция жүргізіледі. Орталықтың ерекше мақтанышы – шұғыл қызмет. Ол бүкіл облысты қамтып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тәулік бойы, аптасына 7 күн, 24 сағат жұмыс істейді. Травматологиялық пункт барлық көз жарақаттары мен жедел қабыну ауруларын қабылдайды, ал кезекші дәрігерлер күннің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын.
Орталықта ең күрделі жағдайларда көру қабілетін сақтап қалуға бағытталған шұғыл операциялар жасалады. Бүгінде мұнда 150-ден астам маман еңбек етеді. Офтальмологтар, хирургтер, мейіргерлер және техникалық қызметкерлер қатарында елімізде және шетелде тағылымдамадан өткен, заманауи әдістерді меңгерген жоғары және бірінші санатты дәрігерлер бар. Орталықты «Құрмет» орденінің иегері, көптеген медальдар мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иегері, бас директор Қайрат Әбдікұлов басқарады. Оның көшбасшылығы мен стратегиялық көзқарасы орталықтың қарқынды дамуына және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал, бас дәрігері – Еуропалық катаракталық және рефракциялық хирургтер қоғамының мүшесі, Жамбыл облысының штаттан тыс бас офтальмологы, жоғары санатты офтальмохирург Бақыт Досжанова.
– Орталық табысының құпиясы – кәсіби команда. Осындай білікті жетекшілердің басшылығымен еліміздің ең үздік офтальмолог дәрігерлері мен хирургтері еңбек етуде. Жас мамандар кадрлық резервті қалыптастырып, өңір офтальмологиясының болашағын қамтамасыз етіп отыр, – дейді бас дәрігердің орынбасары Жансая Садықова.
Операциялық бөлімдерде Centurion және Constellation заманауи жүйелері орнатылған. Олар әлемнің жетекші клиникалары деңгейінде микрохирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жыл сайын 20 мыңға жуық жаңа туылған нәрестеге екпе егіледі
- 5 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




