«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...»

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...»
Автор
Еліміздің қазіргі әнұранының авторы, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов біздің Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы маңында негізінен дүнгендер тұратын Жалпақтөбе ауылы жанында Талас өзенінің жағасынан үй салып, сонда тұрмақ ниетпен, үйдің фундаментін қалап, оның қасынан машинасына гараж тұрғызып, сол баспанада композитор ағамыздың 17- 18 жыл тұрғаны (сол жылдардағы жергілікті билік иелері неге оған қолұшын бермегені көпшілік үшін жұмбақ болып келеді), осы өңірде оның ондаған тамаша туындылары өмірге келгені туралы біреу білсе, енді біреу білмес. Олар – «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Келін келді», «Алмас», «Сағынышым менің», «Саған айтам...», т.с.с.

1986 жылы Шәкең соқырішекпен (жіті аппендицитпен) ауырып, облыстық аурухананың хирургия бөлімшесіне түсіп, хирургиялық ота жасатқаны бар. «Отбасы Алматыда, елге сыйлы, аты айтулы ағамыз қиналып қалмасын, жата тұрсын», деген оймен ауруханадан шығаруға асықпадық, Емделуі бір айға жуық созылды. Кешкі кезекшілік кезінде уақыт тауып, шайға шақырып, әңгіме-дүкен құру біз үшін бір керемет дүние еді. Шәкең әңгіме айтудың шебері, әзіл-қалжыңы да керемет. Бірде, реті келгенде, ел арасында ерекше сүйінішпен айтылатын «Ана туралы жыр» әнінің қалай жазылғанын сұрадым.

– Е, Сағындық, доқтыр інім, әр әннің өз тарихы, өз жолы бар. Іштен шыққан әр ән туған балаңдай, қимас, ыстық дүние. Дүниеге талай ән келеді. Бірақ халық арасында олардың ішінен тұрақтайтындары шамалы. Жазғы көбелектей ғұмыры бір айлық, бір жылдықтары да бар. Жұрттың есінен тез-ақ шығып кетеді. Желпіп өткен желдей өтті, кетті. Жалпы халыққа жағып, есінде қалатын, ұзақ жасайтын ән туғызу кім болса соның қолынан келе бермейді. Ән жазсам, таза жүректерге тамыр жаятындай етіп жазғым келеді. Аз жаз, бірақ саз жаз. Ұрпақтан ұрпаққа ауысатын ән жазу үшін елдің тарихын, салт-дәсүрін, жұрттың көңілін, жүрек дірілін, сана-пейілін, ішкі дүниесін жаныңмен, жүрегіңмен ұға білу керек. Сонда ғана жазған туындың өмірлі болады. Мен ондаған әндердің авторымын. Бірақ солардың ішінен ерекше қимастықпен еске алатын екі әнім бар. Соның бірі – жүрек толғауымен шыққан «Менің Қазақстаным» болса, екіншісі – анама арнап шығарған «Ана туралы жыр» әні. Бұл шығармам сәби жүректің анаға деген сөнбес махаббаты десек, жаңылыспаймыз.

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,

Даланың әр гүлін жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың қанатын самғаған

Балалық құштарым өзіңе арнаған.

 

Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің,

Самал жел саябақ, құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін,

Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын.

 

Өтеуге борышым анашым, жан сырым

Іздедім сен үшін әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені

Сыйлар ем ай-күнін, қолыма түспеді.

 

Ете гөр қанағат, әзірге берерім

Балалық махаббат, балалық жүрегім.

Бол риза анашым, қолдағы осы бар

Өзіңе арнаған әнімді қосып ал».

«Ана туралы жырдан» кім болмасын жүрегінен жол тауып, көңілге медет тауып, дәтке қуат алады. Енді, сол әнімнің тарихын асықпай айтып берейін. Алматыдағы консерваторияда оқып жүрген кезім еді. 1959 жылдардың шамасы болатын. Аурушаң анам Сақыпжамалға ауылға барып, бір-екі күн қасында болып, кері қайтарымда анам көздері мөлдіреп, қимай қарап отырып, маңдайымнан иіскеп батасын берді. «Қайда жүрсең де аман бол, балам. Салған әндерің ұзаққа жетсін, айтылмай жатып үзілмесін», – деген тілегін айтты.

Жалғыз ауыз сөзде қаншама салмақ жатыр десеңізші. Сөзіне қарағанда анам баласын, мені қапысыз танығандай сезіндім. Білмеймін. Анам сол сәтте ғұмыры ұзаққа созылмасын, ажал уақыты жақындағанын сезді ме екен, жарықтық. Әйтпесе, Алматыдағы мені Шәуілдірге арнайы шақыртып, аналық мейірімімен маңдайымнан иіскеп, ақтық сөзін айтар ма еді?! Мен сол сәтте анамның тағы бір айтқан сөзін есіме алдым. Түу сонау Қиыр Шығыста әскери борышымды атқарып келгенімде анам «Балам, үйленіп шаңырақ көтер, мен немере сүйіп, арманымнан шығып кетейін» деп еді-ау. Ана тілеуі бұлай болғанымен, адам баласы қалағанының бәрі орындалған ба мына мың құбылған өмірде. Әртүрлі жағдайға байланысты үйлене қоймадым.

Айтушыларға сенсек, шешеміз Сақыпжамал төре затынан еді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жау қолынан қапыда қаза тапқанда, кіші әйелін інісі Жәңгір төре алады. Осы кісілерден туған ұлдың бірі – атақты Шәді ақын, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар өмірін жырмен кестелеген тұңғыш қазақ. Қазақ ислам әдебиетінің негізін салушы. Анам Сақыпжамал да осы тектен екенін кәріқұлақ қариялар айтады. Менің шешем ауылдың сыртындағы бейітте жатыр, әкемнің қасында. Ол кісі өмірден жас кеткен адам. Ұзақ уақыт ауырды. Ақыры сол аурудан дүние салды. «Анаңды Мекеге қырық рет арқалап апарып, әкелсең де ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз бар қазақта. Сол ақ сүтінің бір белгісі болсын деп мен 1959 жылдан бастап ана туралы ән жазуды ойға алдым. Ол міндетімді кештеу болса да орындадым деп ойлаймын. Халық арасына кеңінен таралып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін салатын «Ана туралы жыр» туындының дүниеге келу жолы тұнған трагедия.

Анамның қайтыс болғанда, жетісі мен қырқын өткеріп қойған соң бір-ақ хабар жетті. Оған дейін Сақыпжамал анамыз хал үстінде төсек тартып жатқанда ағайындарым телеграмма жөнелткен екен. Алайда қайта, қайта адресімді өзгертіп жүрген менің қолыма жеткен уақытынан бір жарым ай асқанда барып тиді. Туған ауылым Шәуілдірге жетіп, анамның суыған топырағын құшып қалдым. Жетісі мен қырқына дейін атқарылып қойған. Содан өкініш өзегімді өртеп, ауылымда қырық күн аза тұтып жаттым. Сол 1959 жылдан бастап анама ән шығаруды мақсат еттім. Ой үстінде жүргенімде, біраз уақыт сырғып өте шықты. Ән арада екі жыл өткенде ғана, яғни 1961 жылы туды.

Екі жыл өткенде анам түсіме кіріп, күлімдеп разылығын білдіргені бар. Содан кейін ғана дүниеге ән ырғағы, әуен келді. Екі жыл бойы мазалап шықпай жүрген ән келді. Азабы мен ғажабы мұнымен де шешіліп кетпеді. Дүниеге ән келген соң оған лайықты сөз жазылуы керек. Әдетте әнін жазып болғанда өлеңін кімге жаздыру керектігін бірден пайымдап, шешіп қоюшы едім. Бұл жолы ондай болмады. Лайықты мәтінге тапсырыс беретін ақын таппай қиналдым. Мен дегенде авторлардың көбі жүрексінеді. «Шәмшінің анасын жоқтай алмай қалам ба?» деген күдікпен алмай қояды. Сөйтіп, біраз уақыт жүріп қалғаным бар. Әнді күндердің күнінде отыз мәрте жазып, ішінен ең сұлуын таңдап, соңғы жазғанымды Әбілахат Еспаевқа тыңдаттым.

Тыңдап болған Әбекеңе енді осыған лайықты сөз жазатын ақын таппай жүргенімді айтқанда, ол кісі бірден Ғафу Қайырбековті атады. Жақында оның да анасы о дүниелік болғанын есіне алды. Сонымен Әбілахат ағам арқылы Ғафекеңді іздеп таптым. Сөйтсем екеуміз тағдырлас болып шықтық. Анасы қайтқанда менің басымнан өткен жағдай Ғафуда да қайталанған екен. Ғафекеңнің туған анасы ертеректе қоштасқан фәнимен. Болашақ ақынды туғанында ағасының әйелі бауырына салып алған да, ол кісі Ғафекеңнің туған шешесіндей болып кетеді. Сол анасы бақиға аттанғанда уақытында жете алмай қапа күйі жүреді де, мені кездестіреді.

Атақты ақын ағамның құлағына тиген ән көп ұзамай құйқылжып, тамылжып ала жөнелді. Әннің бағына қарай сөзі де құйылып түскенін бүгінде бұл туынды барша қазақтың жүрегінен орын тапқанымен түсіндірсем жеткілікті. Аналарымызға мәңгілік ескерткіш қоймақшы болған біз, Ғафу аға екеуміз, ақын мен сазгер осылайша күллі аналарға мәңгі өлмес ескерткіш соғып кеттік деп ойлаймын», – деп аяқтады әңгімесін Шәкең терең күрсініп, алдындағы пияладағы суи бастаған шайын қолына алды...

Қазақ әнінің падишасына айналған, көрнекті композитор Шәкеңнің анасына деген сағынышы мен құрметін «Ана туралы жыр» әні арқылы жеткізген. Бұл ән кез келген жанның жүрегін елжіретіп, анаға деген сағыныш сезімін оятады. Себебі, бұл ән жүректен, анаға деген шексіз мейірім мен махаббаттан туған тебіреніске толы ән. Кім болмаңыз, адам өмірінде ананың алар орны ерекше. Әлем әміршісі атанған Шыңғыс хан «Таңдайымды аққа жарытып, борбайымды боқтан арылтып, аяғымды үзеңгіге, қолымды аттың жалына жеткізген анама мың тағзым», – деген екен анасы алдында басын иіп.

Бұл да анаға деген шексіз құрмет. Ия, «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» сөзінің иесі, қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков үлкен жүрекпен, алапат сезіммен жазғанын байқау қиын емес. «Ана туралы жырды» қағаздан оқып бастасаң болды, ән өз ырқына көндіріп, өзіне еріксіз тарта береді. Жүрекке, көңілге жатталып, сіңіп қалғаны сонша поэзиясын оқи қоймаққа бекінсең, әуені жетелеп алып жөнеледі. Бұл ән жалғыз анаға қатысты емес, байтақ далаға да айтылып тұрғандай сезіледі кейде. Қазақ Жер-Ана дейді ғой. Махаббат атаулының бәрі бастауын анадан алады. Туған жер дейсіз, ол да ана. Туған ел, Отан дейсіз, ол да ана. Алғаш есің ауып ғашық болған махаббаттың себепшісі бойжеткен қыз – ол да болашақ ана, сүйген жар. «Сол даланың қызы еді ғой, Жүрек алғаш сүйгені» (Қуандық Шаңғытбаев). Демек, осынау әнде айтылғандай, «әлемнің жарығын сыйлаған ана».

Сүйікті анасының рухына өлмейтін, жүректі тербейтін әсем ән жазып, мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен Шәмші ағамыздың Жаратушы Ием сыйлаған, табиғат берген ерен талантына бас иеміз! Оның сәбилік сезімтал, нәзік жүрегінің түбінен бұлқынып шыққан, жібектей төгіліп тұрған «Ана туралы жыр» әні аналарға арналған ұлы гимн, аналарымызға тағзым десек жаңылмаймыз. Шәмші Қалдаяқовтың бұл әнін естіген бойда кез келгеннің жүрегі елжіреп, анасына деген ыстық сағынышы басылады. Ия, ана туралы әлі де талай керемет, әдемі, әсем әндер жазылар.

Жарық дүние сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп, аялап ұрпағын өсірген, бойларында даналық пен мейірім шапағаты мол аналарға деген құрмет қай кезде де өлеңмен, жырмен, әнмен өрнектелген. Бірақ, шығармашылық талантын көпшілік мойындаған композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жырының» орны айрықша. Дүниеде ең асыл, мейірлі адам ана ғой, шіркін! Лайым, асыл да әзиз аналарымыз аман болып, бақытты да баянды ғұмыр кешіп, жүздерін мұң шалмай, мына жарық әлемге шуақты нұрларын молырақ төге бергей!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының Алтын белгі иегері.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар