«Мәриям Жагор деген орыс қызы,
Он алты-он жетіге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып
Сондағы Мариямның айтқан сөзі
Дудар-айым, дудым
Бір сен үшін тудым Шіркін-ай, дудара-ри, дудым!» – деген белгілі ән бар емес пе.
Қазақ жігіті мен орыс қызының арасындағы бұла махаббаттан туған ән деседі. Екі ұлт жастары арасындағы нақ осындай сүйіспеншілік оқиғасы өткен ғасырдың басында біздің өңірде де орын алған екен. Соны әңгімелеп бермекпін. Менің әжем Берікбала қараторылау келген, дөңгелек көзді, қыр мұрынды көрікті кісі болды. Киіз басу, сырмақ оюлап, алаша тоқуды жақсы білген. Небір ертегілер мен «Қозы-КөрпешБаян Сұлу», «Қыз Жібек» жырларын керемет айтатын. Ата-бабалар тарихына да жетік болатын. Бір күні әжемнен көптен көкейімді тескен бір жайдың сырын сұрадым. Байдаш деген құрдасымның (сол Байдаш Керімбеков кейін Қордай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды) анасы Айсара өңі аққұба, көздері көкшіл, шашы сарғыш, біртүрлі қазаққа ұқсамайтын еді. Ал, қазақша сөйлегенде қазақтарды жаңылдыратын. Соның себебін сұрадым.
– Балам, дұрыс байқапсың, ол келіннің ұлты орыс, Жабрайылдың қызы, – деп бір қызықты хикаяның ұшын шығарды. Жергілікті жұрт Жабрайыл деп атап кеткен кісінің шын аты-жөні Гавриль Маховиков екенін кейін білдім. Сонда Айсара апамыз – Александра Гавриловна Маховикова болады. Оның атасы ақ патша заманында Қордайға қоныс аударып келіп, болыстың көмекшісі болып істеген көрінеді. Гавриль ауылдың төмен жағынан үй тұрғызған, бес-алты баласы болған. Кенже сары қызы ауылдың балаларымен бірге ойнап өсіп қазақ тілін жетік меңгеріп алады. Жұрт оны сарғыш шашына бола Алтыншаш атап кеткен-ді. Ауыл балаларымен алысыпжұлысып ойнайтын АлександраАлтыншаш батыл қыз болыпты. Сүйенгені үнемі тиісерге қара таппай жанығып жүретін бес бірдей тентек ағалары. Үйлерінде мылтықтары бар деп жұрт олардан ығып жүретін. Жылдар өтіп, бой жете келе орыс қыз ауылдағы Данияр деген кісінің кенже ұлы Райымжанмен көңілі жарасады. Ол орта бойлы, шымыр денелі, күресте барлық қатарластарын жығып жүрген, қыздар қызыға қарағандай балуан тұлғалы жігіт екен. Оны бүкіл ауыл Жалпақ атап кеткен. Алтыншаштың үлкен ағасы бұл кезде үйлі-жайлы болып Жагорскийде (Георгиевка) тұратын. Қыз Пішпекте оқып, ағасының үйіне барып-келіп жүретін. Не керек, қыз Жалпаққа жатып кеп ғашық болады. Жігіт те оны ұнатып, екеуі бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын халге жетеді. Олардың кездесіп жүргені қыздың да, жігіттің де әке-шешесіне жетеді.
Данияр ұлына: – Балам, сен орыс қызбен жүр деп естідім. Ойбай, онда нең бар, әкесі де, бауырлары да адуын мінезді, ешкімге бет бақтырмайды, бізді қырып салады. Ақылға кел, тауға малға кет, бұдан былай ол қызға жолама, – деп азар да, безер болады. Александраның әке-шешесі де қызының әр қадамын аңдып үйінен шығармауға тырысады.
– О заманда бұ заман, орыс қызы қазаққа тигені қалай? Сен христиансың, ол мұсылман, жоқ бұлай болмайды. Бұл ауылға енді келме, Георгиевкадағы ағаңа кет, – деп кездесуге тиым салады.
– Бізге рұқсат бер, қазақтарды тәубесіне келтірейік, бұл оқиға біздің бетімізге салық, – деп қыздың ағалары да бір жақтан екіленеді. Махаббат өрті бір тұтанғасын қойсын ба, Алтыншаш пен Жалпақ есебін тауып бұрынғыдан да жиі кездесетін болды. Ешкімнің сөзіне құлақ аспады. Бір күні екеуі ақылдасты.
– Сен мені шын сүйсең тауға қашып кетейік, сен тау жақты жақсы білесің ғой, бір үңгір тауып сонда тұрайық, – дейді қыз Жалпақты мейірлене құшақтап. Бұл оқиға 1920 жылы болыпты. Жігіт қызды атқа мінгестіріп тауға алып кетеді. Қызы екі күн үйде болмағанға әке-шешесі Георгиевкадағы үлкен ағасының үйіне кетті деп ойлайды. Ол жаққа сұрау салса, қыз оларға бармаған. Сол-ақ, орыстарда абыр-сабыр, дүрбелең басталады. Әсіресе, қыздың ағалары өре түрегеледі.
Мылтықтарын алып қазақтарға келіп:
– Сендердің бала біздің қарындасымызды ұрлап кетті, екі күн болды үйге келмеді. Қайда алып кеткенін айтыңдар, әйтпесе өз обалдарың өздеріңе, бір-бірлеп атамыз, – деп тепсінеді. Орыс қызының ауылдағы Даниярдың баласымен кездесіп жүргенін білетін жұрт оның үйіне келеді.
Жалпақтың шешесі Үмітке:
– Айналайын, босқа қырылып қалмайық, мыналардың түрі жаман. Жалпақ пен қызды табайық, әйтпесе бұлар шетімізден атып тастаудан тайынбайды, – деп жалынады. Жалпақтың ағасы Нүсіпбек інісінің қайда екенін білсе керек, дереу атқа қонады. Оларды тауып, қыздың «өз еркіммен келдім» деген тілдей хатын алып келеді.
– Бұған сенбейміз, хатты қорқытып жаздырған болар? – дегесін, қыздың екі бауырын ертіп Нүсіпбек Жалпақтарға қайта барады.
Қыз бауырларына:
– Мен өз еркіммен келдім, бұл жігітті сүйемін, мені қинап алып қашқан жоқ, зорлық көрсеткен жоқ, – дейді. Бауырлары екеуін алдарына салып әке-шешесіне алып келеді.
– Мен бұл жігітті жанымдай сүйемін, адал, нағыз азамат. Рұқсат етіп, баталарыңызды беріңіздер, – дейді қыз ата-анасына да тайсалмай қарап. Совет өкіметі жаңадан орнап, әйел теңдігі, ұлттар бірлігі туралы ұран көтеріліп жатқан кез, екі жақ өзара ымыраға келеді. Сөйтіп, орыстың қызы қазақ шаңырағына келін болып түсті. Қазақтар той жасап, келіннің бетін ашты. Үлкендер некесін қиып, Александраға ұйқастырып Айсара деп келінге жаңа ат қойды. Олардың 1924 жылы Арзыхан, 1927 жылы Батыйхан деген қыздары, 1930 жылы Ерден, 1935 жылы Байдаш деген ұлдары өмірге келді. Осы Байдаш менің түйдей жасты құрдасым, қиыспас досым болды. Жалпақ пен Айсара «Күнбатыс» колхозы құрылғанда оған мүше болып кірді.
Жалпақ әйелінің үйретуімен орыс тілін жетік меңгеріп алды да, ақ егісте бригадир болып істеді. Айсара мектепте мұғалім болды. Колхозда Жалпақтың өскенін көре алмайтындар болыпты. Байгел атамның айтуынан білетінім, бір күні ауылдастар бірігіп қой сойып өздерінше отырыс жасайды. Сонда, Байдашқа тісін қайрап жүрген Толымбек деген кісі оған құйған араққа жасырып тотиайын қосып жіберіпті. Жалпақ содан ауырып бір жылдан соң қайтыс болады. Айсара төрт баламен жесір қалады. Олардың менімен құрдас баласы Байдаш мектепте үздік оқыды. 1951 жылы Пржевальскийдегі пединститутқа түсіп, 1954 жылы физика-математика факультетін бітіріп келді. Мектептерде математикадан сабақ берді. Қордай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды, одан кейін Жамбыл технологиялық институтының математика кафедрасында доцент болды. Қытай қызы Галямен бас қосып, Талғат атты ұлдары өмірге келді.
Айсараның үлкен ұлы Ерден «Ақтерек» совхозында жүргізуші болып жұмыс істеді. Айсара апамыз 1959 жылы 52 жасында өмірден өтті. Қайтыс болар алдында балаларына: «мені өз әкелерің Райымжанның қасына қойыңдар» деп аманаттапты. Өзінің орыс бауырларына да осындай тілек айтыпты. Ерден 1979 жылы, Байдаш 1994 жылы дүниеден қайтты.
Екеуінің де құлпытастарына «Райымжанұлы Данияров» деп жазылды. Ал олардың құжаттарындағы фамилиясы Керімбеков болатын. Енді неге бұлай болғанына тоқталайын. Райымжанды (Жалпақты) көре алмаушылар улап өлтіргеннен кейінгі жылдары біздің ауылға бір ұзын бойлы аққұба жігіт келіп жұмыс істепті. Орысша-қазақшаға жетік білімді екен. Отызыншы жылдары «халық жауларына» қарсы күреске қатысқан көрінеді. Руы – найман, есімі – Керімбек. Сол 1938 жылы төрт баламен жесір қалған Айсараға үйленеді, балаларын Керімбеков деп өз атына жаздырып қамқорлыққа алады. Менің жан досым Байдаштың Керімбеков болып жүргені содан.
Жоғарыда айтылғандай, Мәриям Жагорқызының – Мария Егоровна Рыкинаның (1887-1950) өзінің құлай сүйген дударбас өнерлі жігіті, кейін қосылған жұбайы Дүйсенге арнаған «Дударай» әнін білмейтін қазақ жоқ. Махаббат жасқа да, ұлтқа да қарамайды деп жатамыз. Соның бір мысалы біздің өңірде осылай тарихқа айналғанын көреміз.
Есімқұл ХАЛЫҚБАЕВ
әскери медицинаның ардагері, подполковник.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




