«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәрімізге нар Жамбылдың жолын берсін!

Бәрімізге нар Жамбылдың  жолын берсін!
adebiportal.kz
Ақын боп ел алдына шыққаннан соң,

Жырымызды Жамбылға бағыштаймыз.
Жүз жыл бойы жырлаған Жамбыл жайлы,
Жүз күн бойы жырласақ та тауыспаймыз.

Нар Жамбыл аты шыққан абыз ақын,
Тау тұлға тауда туған аңыз ақын.
Айтысса қарсыласын қапы қылып,
Жырласа сөздің майын тамызатын.
Өзі жүзге келгенше өлең айтқан,
Өлеңі мың жасайтын нағыз ақын.

Жүз жасаған Жамбылдай атамыздың,
Жас ұрпаққа әр сөзі құнды бүгін,
Қарсыластың барлығын шақ келтірмей,
Құйындата ақтарды жырды бұрын.
Жамбылды қалай жырға қосалмаймын,
Өзім Жамбыл көшесінің тұрғынымын.

Екі ақын бір-біріне қолын берсін,
Жас шыбықтар өскенде өнім берсін.
Қазыны шайнай берсе дәмі кетер,
Келесі ақындарға орын берсін.
Қарсыластың барлығын талқандаған,
Бәрімізге нар Жамбылдың жолын берсін!

Керімбай РАЙЫМБЕК,
Ы.Алтынсарин орта мектебінің
оқушысы.
Байзақ ауданы

 

Жырларың бар әр қазақтың аузында

Жыр дүлдүлі, Жамбыл ата – дарасы,
Сөз маржаны – халқымыздың панасы.
Домбырамен дала сырын толғаған,
Өлеңіңде ұлттың мәңгі санасы.

Қарт Алатау куә болған жырыңа,
Ел тағдырын қостың әрбір сырыңа.
Айтысқанда алдаспандай жарқырап,
Қайсар рух дарыттың сен ұлыңа.

Ғасыр өтсе, өшпес сенің даусың да,
Жырларың бар әр қазақтың аузында.
Жамбыл ата рухы мәнгі жасай бер,
Өнерің тұр биік асар тауымда.

Жыр нөсерін төктің талай заманда,
Халық мұңын жеткіздің сен далаңда.
Әділ сөзбен биік тұрдың әрдайым,
Ақиқаттың оты жанды жанарда.

Қоңыр үнді домбыраны қолға алып,
Ел намысын жырлап өттің толғанып,
Қиын шақта қаймықпадың дұшпаннан,
Шындық үшін тұрдың әркез арланып.

Жамбыл жыры – мәңгі өшпес асыл мұра,
Жүректерде жаңғырады ғасырларға.
Келер ұрпақ тағзым етіп алдыңда,
Өнеге етер сөзіңді өрен, жасындарға.

Мирас ЖАМАЛБЕК,

Айша бибі орта мектебінің
8-сынып оқушысы.

 

Тойға тарту

Ақындардың дарасы,
Ән мен жырдың сарасы.
Жамбыл бабам, армысың,
Қазағымның данасы!

Ешкімнің жоқ таласы,
Ақынның мерейтойында
«Жамбыл» деп ән салады,
Жер мен көктің арасы.

Жамбыл атам бұл тойын,
Дүркіретер қазақ баласы.
Жырлап өткен шындықты,
Екі ғасыр арасы.

«Өстепкеде» айтылды,
Қарны жуан билердің.
Қарадан алған парасы,
Адал мен арам арасы.

Жәкеңдей ақын бар ма екен,
Ешкімге дес берместен.
Оза шапқан бәйгеде,
Өлең-жырдың дарасы?!

«Фениксі», «феномен» –
«Гомері» болдың қазақтың.
Халқың көрген азаптың
Бәрін де айттың жырыңмен.
Қолдадың солай үніңмен!

«Үнің кетпес құлақтан,
Ағыны күшті бұлақтан».
Замандасы Абайдың
Көмейінен жыр аққан.

180 жасқа келіпсіз,
Құтты болсын тойыңыз!
Ешқашанда өлмейді
Айтып кеткен ойыңыз.

Баршагүл БАЯЛИЕВА,
ардагер ұстаз.
Тараз қаласы

 

Дала жүрегінің дүрсілі

Өлеңге айналдырған ұстағанын,
Поэзияға өрнек салған күшті адамым.
Өрілген өлеңіне тамсана мен,
Көз майымен бір емес, үш қарадым.

Ақынның қаруы сөз қорғанатын,
Домбырасы майданда қолға алатын.
Жамбыл ата баз кешкен халық үшін,
Ата арқылы болған ел қорғалатын.

Жырымнан шабыт тасып кетеді ме?
Нар тұлғаны жүрейік жеке біле.
Қазақтың аңызы мен абаданы –
Туылған Жамбыл таудың етегінде.

Жарапазан айтқан ұл біздің жаста,
Жамбыл атам соқпағы, жолы басқа.
Жамбылды қастерлейік, дәріптейік!
Сол айтарым ақынға, әрбір жасқа.

Жамбыл ата – айбынды жыр жампозы,
Өлеңдері мұра боп тұрған көзі.
Құдайға мың рақмет абаданды,
Сый ғып берген қазаққа сұлу сөзді.

Қандай жақсы азат боп таң күлуі,
Таң күлгенде қазаққа әр кіруі.
Мұрасы еркін елге ен байлық боп,
Жаңғырып тұр елімде Жамбыл үні.

Алыптың асыл жырын ұлықтаймыз,
Ұлы есімін мәңгілік ұмытпаймыз.
Маздақ жырмен жырлаймыз өр тұлғаңды,
Жүрекке сақтап мәңгі құлыптаймыз.

Әдебиеттің тұрған төрін сән қылып,
Рух беретін өлең ішін мән қылып.
Жамбыл жыры, Жамбыл сөзі санада,
Жүректе де жаңғырады мәңгілік.

Мерей ЖАМАЛБЕК,
Айша бибі орта мектебінің
10-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар